Алкоголь – адам тәнін улаушы

24 Сәуір 2020, 14:30 11856

Қазақстанда ішімдікке салынғандардың саны жүз мыңнан асады

Алкоголь – заман дерті. Ол қаншама тағдырларды өз жолынан адастырып, теріс бағытқа әкетті. Қаншама жанның өмірі күрт үзілді, қаншама бала жетім қалды... Ішімдікті серік еткендердің денсауылығында туындап жатқан проблемалар да жеткілікті.

Жалпы, Қазақстанда наркологиялық жағдай қалай? Нұр-Сұлтан қаласы Наркология психотерапия орталығының нарколог-дәрігері Тоқтар Қойшыбеков соңғы он жылда наркологиялық есепте тұратындардың саны біртіндеп азайып келе жатқанын айтады.


Оның сөзінше, өткен жылғы статистика бойынша жиырма мың адам «есірткіге тәуелді» диагнозымен есепте тұрса, «алкогольге тәуелділікпен» тіркелген жүз мың адам болған. Оның ішінде 277-сі 18 жасқа жетпегендер. Ал 31-і елорда тұрғындары. Нұр-Сұлтан қаласында соңғы уақыттары есірткіге басыбайлылық 13 пайызға төмендеу байқалған. Жалпы, олардың саны 1200-ді құрайды екен. Әйелдер мен ерлер үшін алкоголизацияның ең көп кездесетін жасы 30-44 боп есептеледі.

– Наркотәуелді жандардың әлеуметтік сипаттамасына үңілер болсақ, олардың көбі 25-40 жас аралығында екенін байқаймыз. Біршамасы орта, орта арнаулы білімді болып келеді және тұрақты жұмыстары жоқ, – дейді Т.Қойшыбеков.

Алкоголь – өмір сәнін кетіруші

Асқазанға жеткен ішімдік 120 секундтан кейін қанға өте бастайды. Ал қан оны ағзаның барлық жасушаларына таратып жібереді. Одан ең бірінші үлкен ми сыңарларының жасушаларына зиян келеді. Алкоголь кесірінен адам қимыл-қозғалысына дұрыс жауап бере алмайды. Ендігі арақ ми қыртысының маңдайдағы бөлігінде орналасқан жасушаларға жеткенде ішкен жанның эмоциялары өзгеріске ұшырайды, себепсіз қуанып, жөнсіз күліп, өзін-өзі басқарудан қалып, сау кезінде айтпайтын сөздерін айтып, әртүрлі іс әрекеттерге барады. Алкогольдің тағы бір зияны жоғары дәрежелі жүйке орталықтарын жансыздандыруы. Күрмеліп қалғандай олардың мидың төменгі бөлігінің ешбір қызметіне жауап бере алмай қалады. Соның кесірінен көз қимылының үйлесімі кетіп, аяқ алып жүру қиындап, тілі күрмеледі. Иә, бұл алкогольдің ағзаға әсер етер жалпы сипаттамасы.

Британдық психиатр және фармаколог Дэвид Наттың зертеуіне көз жүгіртер болсақ, алкоголь адам денсаулығына ең қауіп төндірер зиянды нәрсенің бірі. Яғни, оның героин, кокаин, LSD және тағы басқалармен салыстырғанда да қаупі жоғары боп есептеледі. Сонымен, алкогольдің дене мен миға тигізер зардабы туралы айтпас бұрын азын-аулақ көрсеткіштерге көз жүгіртсек.

Алкоголизммен күрес жөнінде Америка институтының статистикасында адамдардың 87%-ы он сегіз жастан бастап барлық өмірінде ішімдікті пайдаланса, 71% -ы өмірінің соңғы жылдары шарапқа ауыз салған. Ал 56%-ы дүние саларының соңғы айларында ащы сусынға әуестенген. Ілгеріде алкогольдің зияны кейбір есіріткілерді де артта қалдыратын жөнінде айта кеткен едік. Оған бірден бір себеп, ішімдіктің кез келген адамға қолжетімді болуы. Шындығында, барлық бұқаралық ақпарат өкілдері есірткіге салынып қылмыс жасағандарға көп көңіл аударады. Әрине, ішімдіктің де зардабынан туындап жатқан түрлі оқиғалар бар. Олардың бірі айтылса, келесісі назардан тыс қалады. Бұл көлік апаттарына ұқсас келеді. Егер ұшақ не кеме суға кетсе, барлық әлем сол оқиғаға құлақ түріп, қаза тапқандар туралы деректер іздеуге көшеді. Ал күніне алкогольден неше адам өз өмірімен қоштасып жатқаны назардан тыс қалып отыр.

Осы орайда, алкогольге салынып, өз өмірлерінің астан-кестеңін шығарған кейіпкерлер тауып, сөйлескен едік.


Ғалым атты азамат өз оқиғасын былай баяндайды (әлеуметтік парақшасынан алынды):

«Жасым 37-де. Алғаш ішімдікті мектеп қабырғасында жүргенде татып көрдім. Достарыммен қосылып, ара-тұра ащы щарапты ортаға алып көңіл көтеретін едік. Сосын әскер қатарына алындым. Ол жақта да, аздап стақан соғыстыратындар пайда болды. Бірақ, 25 жасыма дейін салынып ішкен емеспін. Екінші мүшелге жеткенде, жаңа достар тауып, соларға еріп, алкогольдің соңынан кеттім. Ата-анам қанша психологқа, наркологқа апарды. Олардың пайдасы тиді, 2-3 жыл салынып ішкен соң, бұл әдетімді тастап (тастағанда мүлдем қойып кеткенім жоқ) үйлендім. Жақсы жұмысқа орналастым. Бірақ, бала-шаға қамы, несие деген секілді проблемалар еңсемді басып, есімді шығарды. Сосын тағы қолымды стақанға жүгірттім. Сол жылдарда әйелім мен балаларым мені көрместей безініп кетті. Денсаулығым нашарлап, жан баласына керек емес болдым да қалдым. Басым айналып, қолдарым жансыздана беретін болды. Сөйтсем, ішімдік, тамырларға кері әсерін береді екен. Әлгі достар, жұмыс бәрі жайында қалды. Қайтадан аяқтан тұрып, адами қалпыма түсуге інімнің оқиғасы себеп болды. Ол да мен жүрген жолды таңдапты. Ағалық жолдың мысалы үшін ұялдым. Балаларыма қайта оралу да үлкен мотивация берді».

Нұрлан Қалиевтің (аты-жөнін өзгертуді өтінді) жасы 30-да. Оның ащы сусынның қармағына ілігуіне өзіндік себептері болған. «Менің алкоголь ішуіме үш себеп болды: біріншісі – адамдармен жақсырақ сөйлесу үшін, екіншіден – ішімдік менің идентификациям болды, одан басқа қолымнан ештеңе келмейтін еді, соңғысы – менде көптеген ішкі кедергілер, үрей, қауіптер бар еді. Өзімнің сыртқы келбетімнен ұялып, адамдармен жақын сөйлесе алмайтынмын. Уақыт өте бәрі одан сайын қиындай берді. Ондай кезде ішімдік жақсы көмекке келетін. Бұлай апталап, айлап жалғаса беретін. Тіпті ішіп алып та жұмысқа барып жүрдім. Бар тапқаным алкогольге кетті. Тіпті күніне 50-100 мың теңгелеп жұмсай бастадым. Осыдан бір жыл бұрын денсаулығымда проблема туындады. Бір күні естен танып құладым, оянсам басым сынып барады. Осылай бірнеше рет құладым. Инсульт алып қалудан қорқып, жедел жәрдем шақырдым. Сөйтсем мойнымдағы тамырлар қысылыпты, оны алкоголь қатты кеңейтіп жібереді де, таңға қарай уы тараған соң, қайтадан тамыр тарыла түседі. Содан қан басқа жетпейді. Ішіп жүргенімде қымбат шараптар алу үшін миллиондаған несиелерге батқан едім. Оны уақытында қайтару дегенді мүлде ойламаппын. Сонымен, бір күні ішім ауырды, «гастрит, одан басқа түк емес» деп ойлағам. Бірақ, асқазанымның түйілуі еш тоқтамаған соң, дәрігерге бардым. Маған қойылған диагноз – созылмалы панкреатит. Бір ұрттам алкогольге де қатты ауырып қалатын болдым. Қатаң диетаға отыруға тура келді. Денсаулығым үшін ішімдікті доғардым. Бұрын алкогольге кететін барлық ақшам, енді дәрілерге жұмсалуда. Оған қоса, көзсіз алынған несиелер. Артыма қарап, жастық ғұмырымды бекерге өткізгенімді түсіндім. Көптеген арманымды аяқ асты еттім. Басқа-басқа ішімдіктің соңында кетіп, осылай өмірімнің быт-шытын шығарамын деп ойламаған едім».

Алкогольдің адам денесіне әсері

Біздің кейіпкерлер алкогольге салынудың кесірінен денсаулығында туындаған пробламаларымен бөлісті. Расында да, көп мөлшердегі ішімдік адам ағзасына орасан зор залал әкеледі. Алкогольдің 20 пайызы асқазанда сіңеді, ал қалған 80 пайызы аш ішекке жетеді. Алкогольдің денеге таралуы оның концентрациясына тікелей байланысты. Жоғары болған сайын адам жылдам масаяды. Мәселен, сыраға қарағанда, арақ тезірек сіңеді. Толып тұрған асқазан абсорбция мен масаю эффектісінің жылдамдығын түсіреді. Ащы шарап қарын мен ішегіңізге жеткен соң, қанайналымға өтеді. Яғни ағзамыз бұл зиянды нәрседен тезірек құтылуға тырысып жатыр деген сөз. Алкогольдің 10 пайыздай мөлшері өкпе мен бүйректен ауа және зәр арқылы шығарылады. Сол себепті, алкотестерлер сіздің ішкеніңізді-ішпегеніңзді анықтауға қауқарлы. Ал қалған ащы сусынмен бауыр күресетіндіктен, ең ауыр зардабын тартуға мәжбүр. Алкогольдің бауырға кері әсерін тигізетін екі нақты себеп бар:

1. Тотықтандырылған стресс. Алкогольдің адам денесінен шығу үшін бауырдың рөлі зор дегенді айттық. Міне, көп жұмыс атқарған бауыр жасушасы химиялық реакциядан кейін қатты зардап шегеді. Өзін-өзі емдеуге тырысқан ол қабынып, тыртықтанып кетуі әбден мүмкін.

2. Ішек бактерияларындағы токсиндер. Алкоголь ішекке де залалын тигізетіндіктен, сондағы бактериялар бауырға өтеді. Ол да қабынуға алып келуші фактор.

Алкоголь эффектісі бірден туындамай, бірнеше қабылдаудан кейін барып көрініс беруі мүмкін. Оған себеп – организм өзі сыртқа шығара алмайтын спирттің мөлшері артқанда сигнал тастауы.

Ал алкоголь миға қалай әсер етеді?

Жоғарыда адам миына жеткен алкогольдің қалай көрініс беретіні жөнінде айтылған еді. Жалпы, көп алкогольді пайдаланған жандардың координациясы өзгеріп, балансы бұзылып, сау ойлаудан айырылады. Ең негізгі симпомдардың бірі тежелген реакция, сол себепті, ащы сусын ішкен адамдарға рөлге отыруға тыйым салады. Алкогольдің миға әсерінен нейромедиатрлардың деңгейі өзгереді. Ол өз кезегінде нейрондардан бастап, бұлшықет тініне импульс жеткізуші. Нейромедиаторлар сыртқа тітіркендіргіштерге, эмоцияға, қимыл-қозғалысқа жауап береді. Олар мидағы электрлік белсенділікті арттыруы мүмкін немесе керісінше. Тежегіш нейромедиатрлардың ең маңыздысы – гамма-аммин май қышқылы. Алкоголь оның эффектісін арттырып, адамның іс-қимыл мен сөйлеуін бәсеңдететін әсер береді.

Жалпы, ұзаққа созылған алкогольмен аурудың үш сатысын көрсете кетсек, біріншісі – ішімдікке шамадан тыс құмартудан адамның орталық жүйке жүйесі мен ішкі ағзалар жұмысының бұзылуымен сипатталады. Екінші сатысы психология тұрғысынан келгенде адам үрейге, қорқынышқа бой алдырып, мидың жұмысына кері әсер етуімен көрініс береді. Ал соңғысы мидың жүйке жасушалары келіп жатқан алкогольдің көп мөлшеріне шыдас бермегендіктен, адам араққа тіптен салынып кетеді. Бұл ең ауыр саты болып есептеледі.

Орталық жүйке жүйенің жасушалары зақымданған науқастың ақыл-есінде де айтарлықтай өзгерістер орын алады. Ағзаға сіңген алкоголь бірден тарап кетпей, бір-екі тәулік бойы сақталатыны бар. Сол себепті, салынып ішпей, тек күніге жарты стақан жүзім шарабы мен сыра ішушілердің де мастығы басылмайтынын естен шығармаған жөн. Сырада көптеген көмірсулар болады. Олар жылдам майға айналып, ішке жинала береді. Сырақұмар жандардың салмақ қосуының өзі бір мәселенің ұшын шығарды деген сөз. Негізі, маскүнемдік тұқым қулайтын ауру емес. Барлығы адамның өз қолында. Араласатын орта, достары кейде адамның ішкі кедергілері арақұмарлыққа алып келетінін көрдік. Маскүнемдіктен сақтанып, оның алдын алуға болатынын ұмытпаған дұрыс. Бұл аурудың артында бұзылған тағдыр, шырылдаған жақын жандар тұр.


Нарколог Бақытжан Әшірбеков өз сөзінде алкоголизмнен арылудың жолдарын былай көрсетеді: «Алкоголь пайдалану эмоционалды босаңсудың, еркінсудің алғышарты іспетті. Жалпы алғанда, ол жайлы, ыңғайлы сезімдерге бөлейді. Оны жиі пайдалану адамның санасында жайлы жағдай мен ішімдікті пайдалану арасында байланыс орнатып тастайды. Келе-келе адам босаңсуды, жан рахатын алкогольден алуға көшеді, үйренеді. Тек ащы сусын оның жанын жайландырушы құралға айналып шыға келеді. Одан кейінгі нәрселер алкоголь сияқты көңілінен шықпай жатады. Ішпейтін достары қызықсыз бола бастайды. Шаттану, қуану, көңіл көтерудің барлығы шараптың айналасына үйіріледі. Адам тек шарап арқылы әлгі жақсы сезімдерді бастан өткеремін деп ойлайтыны рас. Ішпеген күндер оның жанын жабырқатып, зеріктірмек. Алдымен, «керемет» көңіл-кйүге жеткізуші алкоголь тек демалыс күндері пайдаланылса, біртіндеп апта ортасына қарай көше бастайды. Адамның сенбі-жексенбіні күтуге шыдамы жетпейді. Сол себепті, алкоголизмнен құтқаратын ең дұрыс профилактика – өзінің жаны қалайтын хоббимен шұғылдану. Егер сізде ішімдікке деген әуестік артып бара жатса, жүрегіңізге жақын қызықты іспен шұғылданыңыз. Ол мүмкін музыка, түрлі аспаптар, сурет салу, басқа да түрлі өнер түрлері шығар».

Сонымен, алкогольке деген басыбайлықтан қалай арылуға болады? 

Ішуді доғарыңыз. Бірақ, бұл сөзге «иә» деп келісе кететіндер жоқтың қасы. Ендеше, өздігіңізден алкогольден арыламын десеңіз мына кеңестерге құлақ асыңыз:

1. Ішімдікке құмар жандардан бойыңызды аулақ ұстаңыз. Кез келген шақыруына «жоқ» деп жауап беру сіз ойлағандай сондай қиын емес. Көндіруге тырысатын сөздерін назарға ілмеуге де болатынын жақсы білесіз. Тек «сына» көрмеңіз.

2. Жақсылап тынығыңыз. Ұйқының қануы адамның өзін-өзі жақсы сезінуін және күнімен энергиясының сарқыламауын қамтамасыз етеді. Мұндай жағдайларда тез шаршап қалатын адам, қолын шарапқа жүгіртуге құмартып тұрады.

3. Спортпен шұғылданыңыз. Тәуелділіктен арылу үшін ләззат сыйлайтын басқа амал іздеу керек. Бақыт гормоны физикалық жаттығулар кезінде бөліне бастайтынын тағы да есіңізге саламыз.

4. Күйзеліспен күресетін тәсіл қажет. Алкогольге басыбайлылық көбінесе созылмалы шаршаумен байланысты. Жүйкені спиртпен сабырға әкелуге тырысудың керегі жоқ. Осы тұста сізге сүйікті хоббиіңізді қолға алатын уақыт келіп жеткендей. Сурет, музыка, кітап оқу сияқты шұғылданатын істің көмегі зор болмақ.

Өміріңізді құртуға жол бермеңіз!

(Суреттер pixabay.com сайтынан алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: