Аллергиясы бар балаларға арналған: шеберлер жібек талшығынан көрпе-жастық жасайды

Аллергиясы бар балаларға арналған: шеберлер жібек талшығынан көрпе-жастық жасайды

Диана Орынбасар
Фото: AI көмегімен жасалды

Жамбыл облысында қолөнершілер тұт ағашының жапырағымен жібек құртын өсіріп, одан алынған табиғи талшықты тұрмыстық бұйым жасауға пайдалана бастады. Қазір жергілікті шеберлер жібек талшығынан балаларға арналған көрпе-жастық тігіп жатыр. «Өшпес мұра» Жамбыл облыстық қолөнершілер қауымдастығының төрайымы Гүлнар Абдуллаева El.kz тілшісіне берген сұхбатында жібек шаруашылығын қолға алу тәжірибесі мен оны жергілікті қолөнерге енгізудің мүмкіндіктері туралы айтып берді.

60-жылдары егілген тұт ағаштары кәдеге жарады

«Өшпес мұра» қауымдастығының құрылғанына 22 жыл болған. Осы уақыт ішінде шеберлер негізінен жүнмен жұмыс істеп, киіз үй жабдықтарын, ұлттық киімдер мен түрлі қолөнер бұйымдарын жасап келген. Кейін дәстүрлі қолөнерге жаңа бағыт қосып, жібек құртын өсіруді қолға алған. Гүлнар Абдуллаеваның сөзінше, бұл жұмыс 2024 жылы басталған. Жібек құртын қоректендіруге Жамбыл облысындағы Жібек жолы ауылында өткен ғасырдың 60-жылдарында егілген тұт ағаштарының жапырақтары пайдаланылып отыр.

2024 жылдан бастап жібек құртын өсіруге кірістік. Жібек жолы ауылында 60-жылдары егілген, содан бері сақталған тұт ағаштары бар. Жібек құртын сол ағаштардың жапырағымен қоректендіреміз. Былтыр шамамен 50 келідей өнім алдық. Алғашқы жылғы өнімнің сапасы біз күткендей болмады. Биыл сапасы жақсарып, тағы да сол шамада өнім алдық, – дейді Гүлнар Абдуллаева.

Фото: Диана Орынбасар 

Оның айтуынша, қазір алынған пілләдан жібек талшығын шығарып, оны қолөнерге пайдалану жұмыстары жүріп жатыр.

Жібек талшығынан балаларға көрпе-жастық жасайды

Шеберлер өндірген жібек талшығын әзірге мата тоқуға емес, дайын бұйымдардың ішкі толтырғышы ретінде қолданып отыр. Негізгі өнімдердің бірі – балаларға арналған көрпе-жастық.

Қазір өзіміз өсірген жібек құртының талшығынан кішкентай балаларға арналған төсек-жабдықтарын жасап жатырмыз. Жастық, көрпеше, жамылатын көрпелер тігеміз. Бағасы шамамен 30-35 мың теңгеден басталады, – дейді қауымдастық төрайымы.

Фото: Облыстық мәдениет басқармасы

Гүлнар Абдуллаева жібек талшығы шаңды аз ұстайтынын және осы қасиетіне байланысты балаларға арналған бұйымдарға қолайлы деп есептейтіндерін айтады. Шеберлер өнімдерін аллергияға бейім балаларға да ұсынып жүр. Дегенмен жібек талшығынан жасалған бұйымдардың аллергияға әсері мен өзге де емдік қасиеттеріне қатысты тұжырымдар арнайы медициналық зерттеуді қажет етеді. Жібек талшығы тек төсек-жабдықтарына ғана қолданылып жатқан жоқ. Қолөнершілер оны жүннен жасалған панноларға да қосып, екі табиғи материалды бір бұйымда үйлестіріп жүр.

Бұған дейін панноларымызды жүннен жасайтынбыз. Қазір олардың бетіне жібек талшығын тартып қолдана бастадық. Жібек берік келеді. Оның үстіне бұйымның бетіне шаңның жиналуын азайтады, – дейді шебер.

Жібектен жасалған бұйым бірнеше есе қымбат

Жібекпен жұмыс істеу жүнге қарағанда күрделірек әрі көп еңбекті қажет етеді. Бұл дайын өнімнің бағасына да әсер етеді. Гүлнар Абдуллаеваның айтуынша, жүннен жасалған панно шамамен 25 мың теңге тұрса, дәл сондай бұйымды жібектен жасау 75-80 мың теңгеге дейін баруы мүмкін.

Жүннен жасаған бұйымымыз 25 мың теңге болса, дәл сондай картинаны жібектен жасасақ, бағасы 75-80 мың теңге болады, яғни үш-төрт есе қымбатқа түседі. Себебі жібекті өңдеудің технологиясы басқа, – дейді ол.

Қазір шеберлер жібек талшығын негізінен қолмен өңдейді. Сондықтан өндіріс көлемін бірден ұлғайту мүмкін болмай отыр.

Фото: Облыстық мәдениет басқармасы

Мата тоқуға арнайы жабдық қажет

Қауымдастықтың келесі мақсаты – пілләдан талшық алумен шектелмей, жібек жібін иіріп, одан мата тоқуға көшу. Алайда бұл үшін арнайы технологиялық жабдық қажет.

Жібекті иіруге арналған аппараттар болуы керек. Біз қазір қолмен жұмыс істеп жатқандықтан, қажетті көлемде өнім шығара алмаймыз. Мата өндіруге де әлі көшкен жоқпыз. Алдағы үш-төрт жылда осы деңгейге жетеміз деп ойлаймыз, – дейді Гүлнар Абдуллаева.

Осылайша, шеберлердің жоспары – жібек құртын өсіруден бастап, піллә алу, оны өңдеу, жіп иіру және мата тоқуға дейінгі өндіріс тізбегін кезең-кезеңімен жолға қою.

Қытай мен Самарқанд тәжірибесін зерттеген

Жібек шаруашылығы өңір үшін жаңа бағыт болғандықтан, қолөнершілер басқа елдердің тәжірибесіне де назар аударған. Гүлнар Абдуллаева жібек өндірісінің қалай жолға қойылғанын көру үшін Қытайға барып, ондағы тәжірибемен танысқанын айтты. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға бағытталған жоба аясында шеберлер Самарқандта бір апталық оқудан өткен.

Самарқандта жібек матасымен қалай жұмыс істейтінін, оны қалай бояйтынын көрдік. Қандай табиғи бояуларды қолдануға болатынын үйрендік. Өзімізге қажетті тәжірибе жинап қайттық, – дейді ол.

Алынған тәжірибені жергілікті жағдайға бейімдеу жұмыстары қазір де жалғасып жатыр.

Фото: Облыстық мәдениет басқармасы

Тұт ағашының қабығынан қағаз жасауды жоспарлап отыр

Қолөнершілер болашақта тұт ағашын жібек құртын қоректендіру үшін ғана емес, басқа мақсатта да пайдалануды көздейді. Соның бірі – ағаш қабығынан қағаз жасау.

Алдағы уақытта тұт ағашының қабығынан қағаз жасап көрсек деген ойымыз бар. Бұл да жеке бір үлкен жоба болуы мүмкін. Тұт ағашынан жасалған қағаз туралы деректерді зерттеп жүрміз, – дейді Гүлнар Абдуллаева.

Қауымдастық жібек өндірісінен қалатын шикізатты да кәдеге жарату жолдарын қарастырып жатыр. Оның ішінде жібек құртының қалдықтарын түрлі мақсатта пайдалану мүмкіндіктері зерттелуде. Гүлнар Абдуллаева мұндай шикізаттың емдік бағытта қолданылатыны туралы шетелдік тәжірибемен танысқандарын айтты. Алайда бұл бағыттағы жұмыс әзірге зерттеу және тәжірибе жинақтау кезеңінде.

Қазір жамбылдық шеберлер үшін басты міндет – қолда бар жібек өндірісін біртіндеп кеңейту. Осыдан екі жыл бұрын басталған тәжірибе бүгінде алғашқы дайын өнімдерге ұласып отыр. Бұрын негізінен жүнмен жұмыс істеген қолөнершілер енді өңірде ондаған жыл бойы өсіп тұрған тұт ағаштарын пайдаланып, жібек құртын өсіруден бастап табиғи талшықтан дайын бұйым жасауға дейінгі жаңа бағытты қалыптастырып келеді.

Оқи отырыңыз

{