Әлихан Смайылов Костенко шахтасында болған өртке қатысты Үкіметтік комиссияның отырысын өткізді

28 Қазан 2023, 18:53 746

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған өрттің себептерін тергеу және зардаптарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ең алдымен, қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетін болады. Зардап шеккендерге тезірек сауығып кетулерін тілейміз. Оларға толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп жатыр, - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр кәсіпорындағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жағдай сол шешілмеген өткір күйінде қалып отырғанын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Қарағанды облысының әкімдігіне ТЖМ және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, апатты жою жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-Министр апат себептерін жан-жақты тергеу және кінәлілерді анықтау маңызды екенін атап өтті.

Оған қоса Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдікпен және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен бірлесіп, зардап шеккен және қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көмек көрсету, ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне кәсіпорынды Қазақстан Республикасының пайдасына беру рәсімдерін аяқтау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша комиссияның шешімімен Вадим Басин «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Ол 2022 жылғы қазан айынан бастап Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істейді. Еңбек жолын металлургия комбинатында электромонтер болып бастаған. Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері.

Асқар Таудай
Бөлісу: