Алла Елшін – Диордың бойтұмары

10 Қараша 2020, 17:39 10170

Қазақ қызы сән әлемінде 

Атағы жер жарған әйгілі кутьюре Кристиан Диордың тұмарына айналған қазақ қызы туралы естіген боларсыз. Диор ғана емес, сән әлемінің марқасқалары  Шығыстың інжу-маржанына балаған Алла Елшін туралы соңғы уақытта қазақстандық қана емес әлемдік ақпарат құралдары да жарыса жазуда. Қазақ елі жаһандық сән әлемі туралы білмей тұрғанның өзінде әлемдік подиумды бағындырып үлгерген қазақ қызының бұл әлемге қалай тап болғандығының өзі көпшіліктің қызығушылығын тудырғаны рас. Алла Елшін кім? Ол атынан ат үріккен Кристиан Диордың сән үйіне қалай келді? Біз ол туралы неге соншалықты көп уақыт өткеннен кейін ғана білдік? Бұл жөнінде төмендегі мақаладан оқып біле аласыздар.


Әрбір шығармашылық адамының өзінің табынар музасы болатыны шындық. Кристиан Диордың сүйікті музалары ретінде бүгінге дейін Марлен Дитрих, Митцу Брикар секілді сұлулардың есімдері аталып келді. Ал соңғы уақытта шығыстың сұлуы Алла Елшін туралы, оның Диордың сәттілік алып келетін бойтұмарына айналғандығы жөнінде шындыққа жақын қауесет таратыла бастағаны да ақиқат. Алла Елшін Диордың сән үйінде оның негізі қаланған уақыттан бастап жұмыс жасағанға ұқсайды. Алла Елшін Диордың музасы болмады деу ағаттық болар еді. Диор оның талантына ғана емес, өзгелерге ұқсамайтын шығыстық сұлулығына табынды, бағалады. Алла Елшін жәй ғана қарапайым асханадағы ыдыс жуушыдан бастап подиумның жарқыраған жұлдызына дейінгі жолды жүріп өтті.

Алла Елшіннің отбасы, әке-шешесі туралы ақпарат аса көп сақталмаған. Ол туралы білетіндер, өкінішке орай жоқтың қасы. Бір деректерде оның әкесі Жуанхан Елшіннің теміржолшы-инженер болып жұмыс жасағандығы айтылады. Ал атасы қазақтың байы болған. Әкесінің малының арқасында лайықты білім алған Жуанхан кезінде Түркісіб теміржолының құрылысына да қатысқан екен. Ал революция қарсаңында Қытайдың Харбин провинциясына өтеді.  Бұл қаланың кезінде Қытай-Шығыс теміржолының стансасы ретінде негізі салынған. Сондықтан Харбинде қытайлардан өзге қазақтар да, орыстар да көп болған. Жуанхан Елшін дәл осы жерде опералық әнші Татьяна есімді арумен көңіл қосып, неке қиғызады. Қосылған уақыттарында Татьяна Жуанханнан 13 жасқа кіші болған. Татьянаның жасы 16-да болған.  Бұл некеден Алла есімді қыз өмірге келеді.


Алайда, Харбинде өмір сүру жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартыжылдығында қауіпсіз болмады. Бұл қала орыстардың, қытайлардың, жапондардың өз ықпалына алсам деген талас-тартысына түсті. Сол себепті де ол біресе қытайлардың, біресе орыстардың, енді бірде жапондардың ықпалына түсіп отырды. Сондықтан жас отбасы қауіпсіз және жайлы өмір сүрер орта іздейді. Бір революцияны бастан өткерген Ресей олар үшін қауіпсіз мекен емес еді. 1935 жылы Манчьжурияда жапон интервенциясы басталған уақытта Жуанхан отбасын теміржол арқылы Шанхайға алып кетпекші болады. Осы кездегі атыс кезіндле оның әйелінің туған апасы көз жұмады. Алайда, Жуанхан әйелі мен қызын Францияға жол тартқан норвеждік корабльге отырғызып үлгереді. Бұл 1936 жыл болатын.

Жуанханның кейінгі өмірі туралы дерек аз. 1936-1937 жылы оны большевиктер ұстап, бай-құлақтың ұрпағы ретінде түрмеге тоғытып, кейін көзін жойған болуы керек. Тағы бір деректерде Жуанхан ГУЛАГ-қа түрмеге түседі делінеді.

Осылайша, Парижге тек Татьяна мен оның қызы Алланың ғана жолы түседі.  Татьяна кішкентай қызын жетектеп Харбиннен Парижге дейінгі ауыр соқпақты жолды жалғыз жүріп өтуге мәжбүр болады.


Франция астанасы пана іздеп келген балалы әйелді айқара құшақ ашып қарсы ала қоймады. Басына түскен қиындықтарға қарамастан, Татьяна кейін қарай қайтпауға шешім қабылдайды. Францияға келгеннен кейін жалғызбасты әйелдің жұмысқа орналасуы қиындық тудырады. Оның дантистік дипломының Францияда көк тиындық құны жоқ болатын. Алайда, оның әншілік қабілеті нәпақасына айналды. Ол Париж консерваториясына оқуға түседі. Кейін мейрамханаларда әнші болып табыс табады. Оның екінші қайтара тұрмыс құрғандығы да айтылады.

Расында, бейнеті қаншалықты көп болғанымен, бұл шын мәнінде Алла үшін бақытты жолдама болды. Францияда есейіп, бой жеткен Алла анасына көмектесу үшін жергілікті мейрамханалардың бірінде ыдыс жуушы болып нәпақа айырып жүреді. Ол ешқашан модель боламын деп армандамақ түгілі, ойлаған да емес. Оған анасы бала кезінен тағдырына наразылық білдіріп, арыз айтпауды, жақсылыққа сенуді үйреткен болатын.

Алланың бойжеткендік шағы Екінші дүниежүзілік соғыспан тұспа-тұс келді. Қайсар қыз француздық қарсылық көрсетуші топтың қатарына енді. Ол басын қатерге тікті, өзімен бірге қарулас болған құрбыларының көз жұмғандығының куәсі болды. Ол бір мезгілде байлоаныстырушы мен медбикенің жұмыстарын атқарған. Тағы бір деректерде Алла Елшіннің Волконская княгинияның үйінде ұйымдастырылған мини-лазаретте жаралы солдаттарды күтуге, емдеуге көмектескені келтіріледі.

Алланың бағының жануы соғыстан кейінгі жылдарда болды. Алланың жақын құрбыларының бірі бала кезінен модель болуды армандап, түрлі сән кастингтеріне қатысып жүретін. Бір күні кенеттен сырқаттанып қалған ол Алладан өз орынына барып, кастингке қатысуын сұрайды. Кастингті сол уақытта сән әлемінде өзінің жеке дара жолын бастаған Кристиан Диор өткізіп жатқан болатын. Алайда, Алла кастингке кешігіп келеді, сән үйінде тек жұмысышылар бригадасы ғана болады. Алла жұмысшылармен әзілдесіп сөйлесіп, кетіп қалады.


Ал бірнеше күннен кейін Алланың пәтерінде қоңырау соғылып, Диор мырзаның хатшысы Алла Елшінді Кристиан Диор сән үйіне жұмысқа шақыртуын жеткізеді. Алла хатшы қыз шатасып тұрған болар деп ойлап, өзінің кастингке қатыспағанын айтады. Сол уақытта хатшы Диор мырзаның жұмысшылардың арасында өзінің болғанын және шығыс қызының сұлулығы мен дене бітімінің мінсіздігіне тәнті болғанын айтады.

Енді Алла үшін бұрын танып-білмеген жаңа өмір басталады. Ол күн сайын киім өлшеуден, түрлі сән үлгілеріне қатысудан тұрды. Кристиан Диор Алланы өзінің жеке бойтұмары деп есептеді, себебі, ол қатысқан әрбір сән көрсетілімі жас модельерге күтпеген табыс пен танымалдылық тарту етті. Алла киіп шыққан киімдердің барлығы жедел өтілімді болды. Атақты адамдар Алла көрсеткен киімдердің барлығын сол жерде-ақ сатып алуға әзір еді.

Ол өте нәзік әйел болатын. Оның бет әлпетіндегі шығысқа тән сұлулық әлемнің барлық әйелдерін тәнті етті. Осы уақытта барлық әйел көзін қара қарындашпен Алла секілді бояуға тырысатын. Көздің үстіне қара сүремен сызық салу бүгін де бет әрлеудің сәнінен түспеді. Алайда, бұлайша боянуды ең алғаш рет 1950 жылдары Алла Елшін енгізген болатын.

Француз модельерімен жұмыс жасау Алла Елшін үшін де табысты болды. Қарбалас жұмыс арасында ол Майк де Дюльменмен танысады. Кейін оған тұрмысқа шығады.


Алла Кристиан Диор өлгенге дейін он жыл бойы онымен бірге жұмыс жасады. Ол өлгеннен кейін де Алла Елшін сән әлемінен кете қоймады. Тағы ондаған жыл ол Ив Сен Лоранмен бірге жұмыс жасайды.

 Алла Елшін өзінің бет ажарынан қартаюдың алғашқы белгілерін аңғарған уақытта-ақ, модельдік карьерасын аяқтау туралы шешімге келеді. Ол өзінің табынушылары мен көрермендерінің есіңде тартымды да сұлу кейпінде сақталып қалуды қалайды. Мына қызықты қараңыз, сән әлеміндегі жиырма жыл ішінде оның белінің көлемі 47 сантиметрден 49 сантиметрге дейін ғана өзгереді. Зейнетке шыққаннан кейін ол ешқандай сән көрсетілімдеріне де, фотосессияларға да қатыспады, табынушылары мен ақпарат құралдарынан жабық өмір сүрді.

 2018 жылдың жаз айында Франция қазақтарының қауымдастығының төрағасы Берлин Иришев париждік антикварлық салондардың бірінен суретші Леон Цейтлин салған Алла Елшіннің портретін кездейсоқ көріп қалады. Бұл модельдің майлы бояумен салынған жалғыз портреті болатын. Берлин Иришев бұл портретті сатып алып, кейін оны Алматыға жібереді. Осылайша қазақстандықтар қазақ Күлбикесін таныды. Кейін Берлин Иришев модельдің ұлы Маркты іздеп табады. Олар екеулеп Кристиан Диордың сүйікті моделі, француз партизаны болған Алла Елшіннің тағдыры туралы фильм түсіреді.

Шыны керек, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда Криситан Диор тұтас әлем әйелдеріне олардың нәзіктігі мен сұлулығын есіне түсірген, санасында сән сілкінісін жасаған тұлға болды.  

Суретші Леон Цейтлин жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында Алла Елшіннің құпияға толы түр-сымбатын суреттейді. Алла Елшіннің картинасы елге келгеннен кейін бір айға жуық уақыт Қастеев атындағы өнер музейінде келушілердің назарына ұсынылды.


Бұл портреттің ерекшелігі – оның Алланың көзі тірісінде салынған жалғыз портрет екендігінде. Ол модель  болып жұмыс жасаған уақытта оның айналасында ондаған, жүздеген фотографтар болды. Бірақ олардың біреуі де оның суретін салмаған.

Өкініштісі сол, Алла Елшінді шетелдік бұқаралық ақпарат  құралдары осы уақытқа дейін ұлты қытай деп келген. 1949 жылдан бастап Францияның, Англияның, АҚШ-тың, Бразилияның, Жапонияның, тіпті Австралияның баспасөздерінде Алла Елшіннің суреттері көптеп басылады.

Ал америкалық газеттердің бірінде «Италияндық модельдердің Алла Елшінге қараған көздерін көрсеңіздер. Бұл жанарларда жек көру де, қызғану да бар» деп жазды сол уақытта.

Women’s Wear Daily басылымының тілшісі 1963 жылы: «Алланы овациямен қарсы алды. Оның құпия-сырға толы аурасы барлық көрсетілімге әсер етті. Оның мені баурап алғаны соншалық, мен тіпті үстелімнен ұшып кете жаздадым» деп жазады.

Бір деректерде Алланың ата-анасы туралы, анасы қытайлық, әкесі орыс деп жазылады. Ал тағы бір деректерде әкесі қытай, анасы орыс деп келтіріледі. Біреулер оны харбиндік деді, енді біреулері маньчжур деп атайды.


Ресми құжаттарда шынында Алла Елшін қытай азаматы деп көрсетіліп келген, ол француз азаматтығын тек 1967 жылы ғана алады.

Оның өзінің қазақ екендігін неге жасырғандығы бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.

Алайда, өмірінің соңғы жылдарында ол ресейлік өнертанушы Александр Васильевпен сұқбатында өз әкесінің қазақ байының ұрпағы екендігін және Алматыда тутып-өскенін, ал анасының Петербургте дүниеге келген орыс қызы екенін айтады.

Кейін дәл осындай ақпарат француз журналистерімен сұқбатта да жария болады.


L’officiel француз журналы DIOR сән үйінің 70 жылдығына орай жарияланған мақалалар топтамасында «Алланың анасы – орыс, әкесі - қазақ» деген мақала жариялайды.

Алла ағылшын, француз, неміс, италиян, испан, орыс тілдерінде еркін сөйлеген. Ол киім үлгілерін көрсетіп қана қоймай, оның тігісі, материалы туралы сауатты әңгімелейтін болған.

Алла Елшіннің бірінші күйеуі ұлты поляк оқымысты граф Майк де Дюльмен болды. Онымен некеде Марк есімді ұл дүниеге келеді.

Марк бала кезінен фотоға түсірумен әуестенеді. Оның әкесі Майктің де қолынан фотоаппараты түспейтін, ол қолы қалт еткенде әйелін суретке түсіруіді ұнататын.

Бүгінде Марк париждік редакциялардың бірінде фотограф болып жұмыс жасайды. Ол ұзақ жылдар бойы Таяу шығыста әскери қызметте болған.

Диордың музасы болған Алла Елшін 1989 жылы 8 наурызда 63 жасында жүрек талмасынан көз жұмады. Ол өлерінен бір күн бұрын екінші күйеуі Игор Мухинмен бірге шаңғы теуіп, көңіл көтеріп келеді. 


Нұргүл Қалиева
Бөлісу: