Алматы әуежайында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Қытай Халық Республикасының азаматына көмек көрсетіп, қателікпен аударған қаржысын кері қайтарып берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Анықталған дерек бойынша, шетел азаматы қателесіп 970 000 теңгені бейтаныс адамға аударып жіберген. Оқиға ұшуға дейінгі жолаушылар тексеру аймағында болған. Ұшуға асыққан шетелдік азамат телефондағы қосымша арқылы ақша аудару кезінде абайсызда алушыны шатастырып алып, алушының есімінің алғашқы әріптерінің ұқсастығы оны жаңылыстырған.
Ұшаққа отыруға санаулы минуттар қалғанда, әрі тілді білмегендіктен, ол өте күрделі жағдайға тап келген. Қаражат кез келген сәтте шешіліп кетуі әбден мүмкін еді, ал уақыт өте тығыз болатын. Азаматтың дегбірі қашып, абдырап қалған сәтінде оған полиция аға сержанты Шыңғыс Тұраш пен жедел уәкіл Еламан Илебай бірден көмекке келгені айтылды.
Тәртіп сақшылары шұғыл түрде банкпен байланысып, аударымды бұғаттап, ақша алған тұлғаның жеке басы мен байланыс мәліметтерін анықтады. Жолаушыны ұшаққа отырғызу сәтіне дейін қасында болып, моральдық қолдау көрсеткен.
Мен қатты күйзелісте болдым: тілді білмеймін, уақыт тығыз, ал ақшам кез келген сәтте жоғалып кетуі мүмкін еді. Сол кезде полицей маған: “Досым, уайымдама, мен саған көмектесемін”, — деді. Ол уәдесінде тұрды. Қытайда біз: “Халықтық полиция – халыққа қызмет етеді” дейміз, дәл осыны мен Қазақстанда да сезіндім. Қазақстан полициясы тек өз азаматтарына ғана емес, көмекке мұқтаж кез келген адамға қол ұшын созады. Шын жүректен алғысымды білдіремін, — деді қытайлық Zuo Tenglong.
Алғыс ретінде ол әлеуметтік желісінде видео жариялап, қазақстандық полицейлердің жоғары кәсібилігі мен адамгершілігін, сондай-ақ азаматтығына, тіпті тіліне қарамастан, адамдарға көмек көрсетуге дайын екендігін атады.