Әлібек Нышанбаев: Қазақтың дәстүрлі ағаш ою мектебін дамытқым келеді

12 Қараша, 10:10 593

Ағаштан жасалған бұйымдар – ата-бабамыздың көне мәдениетінен сыр шертетін, ұлттық рух пен салт-дәстүрімізді дәріптейтін асыл мұралардың бірі. Әр қазақтың шаңырағында киелі саналып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған осындай бұйымдардың өз ерекшелігі мен құндылығы бар. Қазақ халқы әрбір қолөнер туындысын жан-тәнімен жасап, оның әрбір бөлігін шеберлікпен, шыдамдылықпен өңдеп, шығарған.

Бүгінде осынау ізгі дәстүрді жалғастырып жүрген талантты шеберлердің бірі – Әлібек Нышанбаев. «Әлібек Сандықшы» лақап атымен танымал болған ол ағаш шеберлігіне деген махаббатын бала кезден бастап жүрегінде сақтап, өмірін ағаш өңдеу өнеріне арнаған. Ташкенттің қасиетті топырағында дүниеге келіп, қазақы тәрбиенің, шығыс қолөнерінің озық үлгісін меңгерген шебер бүгінде елімізде дәстүрлі қолөнердің дамуына өз үлесін қосып жүр.

Әлібек қазақтың ұлттық ою-өрнегін жаңғыртып, ағаштың сырлы әлемін жаңаша көзқараспен танытуда. Оның жасаған сандықтары, астаулары мен әшекей бұйымдары тек тұрмыстық зат қана емес, халықтың мәдениеті мен тарихының көрінісі іспеттес. Шебердің айтуынша, қазақ халқының қолөнері әлі де терең зерттеуді, түсінуді қажет ететін мол қазына. Әлібек Нышанбаев үшін ағаштан бұйым жасау – тек кәсіп емес, бұл оның өмірлік мәні мен рухани азығы. Ол жас ұрпаққа ұсталық өнерді үйретіп, ұлттық қолөнерді сақтап қалуға және дамытуға атсалысуда. Бүгінде оның қолынан шыққан ерекше бұйымдар халықтың ықыласына бөленіп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың жарқын үлгісіне айналып отыр.

Әлібек Нышанбаевтың ағашты көркемдеп өңдеуге деген қызығушылығы бала кезінен басталған.

Он екі жасымда достарыммен бірге ауылымыздағы танымал ағаш шебері Абдумажит Абдурахмановқа барып, ұстазымыздың шеберханасында ағаш оюдың қыр-сырларын үйренетін едік. Осылайша менің алғаш қолөнерге деген қызығушылығым ояна бастады. Осы салада ұзақ уақыт жүрген соң қызығушылығымды өмірлік кәсібіме айналдырамын деген шешімге келдім. Ташкенттегі республикалық көркемөнер колледжінің «шығыс бейнелеу өнері» бөлімін бітіріп, кейін елге оралып, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «сәндік өнер» бөлімін тәмамдадым, - дейді шебер.

Әлібек Нишанбаевтың қолөнермен айналысып келе жатқанына 20 жылдан асқан.

Үйімде шағын шеберханам бар. Әзірге ол жерде жалғыз жұмыс істеймін. Осы уақытқа дейін 10 шақты шәкірт тәрбиелеп шығардым. Болашақта Қазақстанға қоныс аударып, шеберханамды, мектебімді ашып, тағы да басқа шәкірттерге білгенімді үйретсем деймін, - деді ол.

Шебер үйге қажетті сандық, астау сынды заттар, ыдыс-аяқ, әшекейлерді жасап шығарады. Оған көбіне жаңғақ, қарағаш, қарағай, шынар, қайың сынды ағаштардың түр-түрін қолданады екен. Әлібек Нишанбаев ағаш өңдеуге қажетті құрал-жабдықтар, құрал-саймандарды шетелден алдыртады.

Суреттер: instagram.com/alibek_sandyqshy

Жалпы ағаштар әртүрлі. Құрылымына қарай қатты, жұмсақ болса, ал талшықтары ірі мен майда деп бөлінеді. Мәселен, ою-өрнек салу үшін майда түрлерін пайдаланамын. Ыдыс-аяқтарға қайың, жаңғақ секілді токсин шығармайтын ағаштарды қолданамын, - деді кейіпкер.

Әлібек Нишанбаев қолөнермен айналысу барысында ағаштан бөлек, металл, тері, саз, сүйек, мүйіз сияқты тағы да басқа табиғи шикізаттарды қолданады. Негізгі шикізатты Қазақстаннан алдыртады.

Кейіпкеріміз әрбір қазақтың қолөнерге деген қызығушылығы мол деп есептейді.

Біздің ата-бабамыз да кезінде қолөнер шебері болған. Бірақ Кеңес одағында бұл сала өз жұмысын тоқтатты. Сөйтіп, Тәуелсіздік кезінде қайта жандана бастады. Тарихқа үңілсек, әр қазақ қолөнермен айналысқан. Өзіне қажетті қару-жарақ секілді заттарды жасап шығарған, - деді ол.

Кейіпкеріміз ағаш бұйымдары ешқашан сәннен кетіп, оған деген сұраныс төмендемейді деген ойда. Өйткені адамзат әу бастан-ақ ағаштан түрлі заттарды істеп, қажеттерін өтеп отырған.

Ұстаздарымыз тас ғасырынан бұрын «ағаш ғасыры» болған деседі. Бірақ ағашты ешкім елемегендіктен, бұл ғасыр туралы айтыла бермейді деп қалжыңдап қояды. Сондықтан ағаштан жасалған бұйымдарға деген сұраныс бүгінге дейін болған, бола береді де, - деді.

Әлібек Нышанбаев бұрынғы ағаш оюдың әдіс-тәсілін зерттегенді ұнатады.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ағаш өңдеу менің негізгі кәсібім, басқалары бұған хобби ретінде қарайды. Негізінен, ағаштан бұйымдар жасау еліміздегі маңызды салалардың бірі. Қолөнердің аталған түрі Қазақстанға өте қажет. Мен өзбек, орыс, Батыс Еуропаның ою-өрнектерін салудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп шықтым. Бірақ қазақтың ою-өрнектері басқалардан ерекше, өзге ұлттарға ұқсамайды. Қазақтың қолөнерінде ою-өрнектің 7-8 түрі қолданылады. Ал әлемде көп болса 3-4 түрі ғана пайдаланылады, - дейді ол.

Ағаш шебері өзінің жұмысында дәстүрлі бағытты ұстанады. Осылайша ол бұрынғы қолөнерді жаңғыртуды көздейді. Кейіпкеріміз қазақтың ағаш ою өнерін әлі толық ашылмай жатқан қазынасы деп есептейді.

Бүгінде ағаш ою өнері жастар арасында өзектілігін аздап жоғалтқанымен, нарықта дәстүрлі ағаш бұйымына сұраныс жоғары. Өкінішке қарай, сол сұранысты өтейтін ағаш шеберлері өте аз. Сондықтанда мақсатым – қазақтың дәстүрлі қолөнерін зерттеп, болашақта ағаш ою мектептерін қалыптастыру. Қазақстанда ағашты көркеп өңдеуге арналған мамандықтар шетінен жабылып жатыр, - деді ол.

Әлібек Нышанбаев қолынан жасап шығарған жұмысының әрқайсы өзінше бір ерекше екенін айтады.

Қазақтың көне заттарын қайта жаңғыртып, солардың негізінде шығарған дүнием мен үшін өте қымбат. Оның әрбірін зор ықыласпен жасап шығарамын, - дейді шебер.

Шебердің сөзінше, қазіргі таңда нарықта қазақша бұйымдарға сұраныс көп болғанымен, өнімдер аз.

Нарықта қазақша бұйымдарды жасайтын мамандар көп емес. Сол себепті де болар, маған түсетін тапсырыс саны жетерлік. Оларды жалғыз өзіме уақытылы орындап беру қиындық тудырады. Көп тапсырыстарды істеп үлгермеймін, сондықтан артығымен тапсырыс қабылдамаймын, - дейді кейіпкер.

Әлібек Нышанбаевқа 15-70 жас аралығындағы клиенттер тапсырыс береді екен.

Суреттер: instagram.com/alibek_sandyqshy

Тұтынушыларым әртүрлі жаста болғаннан кейін талғамдары да әртүрлі. Мәселен, үлкен кісілер өзінің бала кезінде көрген сандық, астау сынды ағаштан жасалған заттарға тапсырыс береді. Ал жастар қазақтың дәстүрлі бұйымдарын заманауи бағытта жасатуды қалайды. Осы ретте бір жастың берген қызық тапсырысын айта кетейін. Адамдар сандықты үстіне көрпе жинауға алса, ол кісі көрпені сандықтың ішіне салатындай етіп істеп беруге тапсырыс берді, - дейді ол.

Шебердің айтуынша, ағаштан заттар жасап, оны кәсіпке айналдыру оңай емес.

Суреттер: instagram.com/alibek_sandyqshy

Егер адам бұл жұмыспен бірнеше жыл айналысып, білім алып, тәжірибе жинаса, өз ісінің хас шебері болмақ. Ағаш өңдеумен айналысуды бірнеше шәкірт болып ұстазымыздан үйрендік. Алайда оның бәрі бизнес ретінде дөңгелетіп әкете алмады. Бұл кәсіппен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болған адам ғана айналыса алады деуімнің бір дәлелі, пандемия кезінде шеберлердің жұмысын тастап, басқа салаға кетуі болды, - деді ол.

Әлібек Нышанбаев осы уақытқа дейін шығыны ақталса да, ақталмаса да,  тапсырыс келсе де, келмесе де жұмысын тоқтатқан емес.

Соңғы жылдары Құдайға шүкір, табысым жақсы. Бірақ қолөнерді кәсіп, табыс көзі ретінде көретіндерге айтарым, бұл тез үйреніп алып, байып кететін кәсіп емес. Оған ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек ету керек, - деді кейіпкер.

Шебер тұтынушыларға ағаш бұйымдарын жақсы қалпында сақтау үшін күннің астында, ылғалды жерлерде ұзақ уақыт ұстамауға кеңес береді. Ал ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарды жылына бір рет, жиі қолдансаңыз бірнеше рет майлап тұрған дұрыс. Сондай-ақ ағаштан жасалған заттарды пакетте сақтамаған жөн, мүмкіндігінде ауа кіріп тұратын жерде орналасуы тиіс.

Түйін: Әлібек Нышанбаевтың өмірі мен шығармашылығы – қазақ халқының дәстүрлі өнерін сақтап, дамытуға деген зор ұмтылыстың жарқын көрінісі. Ол ағаш өңдеудің нәзік әрі күрделі қырларын шебер меңгеріп қана қоймай, бұл өнерді өзінің жан дүниесінің айнасына айналдырған. Кейіпкеріміз «ағаш ғасыры» туралы аңыздарды әзілмен жеткізіп, ағаш өңдеуді өмірдің мәніне айналдырғандай. Оның шебер қолынан шыққан әрбір бұйым қазақ халқының өткені мен болашағын байланыстыратын бірегей көпір іспеттес.

Шебердің мақсаты – ағаш ою өнерін келер ұрпаққа жеткізу, ұмыт қалған қолөнерді қайта жаңғыртып, оны заманауи өнер деңгейіне көтеру. Әлібек Нышанбаевтың еңбегі арқылы қазақтың дәстүрлі өнерінің құндылығы мен мәңгілігі айқындала түсуде. Оның ағашпен жасаған керемет туындылары ғасырлар бойы сақталып, ұлттың рухани байлығы болып қала береді деп сенеміз.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: