Алматы әуежайында жолаушының зарядтау құрылғысы атылды

21 Қазан 2022, 15:40 1047

Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлім етті

Алматы қаласының әуежайында жолаушының рюкзагында болған зарядтау құрылғысы атылды, деп хабарлайды El.kz Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

«19 қазан күні халықаралық рейстердің ұшу залында тексеру рәсімінен өту кезінде Эйр Астана әуе компаниясының «Алматы — Бішкек» бағыты бойынша КС 109 рейсімен ұшпақ болған жолаушының портативті зарядтағышы (Power bank) өртенді.

Осы орайда «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Формальдылықты оңайлату департаменті қажет болған жағдайда кеңес алуға, рәсімінен өту кезінде авиакомпания мен әуежайлардың қызметкерлерін зарядтау құрылғыларының бар екендігі туралы хабардар етуге қатаң кеңес береді.

Қауіпті жүктерді әуемен қауіпсіз тасымалдау жөніндегі ИКАО-ның DOC 9284 техникалық нұсқаулығына сәйкес, қосалқы батареялар, соның ішінде қуат көздері (Power bank) қол жүгімен тасымалдануы керек. Сондай-ақ қысқа тұйықталудың алдын алу үшін олар өзінің қаптамасына салынуы керек. Немесе әр батареяны бөлек пластик пакетке немесе қорғаныс корпусына салу қажет.

Егер литий батареялары (жабдықта, не жабдықпен) жүк ретінде тасымалданатын болса, онда олар ИКАО техникалық нұсқаулығының қолданыстағы редакциясына сәйкес тиісті түрде декларациялануы, таңбалануы және буып-түйілуі тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, ұшу қауіпсіздігі әр жолаушының жауапкершілігіне де байланысты», - деді Азаматтық авиация комитетінен.

Бөлісу: