Алматының аспаны

27 Желтоқсан 2016, 15:00 9288

Экология

Эколог мамандардың айтуы бойынша, ірі қалаларда ауаға көмірқышқыл газының 80 пайызы автокөліктер әсерінен таралады. Сондықтан экология мәселесін шешуді осы саланы реттеуден бастаған жөн.

Қазіргі таңда болашақ энергиясы жайлы жиі айтылуда. Әсіресе, ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі жақындаған сайын осы сөздерді көп еститін болдық. Бүгінде халқымыз жарқын болашақ «жасыл» экономика мен энергетика саласының еншісінде екенін жақсы түсінді. Яғни, табиғатпен үйлесімде бола отырып қана ілгері жылжи аламыз. Осы орайда, бензинмен оталатын автокөліктен қуат алып жүретін электрокөлікке көшуді бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналдыруымыз керек. Нарықта электрокөліктер бар, бірақ әлі де кең қолданысқа ие бола алмай отыр. Әзірге, қолжетімді балама ретінде бензиннің орнына газды ұсынуға болады. Пропан газы бензиннен 25 пайызға, ал метан 45 пайызға таза болып келеді. Сондықтан да әлемнің көптеген елдерінде газбен оталатын автокөліктердің саны артуда.

Көлік экологиясына Алматы қаласының басқармасы да аса мән беріп отыр. Ірі мегаполистің ауа қабаты үшін бұл - бірінші санаттағы маңызды мәселе. Себебі қаланың өзінде 550 мың автокөлік тіркелген. Бұған қалаға жақын аудандардан келіп-кететін 300 мыңға жуық көлікті қоссақ, Алматының атмосферасына түсетін ауыртпалықты байқауға болады.

Жақында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша, автокөліктен шығатын улы газ қалыпты нормадан бірнеше есеге артқаны байқалған. Экологиялық жағдайдың нашарлауына қаланың географиялық орналасуы да әсерін тизуде. Биік таулар ауа массасының қозғалысын қиындатады. Сондықтан атмосферадағы зиянды қалдықтар ұзақ мерзімге дейін сақталады. Бұл жағдайлардың барлығы алматылықтарды отынның экологиялық түріне өтуге мәжбүрлеп отыр. Жаңашылдықты бірінші болып муниципальді автобус парктері әкелді. Бүгінде қаладағы мың жарым қоғамдық көліктің сегіз жүзі газбен оталады.

Жеке меншік көлік иелері де бұл үрдіске ден қоюда. Олар арнайы бекеттер арқылы көліктеріндегі қосалқы бөлшектерін газбен жүретіндей етіп алмастыра алады. Көпшіліктің автокөліктеріне газбаллонды қондырғыны орнатуына басты себеп – газдың  арзан болуы.

Мамандар ұсынған мәлімет бойынша соңғы он жылда газ моторлы автокөліктердің нарығы он жеті есе ұлғайды. Демек, газды бекеттердің де саны арта түсті. Осыдан бес жыл бұрын бізде жанармай бекеттері саусақпен санарлық болатын. Қазір Алматы бойынша саны 120 және бұлардың қатары күн сайын арта бермек. Дегенмен инфрақұрылымның даму деңгейі сұранысқа ілесе алмай келеді. Сондықтан жаңа бекеттердің құрылысы жол көліктерін экологияландыру қарқынынан қалыспауы тиіс. Қазақстандағы табиғи газдың қоры автокөлік иелерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті екендігін ескере отырып, экологиялық мақсатта газдандыру жұмыстарын жалғастырсақ Алматы аспанындағы қара бұлттың сейілері анық. 

Жазира Берғалиева
Бөлісу: