Әлихан Смайылов үкіметтің жаңа инвестициялық бастамаларға ашық екенін жеткізді

27 Қаңтар, 13:25 1858

Премьер-министр Әлихан Смайылов Harmony Capital Strategy AMC, Citius Capital AG, Torkam Holding және Marsel Group компанияларының басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен тұрғын үй және медициналық мекемелер құрылысы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, көлік инфрақұрылымын жақсарту және т.б. салалардағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов Үкімет елдегі іскерлік климатты жетілдіруге үлкен көңіл бөліп отырғанын және жаңа инвестициялық бастамаларға ашық екенін атап өтті.

Біз сіздердің Қазақстанда жобаларды жүзеге асыру бойынша ниеттеріңіз бен бастамаларыңызды құптаймыз, — деді премьер-министр.

Өз кезегінде делегация басшысы, Harmony Capital Strategy AMC негізін қалаушы және Citius Capital AG бас директоры Каспар Вонлич жоспарланған жобалар бойынша қазірдің өзінде бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Біз жұмыс кездесулерін өткіздік, бірнеше рет аймақтарға бардық және Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бойынша зор әлеует бар деп санаймыз, — деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министр мемлекеттік органдарға инвесторлармен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін көтерілген барлық мәселелерді зерделеп, пысықтауды тапсырды.

Жансая Әділбек
Бөлісу: