Мен көрген Алматы

14 Маусым 2018, 17:19 9112

Саяхат - өзімізді қайта іздеп табуға арналған ең ұлы ғылым...

Балалық шағы екі мыңыншы жылдарға дейін өткен орташа статистикалық қазақстандықтар үшін Алматы - ертегі қал, жұмақ шахар. Алматының апорты ең дәмді, көшелері ең әдемі, адамдары ең мәдениетті, түндері ең ғажайып. Деп ойлайтын едім бала кезімде. Сол образдар реалға сай келді ме, әлде...

Алдын ала тапсырыс берген қонақ үйге жету үшін бір жарым сағатымды жоғалттым. бұған кінәлі карта немесе қонақ үй администраторы емес... Кептеліс! Айтпақшы, Алматыны аралаймын десеңіз, 2ГИС жүктеп алыңыз. 

Жатын орын мәселесі  

Бұрын болмаған қалада баспанасыз қалмау үшін алдын-ала қонақ үй брондауды дұрыс деп шештік. Ол үшін www.booking.com, www.hometogo.ru сайттарын ақтарып шығып, өзімізге ыңғайлы болған отель бөлмесін белгілеп, онлайн-төлем жасадық. Қазір бәрі оп-оңай! Айтпақшы, вокзал маңында кем дегенде 5-6 кісі келіп, жалдамалы пәтерлерін ұсынған еді. Әдетте мұндай пәтерлер темекі иісі сіңген, сүлгі мен төсек орындары тозыңқы, көршілері жақтырмайтын болып шығады. Себебі сіз бұл пәтерді жалдаған миллионыншы есерсоқтың бірісіз. Бюджет жұқалау болса, хостельдерді қарауға кеңес беремін. Аты жаман естілгенімен, тәп-тәуір нұсқалар да бар. 

Ас-ауқат туралы

Алматы апорттар емес, дөнерлер қаласы дер едім. Дөнерханалар, түрік кафелері өте көп. Сонымен қоса соңғы уақытта арзан бірақ инстаграмға фотоға түсуге ұялмайтын асханалар желісі көбейді. Таныс Қағанаттан басқа да нұсқалар көп, мәселен Перекуcity, Madeni сияқты. Бұл ретте restoran.kz сайтынан қарап алуыңызға болады. Басқа қалалардан ерекшелігі Алматы нағыз смарт қала. баратын жер, қонатын тұрақ, ішер астың барлығы интернетте. Тіпті ұсақ түйек асхана, дүкен, салондардың барлығы баяғыда интернетке өтіп кеткен. Геолокациясы, суреттері, мәзірі, бағалары, клиенттер пікірі барлығы-барлығы интернетте.

Алматының mustsee жерлері

Көктөбе. Астанада болғаныңызды дәлелдейтін сурет Бәйтерек монументінің жанында түскен сурет болса, Алматыда - Көктөбе. Шынын айтқанда әдемі фото болмаса, аса қызық ештеңе жоқ. Кішкентай балаларға арналған алаңшалар болмаса. Бірақ қазір мұндай аттракциондар бизнес класты қарапайым тұрғын үйлердің есік алдында да бар. Сондықтан да бұл жерде жергілікті халықтан гөрі мен сияқты туристер көп. Көктөбеге нөмері 99 автобуспен жетіп алдық. Әрі қарай жоғары көтерілу үшін құны 300 теңгелік миркоавтобусқа отырдық. 1-2 сағаттық серуеннен соң, аспалы жолға міндік. Бағасы екі бағытқа 2000 тг.  

Медеу мен Шымбұлақ .«Медеу» табиғи паркі мен «Шымбұлақ» тау шаңғы шипажайы теңіз деңгейінен 2200-2500 метр биіктікте орналасқан. «Таза ауа бас айналдырады» деген сөздің  растығына осында куә боласыз. Мұнда да осы қос орынды жалғайтын ұзындғы 4,5 шақырымға жететін аспалы жолдар бар. Жасыл желекке оранған таудың әсемдігі мәңгілік көз алдыңызда қалады. «Медеу» мен «Шымбұлақтың» осындай кереметтілігіне көз тастағысы келетіндер жақын-алыс шетелден де ағылып жатқанын байқадық.  Алматыға келіп Медеу мен Шымбұлаққа көтерілмесеңіз... Түсінбеймін мұндай адамдарды. 

Бірінші Президент саябағы. Мұнда бара қалсаңыз, алдыңыздан 21 метрге жететін субұрқақ шыға келеді. Сол сияқты түрлі ырғақпен билеп тұратын көптеген субұрқақтар бар. «Алматының жеті кереметінің» қатарына кіретін демалыс орны түнгі 23:00-ге дейін жұмыс жасайды. Субұрқақтың сұлулығын көрем десеңіз қас қарая келіңіз. Ал парктің өзі жас болғандықтан әлі Панфилов паркі сияқты қаулап өскен жоқ.  

Ботаникалық бақ. Бұл бақта жасыл өсімдіктің 5,5 мың түрін кезіктіресіз, оның жүзге жуығы «Қазақстанның қызыл кітабына» енген. Бақты толық аралау үшін жаз мезгілінде 2-3 сағат уақыт қажет екен. Бақтың есігі сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін айқара ашық. Ересектерге арналған билеттің құны – 350 тг, зейнеткерлер мен студенттердің кіру билеті – 200 тг. Бұл бақ шуылдаған адамдарды аса жақтыра қоймайтын социопаттарға немесе ботаниктерге қызығырақ болар. 

Зоопарк пен Горький саябағы. Горький саябағы – отбасылық серуенге таптырмайтын жер. Мұнда 2000-нан аса өсімдіктер мен жасыл желектер өседі. 16 ірі атриакциондар келушілерге қызмет етеді. Сол сияқты жазды күндері құны 3500-4000 тг тұратын аквапарк бар. Тағы бір таң қаларлық баға  саябаққа кіру билеті. Бар-болғаны – 70 тг, ал зоопаркке кіру үшін 500 тг төлейсіз. егер сіздің қалада зоопарк болмаса, ойланбастан билет ала қойыңыз. Ал өркениетті елдердегі зообақты көрсеңіз, аквапаркке барғаныңыз жөн болар. Сонымен қоса паркте қайықпен, катамаранмен жүзгенді ұнататын қыдырушыларға арналған шағын көлшік те бар.   

Алматы Арбаты

Елдің аузында жүрген Арбат деген орын Жібек жолы көшесінің орталық алаңында орналасқан. Бұл жердің өзіне тән атмосфера бар. Қаланың рухы, иісі сезіліп тұратын сияқты. Бір жерде гитараның самбырлаған үні құлаққа шалынса, сәл төменірек жүрсеңіз құлағыңыз саксофонның үнін шалады.  Өнер сатылмайды деген фразаның шындыққа жанаспайтынын осы жерде түсінесіз. Саудаға қоылған картиналар музей экспонатынан кем емес. Асып кетпесе. Жалпы, Арбаттан шоу күтпеңіз, тек сол атмосфераға сүңгуге дайын келіңіз.  

Алматыға тән ерекшеліктер: 

Қала жоғары және төменге бөлінеді. Тауға қарай жоғары. Алматы-1 вокзалына қарай төмен. Бірақ ортасы дегенді естімедім. 

Алматы Қазақстандағы қоғамдық көліктің ең алуан түрлері бар қала. Қазір бара қалсаңыз трамвайдың рельстерін жасырып жатқан жол жұмыстарын байқауыңыз мүмкін. Өкінішті әрине. Дегенмен такси, автобус, троллейбус және метромен жүру мүміндігі бар. 

Ауа-райы ең құбылмалы қала. Таңертең күн бұлттанып тұрса да, түсте күн ештеңе болмағандай жадырап шыға келеді, ал кешке найзағай болуы қалыпты нәрсе. 

Алматылықтар ең еркін, өнерсүйер қауым. Оны жұрттың киген-киімінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен аңғаруға болады. Ал кешке қарай парктерге барсаңыз әжелер мен аталар вальс билеп, ән айтатын кештердің куәсі бола аласыз. Ұнайды маған Алматының әжейлері де. 

Алматы кеңестік кезеңдердегі көркем фильмдердегі образға мүлдем сай келмейді. Азат, сәл адуын, мейірімді, кейде қияли. Тіпті астана мәртебесінен айырылуы оған шектеу емес еркіндік бере түскен секілді...   

Бөлісу: