9 Қараша 2015, 06:46
2015 жылдың 29 қарашасы мен 6 желтоқсан аралығында Мәскеу қаласында өтетін XIII Халықаралық «ЗОЛОТОЙ ВИТЯЗЬ» Театр форумына Астана қаласы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры В. Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драмасымен қатысады. Қойылым режиссері, Қазақстанның Халық артисі, профессор – Талғат Теменов. Қазақ тіліне аударған белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор – Әшірбек Сығай.
«Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасы қазақ солдаты Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы махаббатты баяндайды. Спектакль барысында адамның асыл қасиеттері: махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, жауларға деген өшпенділік және Отанға деген сүйіспеншілік жарқырап әрі шынайы көрінеді.
Басты кейіпкер Пернебек Боранбаевты кино мен театрдың жас актері Әбілмансұр Серіков, неміс қызы Инганы театрдың жас актрисасы Ақмарал Танабаева сомдайды. Сахнада театр артистері, Қазақстанның халық артисі Т. Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері А. Омар, Н. Өтеуілов, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері С. Қашқабаев пен Қ. Қыстықбаевтар өнер көрсетеді.
XIII Халықаралық «ЗОЛОТОЙ ВИТЯЗЬ» Театр форумына Қазақстан, Ресей, Болгария, Грузия мемлекетінен 24 театр ұжымы қатысады. «Қаллеки» театры 30 қараша күні кешкі сағат 19.00-де Мәскеудің академиялық Ресей армиясының театр сахнасында өнер көрсетеді.