20.06.2025
21:06
3756
Әлия Молдағұлованың шынайы портреті және тарихи шындыққа апарар ұзақ жол

Әлия Молдағұлованың шынайы портреті және тарихи шындыққа апарар ұзақ жол

Архивте, көпшіліктің назарынан тыс, ондаған жылдар бойы Ұлы Отан соғысының ең құрметті қаһармандарының бірі – Әлия Молдағұлованың тірі және жан тебірентерлік бейнесін бейнелейтін баға жетпес құжат сақталып келді. Осы орайда El.kz интернет порталы e-history.kz сайтына сілтеме жасай отырып, құнды мәліметті назарларыңызға ұсынады. 

Бұл – 1944 жылы майдандағы Қызыл армия газетінің суретшісі, аға лейтенант Н. Дмитриев салған Әлияның қарындашпен салынған портреті. Бұл сурет Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архивінде (РГАСПИ. Ф.М-7. Оп.2. Д.856. Л.21) сақталғанымен, ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалып келді. Ал осы уақыт ішінде батыр снайпердің канондық бейнесі ретінде кино туындыдағы кейіпкер танылған еді. 

Бұл мақала – батыр қыздың шынайы бейнесінің табылу тарихы туралы, кинематографтың ұзақ жылдар бойы тарихи шындықты алмастырғаны жөнінде, сондай-ақ тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің маңыздылығы жайлы баяндайды. 1985 жылы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Болатбек Шәмшиев «Снайперлер» атты әскери-биографиялық драма түсірді. Бұл фильм Әлия Молдағұлованың ерлігіне арналды және кеңестік кинематографияда ерекше орынға ие болды. Фильмде басты рөлді қырғыздың талантты актрисасы Айтұрған Темірова сомдады. Оның айқын келбеті, қайсар жанары мен актерлік шеберлігі экранда жас жауынгер қыздың жарқын әрі есте қаларлық бейнесін жасауға мүмкіндік берді.

Фильм үлкен табысқа ие болды және миллиондаған кеңестік көрермендер үшін әскери киім киген Айтұрған Темірова Әлияның көзбен көретін бейнесіне айналды. Актрисаның фильмдегі фотосуреттері, винтовкамен және пилоткамен түскен кадрлары газеттерде, журналдарда, плакаттар мен ашық хаттарда кеңінен тарала бастады. Ғаламтор пен цифрлық архивтер кең тарала қоймаған заманда бұл жарқын әрі қолжетімді бейне көпшіліктің санасына берік орнықты.

Тарихтағы алмасқан бейне және архивтен табылған шындық

Мәселе мынада еді: уақыт өте келе актриса мен оның сомдаған кейіпкерінің арасындағы шекара жойыла бастады. Айтұрған Темірованың Әлия рөліндегі фотосуреттері Әлия Молдағұлованың өзі бейнеленген тарихи деректік суреттер ретінде қолданыла бастады. Бұл қате соншалықты терең орнығып кеткені – бүгінде де басылымдарда, көрмелерде, тіпті Жеңіс күніне арналған ресми құттықтау баннерлерінде де Айтұрған Темірованың бейнесі «Әлия Молдағұлова» деген қолтаңбамен қатар жүруі мүмкін.

Актрисаның өзі де сұхбаттарының бірінде Әлияның шынайы портретін алғаш көрген сәтін еске алып, екеуінің ұқсастығына қатты таң қалғанын, дәл осы ұқсастықтың рөлге бекітілуіне шешуші әсер еткенін айтқан болатын. Алайда дәл осы ұқсастық пен шебер ойын бірегей тарихи жағдайға — шынайы батырдың келбетін көркем бейнемен алмастыруға себеп болды.

Кинодағы бейне өзінше өмір сүріп жатқанда, архивтің тыныштығында шынайы кейіп сақталып, өз уақытын күтіп жатты. Аға лейтенант Н. Дмитриев 1944 жылы салған портрет – бұл көркем қиял емес, соғыстан кейінгі қалпына келтіру де емес. Бұл — жауынгерлік жағдайда, 2-Балтық майданында, Әлия ерлік көрсеткен дәл сол жерде салынған баға жетпес тарихи жәдігер.

Суретші қағаз бетіне аңызға айналған жауынгерді емес, тірі, шынайы қызды бейнелеген. Суреттен бізге қарап тұрған жүз — әлі жас, бала бейнесінен толық арыла қоймаған, бірақ ішкі қуаты мен жігері ерекше айқын байқалатын бейне. Қысқа қиылған шаш, тура да анық жанар, жымырылған еріндер — соғыстың ащы шындығын бастан өткерсе де, рухы сынбаған адамның келбетін көрсетеді. Иығында – ефрейтор шенін білдіретін погон, гимнастерка әскери тәртіпке сай қапысыз киілген. Портреттің төменгі оң жақ бұрышында суретшінің қарапайым қолтаңбасы – «Дм» және «44 ж.» деген жазу бар.

Бұл сурет – тарихи куәліктің құдіретті үлгісі. Ол өмірде Әлияны көзімен көріп, онымен сөйлесіп, бір ауаны жұтқан адам – Н.Дмитриевтің қолымен тірідей салынған. Бұл – өлім мен өмір арпалысқан сәттегі шынайы тіршіліктің көрінісі. Кинодағы жалтырақ, романтикалық бейнеден айырмашылығы – бұл сурет окоп шындығының бүкпесіз айғағы.

Ұзақ уақыт бойы бұл портрет жайлы көпшілік ештеңе білмей келді. Оның «ашылуы» бір сәттік жаңалық емес, тарихи шындықты қалпына келтіруге тырысқан архивистердің тынымсыз еңбегінің жемісі болды. Соңғы жылдары әскери архив құжаттарының цифрлануы мен оларға деген қызығушылықтың артуы нәтижесінде Дмитриевтің туындысы көпшілікке қолжетімді болды. Бұл сурет алғаш рет Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві шығарған «Ерлікке тағзым = Поклонение подвигу = Homage to the feat» атты кітапта (Алматы, 2025 ж., ред. Б. Қасенов пен Е. Чиликованың басшылығымен) жарық көрді.

Қысқа ғұмыр – мәңгілік ерлік

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова 1925 жылғы 25 қазанда Қазақстандағы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Ерте жастан ата-анасынан айырылып, Ленинградтағы балалар үйінде тәрбиеленді. Сол жерде соғысты қарсы алды. Қиын-қыстау блокада қысын бастан өткеріп, эвакуацияланғанымен, ойы үнемі майданда болды.

1943 жылдың мамырында Әлия Орталық әйелдер снайперлік даярлау мектебіне оқуға түсті. Шілде айында оқуды аяқтаған соң, өз еркімен майданға аттанып, 54-ші жеке атқыштар бригадасының құрамында соғысқа кірді. Нәзік те, бойы шағын бойжеткен – ерлік пен мергендіктің үлгісіне айналды. Майданда бірнеше ай ішінде оның қолынан 78 жау солдаты мен офицері жойылды.

Әлия соңғы шайқасын 1944 жылғы 14 қаңтарда Псков облысындағы Казачиха ауылы маңында өткізді. Шабуыл кезінде, командир қаза тапқан сәтте, ол сарбаздарды шабуылға көтеріп, «Жолдастар, менімен бірге!» деп алға ұмтылды. Алғашқы болып жау траншеясына жеткен Әлия миномет оғының жарықшағынан ауыр жараланып, ерлікпен қаза тапты.

1944 жылғы 4 маусымда ефрейтор Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы (қаза тапқаннан кейін) берілді.

Әлия Молдағұлованың портретіне қатысты оқиға – естелікті мәңгілік етуге арналған өнер кейде оны еріксіз бұрмалап жіберетінінің жарқын мысалы. «Снайперлер» фильмі мен Айтұрған Темірованың актерлік ойыны өз міндетін орындады — олар миллиондаған адамға қазақ қызының ерлігін танытып, талай жанды рухтандырды. Алайда тарихи әділеттілік батырдың өзінің шынайы, төл бейнесі болуын талап етеді.

Н. Дмитриевтің қолынан шыққан қарындашпен салынған портреттің архивтік ұмытылудан қайта оралуы — бұл бір биографиялық бөлшекті нақтылау ғана емес. Бұл — жеке тұлғаның болмысын қайтару, жаңа ұрпақтың экрандағы кейіпкерді емес, шынайы Әлия Молдағұлованы — батыл жанарлы он сегіз жастағы қызды көру мүмкіндігі. Ол майдан даласында салынған суреттен тікелей мәңгілікке қадам басқан.