Алматы академиясында Кемел Тоқаевқа арналған бұрыш ашылды

8 Желтоқсан 2022, 17:06 2952

ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаевқа арналған бұрыш ашылды, – деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

65 жылдық тарихы бар Алматы академиясында жазушы Кемел Тоқаевқа арналған бұрыш ашудың да өзіндік себебі мол. Аталған оқу орны құрылған алғашқы жылдардың өзінде-ақ курсанттардың патриоттық тәрбиесі мен рухани дамуына ерекше көңіл бөлінді.

Осы орайда курсанттар үшін Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлымен, партизан отрядының командирі Қ. Қайсеновпен, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдиновпен, С.Луганскиймен және атақты әнші Роза Бағлановамен, жазушы Мұхтар Әуезовпен кездесулердің маңызы ерекше болды.

Солардың ішінде Қазақстанда детектив жанрын дамытқан жазушы Кемел Тоқаевтың курсанттармен кездесуі олардың есінде мәңгі сақталатын жиын болған еді. Өйткені жазушының “Жұлдызды жорық”, “Ағын”, “Арнаулы тапсырма”, “Түнде атылған оқ”, “Сарғабанда болған оқиға”, “Таудағы жаңғырық”, “Соңғы соққы”, “Солдат соғысқа кетті”, “Қастаңдық”, “Ұясынан безген құс”, “Көмескі із” кітаптары мен қазақстандық чекистерге арналған “Таңбалы алтын” повесі курсанттардың қолынан түспейтін шығармалар еді.

Милиция мен мемлекеттік қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің өмірінен алынған оқиғалардың желісі қылмыскер қалай жасырынса да, қайда қашса да әділ жазадан құтылып кете алмайтындығымен құнды болды.

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов кезінде: – Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаев – қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Оқырмандарының өтініші бойынша Кемелдің кітаптары үш-төрт реттен қайта басылып отырды, –  деген болатын. Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази: – Кемел аға Тоқаевпен біз үнсіз табыстық. “Сарғабанда болған оқиға” хикаясын оқыдым. Ұнаттым. Ұнатып қана қойған жоқпын, таңғалдым. Кемел аға киелі қазақ әдебиетінің жаңа арнасын ашты. Шытырман оқиғалы шымыр шығармалар жазды. Кемел ағаның туындылары оқырман жүрегі деп аталатын алтын межеден бір-ақ табылатын. Кітаптары дүкен сөресінде бір күн де жатпайтын, – деген екен.

Алматы академиясында ашылған бұрышқа жазушының аталған оқу орнына келгендегі суреттері мен кітаптары, белгілі тұлғалардың Кемел Тоқаев туралы естеліктері қойылды. К.Тоқаевтың шығармаларын насихаттау мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта Алматы академиясында қазақ детектив жанры атасының шығармашылығын зерттеу мақсатында ғылыми конференция және конкурстар ұйымдастырылады.

EL.KZ
Бөлісу: