Әлеуметтік желілерде Алматы әуежайында ер адамның өзіне дене жарақатын салғаны туралы ақпарат тарады. Оқиғаға байланысты Көлік полициясы ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Полиция департаментінің мәліметінше, Алматы – Астана бағыты бойынша ұшуы тиіс жолаушы әуежайға уақытылы келіп, тіркеуден және тексеруден өткен. Алайда белгісіз себептермен рейске отырмаған. Ол шамамен төрт сағат күту залында болған соң санитарлық бөлмеге кіріп, өзіне жарақат салған.
Жолаушыға әуежайдың медициналық қызметі алғашқы көмек көрсетіп, кейін қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Әуежай жұмысы қалыпты режимде жалғасып жатыр.