Әлихан Бөкейханның стилі

31 Қаңтар 2019, 11:48 6154

Әлихан Бөкейханның жазу стилі қандай болған?

Ертеде публицистикалық стиль жұртқа үгіт – насихат жүргізу кезінде кеңінен қолданылады. Бұған себеп, сол публицист өмір сүріп жатқан кезеңдегі қоғамдағы келеңсіз жағдайлар, өзекті мәселелер. Олар, саяси, экономикалық, экологиялық, мәдени, моральдық болып жалғасып кете береді. Ал, публицист өз еңбегі арқылы қара халықтың санасын оятуды міндеті етті. Әлихан Бөкейханның публицистикасы бұл талаптардың бәріне сай. Қалам тербемеген тақырыбы некен саяқ. Әлихан саяси мақалалардан бастап, мал шаруашылығы, қазақ тұрмысы мен тарихы, мәдени – ағартушылық мәселелерге дейін ой қозғаған. Сан – алуан тақырыпта еркін ой өрбіткен қайраткердің стилі жайлы не білеміз?

Кеңестік биліктің құйтырқы жоспарын өте кеш білген Әлихан «Мен кеңес үкіметін жақтырмадым, бірақ мойындадым» деп өкіне жазды. Ахмет Байтұрсынұлымен хат жазысқанда да «Совет өкіметіне қарағанда, патша үкіметі жақсы екен. Олар бізге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін еді» дейтін. Бір мүдделес достарына «Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі», - дей келе, қазақты тамұқтан жарыққа шығаратын жол тек оқу мен білімде екенін айтады. Алаш көсемі ерте ме, кеш пе қазақ даласының көкжиегінен күн көрінер сәттің туатынына қалтқысыз сенді.

Әлихан публицистикасының тілі ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы империя көлеміндегі саяси өзгерістер кезеңіне тән. В. Г. Белинский, Н. А. Добролюбов, Н. Г. Чернышевский сияқты орыстың алдыңғы шептегі публицистері бұл стилді күрес құралына айналдырды. Қолына қалам алып қазақ даласындағы мәселелерді аямай сынаған Әлихан публицистикасы империялық өктем билікке, кейін, кеңестік солақай саясатқа қарсы қару болғаны сөзсіз.

Әрине, әр қазақ Әлиханды мықты реформатор, сұңғыла саясаткер ретінде жақсы таниды. Ал белгілі Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды» деген пікір айтқан екен. Бірнеше газет – журналдың шығуына септігін тигізген ол Мәскеуде үйқамақта отырған кезде де, әдебиеттің, журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосып отырды. Оның бірі «Күншығыс» баспасының жұмысына араласуы. Сол арқылы, көптеген қазақ жазушыларының кітаптары мен оқулықтар басылып шықты.

Әлихан Бөкейханның басылым бетінде көтерген тақырыптары сан алуан. Алаш көсемі Саясат пен экономикадан бастап мәдени – ағартушылыққа дейінгі өзекті мәселелерге қалам тербеген. Қандай да бір ұлт болмасын тәуелсіз тіршілік етуі үшін керек ең басты фактор жер. Әлихан публицистикасында да жер мәселесі айшықты орын алады. Сондай-ақ оның қазақ зиялыларымен бірігіп «Қазақ» газетін шығаруы да ерлікке пара-пар. «Қазақ» басылымы ХХ ғасыр басындағы интеллегенцияның ойын айшықтайтын, қара халықты ағартушылыққа бастайтын құрал қызметін атқарды. «Алаш» деп ұран салған арда азаматтардың мақалалары үздіксіз осы газетке жарияланып тұрды. ХХ ғасыр басындағы елдегі және әлемдегі көкейкесті мәселелер газет бетінен тыс қалмады. Қазақ зиялылары түйткілді мәселелерді зерттеп, жауап іздеді. Алайда, басты мақсат - қалың ұйқыда жатқан қазақты оятып, санасына ой салу болғаны сөзсіз.

Әлихан Бөкейхан басылым беттерінде тек даулы мәселерге тоқталған жоқ. Әдебиет пен ұлттық фольклорға байланысты тақырыптарды кеңінен қозғады. Әлиханның қазақтың салт-дәстүрі, мәдениетіндегі ерекшеліктер, атадан бабаға мирас болып келе жатқан әдеби мұрасы турасында жазған материалдары көбіне орыс тілінде. Қаламгердің мақсаты орыс тілді оқырманға қазақ халқының ұлттық ерекшелігін таныстыру болса керек.

Алаш көсемінің 23 жасында жазған алғашқы әдеби сараптамасы «Туземецъ» бүркеншік есімімен «Түркістан уалаяты» газетіне 1889 жылы «Женщина по киргизской былине Кобыланды» атымен жарық көрген. Автор әуелі қазақтың бай мұрасы - ауыз әдебиетіне тоқталады: «Халық шығармашылығы мазмұны мен пішіні тұрғысынан әр алуан әрі мол. Олардың біразы жиналса да, біразы әлі қағазға түспеген. Басым бөлігі эпикалық және лирикалық өлеңдер. Қазақтың бай поэзиясы жыршы, өлеңшілер арқылы ауызша түрде атадан балаға мирас болып қалып отырған. «Әр туынды, мейлі ол эпикалық болсын, орындаушының өзіне тән мақсаты мен мұратынан, өмірлік көзқарасынан хабар береді және тарихи шындыққа негізделуімен ерекшеленеді. Осы қасиеттері үшін қазақтар төл туындыларын жоғары бағалайды. Бір де бір тойдың, бірде бір астың халықтың ықыласына бөленген жыршыларсыз сәні кірмейді. Айта кететін тағы бір жәйт, тарихы тереңге кеткен жырлар көлемі мен өлең құрылымының көркемдігі жағынан өзге туындылардан озық тұр». Осылай дей келе автор, қазақ мәдениетіндегі ерекшелікті атап өтеді: «Жерінің кеңдігі, бөтен мәдениет өкілінетартымсыз болып көрінген тағылығы арқасында қазақ даласы өз ұлдарының бойында ұлттық мінез бен болмысты саф, дара қалпында ұзақ уақыт бойы сақтап қалды. Дала - ананың төсінде еркін көсіліп, өзгелердің ықпалынан ада болған қазақтар салт - дәстүрін, әдет - ғұрпын, өзіне тән көшпелі өмір салтын ұстанып келді. Тағы да сол дала қазақтарды бір мақсаттың айналасында біріккен үлкен ұлтқа айналдырды. Қазақтардың өзіне тән ғұмыры оның бай ауыз әдебиетінен айна қатесіз көрініс тапты. Әдеби мұралардың көбі тамыры тереңге кетіп, қазақтардың бағзы замандағы өмірінен, тұрмысынан, наным - сенімінен хабар береді».

Cондай-ақ Әлихан мақалаларында қызықты теңеулер келтіреді. Мысалы «Тағы да би және билік» мақаласында Әлихан қазақ даласындағы биліктің екіге бөлінгенін айтады. Шариғат билігі және орыс судиасы. Сөз соңында, Әлихан: «Шариғат бір. Жазылып қойған шариғат қозғалмайды, өзгерілмейді. Шариғат жолы неше өмірге, неше жұртқа біреу-ақ. Бұл тастай қатқан шариғат жолы. Әуелі, өзгерілгіш өмір ісінің бәріне бірдей қолайлы емес. ... Шариғатқа салсақ біздің билік қытай әйелдерінің сыры кеткен аяғындай болар. Бұл аяқ сұлу болуға жақсы, жүруге кем емес пе?», - дейді. Қазақ даласындағы билікті қытай қыздарының аяғына теңейді. Император кезінен жеткен салт бойынша қытайдың ауқатты қыздарының аяғының өлшемі сегіз см-ден аспауы тиіс екен. Олай болмаса, мәңгі кәрі қыз болып қалу қаупі бар. Сондықтан, қытай қыздары осындай тозған рәсімнің құлы болған. Өздігімен жүре алмайды екен. Әлихан қазақтағы даласындағы биліктің қытай қызының аяғына теңеуі бекер емес.

Әлихан Бөкейхан бірнеше әдеби зерттеу мақалалар да жариялаған. Мысалы қазақ фольклорына қатысты материалдында «Қобыланды батыр» жырындағы әйелдердің болмысын сол замандағы діни наным - сенімдермен байланыстырып, жырда олардың қалай көрініс тапқанын баяндайды. Мысалы, Құртқаны анасы Көктен (Көкілан) кемпір шамандық сенімнің өкілі ретінде қызын сол наным тұрғысында тәрбиелеген деген тұжырым айтады автор. Бұның дәлелі, Құртқа бойындағы болашақты болжай білу қасиеті. Ал, Қобландының анасы Аналық болса, мұсылмандық тәрие алған. Оны Әлихан еріне мойынсұнып, отбасының ұйытқысы болуымен түсіндіреді. Бұл автордың сол кездегі ескі наным шамандық пен енді көркейіп келе жатқан мұсылмандық сенімнің қазақәйелдерініңтұрмысына қалай әсер еткенін түсіндіруі. Яғни, аңыз арқылы Әлихан Бөкейхан әйелдердің қоғамдағы атқарған рөлін бағамдайды. Мақаланың өзге зерттеулерден ерекшеленуі де, сонда.

Әлихан Бөкейханның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан тағы бір сүбелі еңбегі Абай Құнанбайұлының өмірі һәм өнері жайлы жазған мүнаһиб мақаласы. Бұл еңбек те орыс тілінде жазылған. Автор бала Абайдан дана Абайға дейінгі кезеңді оқырманға баяндайды: «Егер сексенінші жылдары Абайдың ақындық өнер туралы түсінігі өзгермегенде, бәлкім, ол өз дарынын таныта алмай дүниеден өтіп кетер ма еді?! Сол кезеңде Абай қазақ даласында саяси айдауда жүрген Гросспен, Михаэлиспен кездесті.Гросс та, Михаэлис те Абай үйінде қонақ болып, оны орыс әдебиетінің озық үлгілерімен таныстырды. Екеуінің арқасында, Абай Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писарев сияқты жазушыларды танып білді. Ақын «Дүниеге көзімді ашқанға үлкен себепкер болған кісі - Михаэлис», - деп, ғұмырының соңына дейін Михаэлисті тебіреніспен еске алып отырды. ... Абай арқылы Пушкиннің «Евгений Онегині» қазақша сөйледі. Әсіресе, қазақ даласында, Абай әнімен сүйемелденген «Татьянаның хаты» көп танымалдыққа ие». Автор Абай дүниетанымына айрықша әсер еткен тұлғаларды атай отырып, Абайдың қазақ поэзиясында өзіндік сара жол салғанын айтады. Аталмыш мақала абайтану саласының негізін салды десек қателеспеспіз. Әлихан Абайдың өлең өрнегі, парасат пайымын еуропалық ақындармен тең қойып: «Абай, оның өз өлеңдерінен көрініп отырғандай, теңдессіз поэтикалық күшке ие болатын және қазақ халқы оны орынды мақтан тұтты. Қазақта халықтың рухани шығармашылығын Абайдай кең таныта білген ақыны болған емес. Оның жылдың төрт мезгіліне (көктем, жаз, күз, қыс) арнап жазған тамаша өлеңдерін Еуропаның атақты ақындарын да тәнті ете алар еді», - дейді.

Әлиханның Абай шығармашылығына деген құрметі тек мақала жазумен шектеліп қалмаса керек. Ақынның дүниеден өткені жайлы қаралы хабар алғаннан кейін, Алаш көсемі Абай балаларына өлеңдерін қағазға түсіріп, өзіне тапсыруды өтінеді. 1905 жылы Кәкітай өлеңдерді жинап, Әлиханмен бірге баспаға береді. Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жинақтап, кітап болып басылып шығуына өз үлесін қосқан Әлихан Бөкейхан қазақ әдебиетінің жанашыры десек артық айтқанымыз болмас.

Әлихан қаламынан туған бірнеше әңгімелер де бар. Қаламгер қазақ өмірін көркем шығармаға айналдырып отырған. Алайда, әңгімелерінің көбі тек орыс тілінде. Қазақ даласындағы қыз баланың қиын тағдырын суреттеген туындысы «Молодая невольница» атымен 1914 жылы «Мусульманская газета» басылымында жарық көрді. Автор сөз басында оқиға желісінің өмірде болғанын үлкен өкінішпен жазады. Бас кейіпкер - Рәбиға. Ол анасынан екі жасында айырылып, әкесі Танаспен қалады. Бала күтудің жұмысы көп, оның үстіне кедейліктен көз аша алмай отырған отағасы тұрмыстағы қызы Зылиқаға Рәбиғаны тәрбиесіне алуды өтінбек болады. Зылиқа дәулетті жерге келін болып, күйеуі Ергәрмен байқуатты ғұмыр кешіп жатты. Алайда, екеуі сәби сүйе алмады, сондықтан, олар Рәбиғаға туған қыздарындай қамқорлық көрсетті. Әкесіне де қоныс берді. Рәбиға әпкесіне анасындай бауыр басып, жездесін туған әкесінен кем көрмеді. Жақындарының ықыласына бөленген Рәбиға көркі көз тартар сұлу болып бойжетті. Алайда, он төрт жасында, анасындай аяулы әпкесі қайтыс болды. Әпкесінің өлімі жанына қатты батқан қызды тағдыр шыр айналдырды. Әкесінен артық жақсы көрген жездесі Рәбиғаны айттырып, әйелдікке алмақ ниетін жасырмады. Қыз қанша жалынса да, Ергәр байдың қаһарынан қорыққандықтан ешкім қарсы шыға алмады. Әңгіме арқылы Әлихан қыз тағдырына балта шапқан надан қоғамды әшкерелейді.

Сондай-ақ Алаш көсемі роман жанрына қатысты бірталай құнды деректер мен танымды талдаулар жазып кеткен. Мысалы, Жүсіпбек Аймауыттың «Қартқожа» романына жазған рецензиясы. Бұл мақала 1926 жылы «Еңбекші қазақтың» бетінде жарық көрді. Автор өз еңбегінде шығарманың көркемдік әлеуметтік мәнін ашады, стильдік – жанрлық ерекшеліктеріне баса назар аударады.

Әлихан мақалаларында мақал-мәтел, теңеулер жиі ұшырасады. Олар «Құдай қарғайын десе, ақылды алады», «Жауды аттанып шапқан түсірмейтін, үндемей шапқан түсіретін», «Тамшы тас теседі», «Жұрттан жиған жіп жалаңашқа көйлек», «Заң – арба, қалай бұрсақ, сол жаққа кетеді» (орыс мақалы), «Соқырмен оттас болсаң, көзіңді қысып жүр», «Ер жігіт қыз мінезді, бала жүректі», «Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады», «Заманына қарай амалы» және т.б. болып жалғаса береді.

Әлихан қазақтың мерзімді баспасөзінің дамуына көп еңбек сіңірді. Қуғында жүрген кезінде бірнеше басылымдарда редакторлық қызмет атқарды. Екі тілді еркін меңгергендіктен, тек қазақ баспасөзінде ғана емес, орыс тілді баспасөз беттерінде мақалалары жиі жарияланып тұрды. Бұл орыс зиялыларының қазақ даласындағы хәл-ахуалға назар аударуларына мүмкіндік бергені сөзсіз.

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: