Алланың берген шаруасын орындадым деп санаймын - Нұрсұлтан Назарбаев

20 Қараша 2023, 13:03 9486

18 қараша сенбі күні Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы бас мешітте қайтыс болған інісі Болат Назарбаевқа ас берді. Марқұмның жеті күндік асында айтылған әңгімелерге тоқталып өткенді жөн көрдік.

Асқа бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалар Даниал Ахметов, Ахметжан Есімов, Өмірзақ Шөкеев, Қайрат Қожамжаров, Қайырбек Сүлейменов,  Қалмұхамет Қасымов, Қуаныш Сұлтанов, Ахметжан Есімов, Өмірзақ Шөкеев, Нұртай Әбіқаев, Болат Назарбаевтың әпкесі Әнипа Назарбаева, Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев та қатысты.

Қазақ бауыр деген сөзді бекер айтпаған ғой. Бірге туғанынан айырылу өте қиын. Еркелеп өскен інім. Көз алдымда ер жетті. Қолы ашық, мейірімді еді. Жерлеу рәсімінде ауыл азаматтары жақсылығын айтып жатты. Қабырғамызды қайыстырған қайғыны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, көрші елдердің президенттері де бөлісіп, көңілдерін айтты. Сол кісілердің барлығын шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол сосын Тәуелсіздік жылдарына ауысты. Егемендікті орнату оңай болмағанын еске алды.

1992 жылы совет үкіметі құлаған кезде елімізде 1500 өндіріс орны тоқтап, 2 миллион адам жұмыссыз қалды, дүкен сөрелерінің бәрі босады. Жалақы, зейнетақы берілмеді. Сондай кездерде «ел боламыз ба, болмаймыз ба?» деп тұрғанда әріптестерім, қатарластарым барлығы жабылып, сол қиындықтан шығып, елімізді аяғынан тік тұрғыздық. Сондықтан өз басыма Алланың берген шаруасын орындадым деп санаймын, – деді экс-президент.

Нұрсұлтан Назарбаев сол жылдары көп елмен дос болғанын, мемлекетті нығайттық деп отыр. Астана мен Түркістан қалаларын салғанын айтып қалды.

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге мешіттің іргетасын қаладық. Ертеңінде мен билікті тапсырдым. Қасым-Жомарт Тоқаев қолынан келгенше барлық шаруаны істеп жатыр. Әр буынның жолы болады, өзгертуі болады. Олай болмаса ел өсе ме, өркендей ме? ... Елімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін бір адамдай болып президентіміздің істеп жатқан шаруасын қолдауымыз керек. Мен ештеңеге қамықпаймын, ештеңеден жалықпаймын, маған ешқандай сөз тимейді. Себебі бұл мәселе ұрпақтікі емес, тарихтың мәселесі. Тарих өз айтатынының бәрін айтады. Сондықтан оның бәріне өте байсалды қараймын, – деді ол.

Экс-президент елімізде соғыс өрті тұтанбағанын еске салды. Өзі басқарған тұста Қазақстанның экономикасы көршілерден 5-10 есе көтерілгенін айтты.

Қандай соғыста болса да, қазақ біріккенде ылғи жеңеді. Ажырағанда жерінен, үйінен айырылады. Қайғылы жағдай болса да, осыны айтайын деп едім. Менің жаным тыныш, шаруам дұрыс. Айналайын халқым, 1992 жылы Сауд Арабиясының королінің тапсырмасымен Меккеге екі рет бардым. Сол Меккеде төрт бұрышында намаз оқып, дұға тілегенде: «Қаншама қиындық көрген халқымның Тәуелсіздігін баянды ете көр» болған еді. Сол тілегіміз орындалған сияқты, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал биліктің әр түрлі тармақтарында еңбек еткен Қуаныш Сұлтанов Болат Назарбаевпен тікелей араласпаса да, бұқаралық ақпарат құралдарынан ол жайлы оқып-біліп отырғанын жеткізді. Қаншама үй салуға, қаншама мектеп, мәдениет ошақтарын сақтауға, қаншама адамның емделуіне көмектескен жағдайлары елге әйгілі болып жарияланып жатыр деп айтты.

 Осындайда дүниеден көшкен адамның жақсылығын айтқан дұрыс. Ол оған керек емес шығар, ол тірілерге керек. Біздің қоғамның жақсылығы менен тазалығына керек. Қазір 70 жас деген заманның, табиғаттың өзгеруіне қарасақ, ол әлі де қайрат жасы. Сондықтан Болат Әбішұлының арты жақсы болсын дейміз. Арты қырсықсыз болсын дейміз, - деді Қуаныш Сұлтанов.

Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында 90-жылдардан бері Қазақстан шекарасын шегендегенін, Астана бой көтергенін, 1993 жылы халқының саны 260 мың болған елордада адам саны 1 миллионнан асқанын айтты.

Алмас Абылай
Бөлісу: