«Алматы – біздің ортақ үйіміз»: Мегаполисте 6 мыңнан астам орындық пен 12 мың қоқыс жәшігі ауыстырылады

9 Сәуір, 12:24 764

Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында қала аудандарында орындықтар мен қоқыс жәшіктері сырлана бастады, ал кей ауданда қоқыс жәшіктерін ішінара ауыстыру көзделген. Барлығы 6438 орындық пен 12627 қоқыс жәшігі боялып, 500-ы ауыстырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Медеу ауданында орындықтар мен қоқыс жәшіктерін 8 сәуірде күні бойы сырлау жоспарланған. Есентай өзенінің жағасында, Жамбыл бульварында, Назарбаев даңғылының шығыс жағындағы скверде, Қабанбай батыр мен Бөгенбай батыр арасында және «Дружба» скверінде орындықтар мен қоқыс жәшіктері сырланады. Барлығы 228 орындық пен 228 қоқыс жәшігін бояу жоспарланып отыр. Бұл жұмысқа 50 адам тартылды.

Бостандық ауданында екі апта бойы аудан аумағында, көше бойында, саябақтарда, скверлерде және т.б. жерлердегі бульварларда орналасқан 2 152 орындық пен 3 813 қоқыс жәшігін сырлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұған барлығы 12 бригада, 53 жұмысшы жұмылдырылды.

Алмалы ауданында сәуір айының соңына дейін 100-ге жуық адам мен 9 бірлік техниканы жұмылдырып, 4222 қоқыс жәшігі мен 1758 орындық сырланады. Олар Гоголь көшесінде, Мақатаев атындағы скверде және Северный скверінде.

Түрксіб ауданында алдағы 10 күнде Сейфуллин және Сүйінбай даңғылдары, Бұқтырма көшесі, Майлин көшесі бойындағы 100 орындық пен 100 қоқыс жәшігін, сондай-ақ Сейфуллин атындағы сквер мен Сейфуллин атындағы саябақта сырлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұған 4 жұмысшы бригада, барлығы 40 адам, сондай-ақ 6 техника жұмылдырылады.

Наурызбай ауданында 750 көшедегі және аялдамағы қоқыс жәшігін сырлау жоспарлануда. Бұл жұмыс наурыз айының соңында басталды. Қазіргі уақытта олар 60% аяқталды. Сонымен қатар, 500 жаңа қоқыс жәшігін сатып алуға өтінім берілді. Жандосов, Дәулеткерей, Карьерная, Бекешев, Кенесары хан, Нәдіров, Әшімов көшелерінде, сондай-ақ Алатау даңғылында сәуір айының соңында ауыстыру және монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған.

Жетісу ауданында орындықтар мен қоқыс жәшігін сырлау жұмыстары басталды, сәуір айының соңына дейін барлығы 3514 қоқыс жәшігі мен 2200 орындықты 30 адам сырлайды. Сүйінбай, Рысқұлов, Райымбек даңғылдарында, сондай-ақ Солтүстік айналма жол бойындағы нысандар боялады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: