Қазақстандық делегация мүшелері Дүниежүзілік банк өкілдерімен энергетикалық тұрақтылық және инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
ДБ мен ХВҚ-ның жыл сайынғы көктемгі сессиялары аясында Орталық Азия елдерінің өкілдері және ДБ өңірлік директорларының қатысуымен «Орталық Азиядағы байланыс және электр энергиясының саудасы» атты кездесу өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар Орталық Азия елдері арасындағы энергетикалық өзара байланысты жақсартуға бағытталған жобаны іске асыру және қаржыландыру жөніндегі ДБ бастамасын талқылады. Өңірлік жоба елдер арасында энергетикалық ресурстарды тең бөлу үшін бірыңғай пилоттық сауда алаңын құруды көздейді.
Ә.Қуантыров өз сөзінде атап өткендей, Банк бастамасы маңызды және уақтылы. Сондай-ақ, ол 2060 жылға қарай декарбонизацияға аймақтағы барлық елдердің жаңартылатын энергетикалық ресурстарды пайдалану арқылы қол жеткізуге болатынын айтты.
«Біз халықаралық инвесторлармен жел энергетикасы саласындағы бірнеше ірі жобаларды іске асыруды және ашық бәсекелестік тәжірибе арқылы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - деді ҰЭМ басшысы.
Сонымен қатар, Ә.Қуантыров Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша Дүниежүзілік банктің жаңа вице-президенті Антонелла Басанимен кездесті.
Тараптар Дүниежүзілік банктің серіктестік кезеңінде көрсетіп жатқан көмегін, сондай-ақ Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу серпінін, елдің макроэкономикалық көрсеткіштерін және әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыру барысын талқылады.
«Дүниежүзілік банкпен негізгі ынтымақтастық инфрақұрылымдық жобаларға, энергетикаға, білім беру жүйесін жаңғыртуға, цифрландыруға бағытталуы тиіс», - деді министр.