Әлихан Смайылов үш облыстың әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады

19 Желтоқсан 2023, 15:41 1884

Бұл туралы премьер-министр Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов стихиялық қоқыс үйінділері мен қалдықтарды реттеу инфрақұрылымын дамыту аса өткір тұрған мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Біз бұл мәселені биыл қыркүйек айында Үкімет отырысында қарадық. Бірқатар тапсырмалар берілді, оның ішінде стихиялық қоқыстардың санын 2 есеге қысқарту мәселесін көтердік. Жалпы, өңірлерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Алайда, Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік жасайтын орынбасарларына қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын, – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, премьер-министр аудандар мен қалалардың 75%-і коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеуге әлі кіріспегенін атап өтті.

Ал мерзім әлдеқашан өтіп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және тағы да сол Маңғыстау облысында бірде-бір жоспар әзірленбеген. Сондықтан аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын, – деді премьер-министр.

Министрлік сатып алу рәсімдеріне байланысты мерзімді келесі жылдың ортасына дейін ұзартуды сұрап отыр. Егер жұмыстар 1-ші сәуірге дейін аяқталмаса, тиісті тәртіптік шаралар қабылданбақ.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: