Әлия Назарбаеваның «үй қызметшісі» процессуалдық келісім жасасқысы келеді

9 Қараша 2023, 11:53 1288

«ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова процессуалдық келісім жасау туралы туралы өтініш берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

920 млн теңгені жымқыру туралы іске қатысты Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өтіп жатқан кезекті отырыста сотталушы Мұхтарова процессуалдық келісім жасау туралы өтініш берді. Ол бұған дейін кінәсін толық мойындап, келтірілген зиянды өтеген.

Сонымен қатар, Мұхтарова соттан оның жылжымайтын мүлкінен, атап айтқанда, жер учаскесіне, үйі мен пәтеріне салынған шектеуді алып тастауды сұрады.

Біз сот пен прокуратураға осы мүліктің шығу тегін растайтын барлық құжатты ұсындық, - деді сотталушының адвокаты.

Сот құжаттармен танысып, қорғаушы және айыптаушы тараптарға одан әрі қарайғы әрекеттерді 15 қарашаға дейін келісу мерзімін белгіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Мұхтароваға ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлігі «Қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы» және ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша айып тағылып отыр. Ол аса ірі мөлшерде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: