16.02.2026
15:39
1140
Alibaba роботтарды басқаратын ЖИ-моделін таныстырды

Alibaba роботтарды басқаратын ЖИ-моделін таныстырды

Alibaba робототехникаға арналған жаңа RynnBrain атты жасанды интеллект моделін іске қосты. Бұл жүйе роботтарға айналадағы заттарды «көріп», олармен өзара әрекет етуге мүмкіндік береді.

Компания модельді әлемнің түкпір-түкпіріндегі әзірлеушілер үшін қолжетімді етпек.

2026 жылғы 10 ақпанда Alibaba компаниясы робототехникаға арналған жаңа жасанды интеллект моделін – RynnBrain-ді таныстырды. Жобаны компанияның DAMO Academy деп аталатын зерттеу бөлімшесі әзірлеген.

RynnBrain нақты физикалық ортада жұмыс істейтін жүйелерге арналған. Яғни бұл модель роботтарды, өндірістік қондырғыларды, автономды құрылғыларды басқаруға бейімделген. Кәдімгі чат-боттардан айырмашылығы – мұндай ЖИ тек мәтінді түсініп қана қоймай, видеоны, кеңістікті және қозғалысты талдай алуы тиіс.

Жаңа модель роботтарға заттарды тануға және қандай әрекет жасау керегін шешуге көмектеседі. Таныстырылым видеосында робот жемістерді анықтап, оларды себетке салады. Қарапайым көрінгенімен, бұл процестің артында күрделі жүйе жатыр: модель камерадан түскен бейнені талдайды, нысанды бөліп көрсетеді, оның пішіні мен орналасуын анықтайды, қолдың қозғалыс траекториясын есептеп, затты ұстау процесін басқарады.

RynnBrain Alibaba-ның Qwen3-VL атты мультимодальді жүйесі негізінде оқытылған. Бұл платформа мәтін мен бейнені қатар өңдей алады. Компания модельді ашық форматта ұсынуда, яғни әзірлеушілер оны тегін пайдаланып, өз жобаларына бейімдей алады.

Контекст және алғышарттар

RynnBrain-нің іске қосылуы «физикалық ЖИ» саласындағы бәсекенің күшеюімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – нақты әлемдегі машиналарды басқаруға қабілетті жасанды интеллект модельдері.

2025 жылдың қаңтарында Nvidia роботтар мен автономды жүйелерді жасанды деректер арқылы оқытуға арналған Cosmos платформасын таныстырған еді. Компания оны өнеркәсіптік және сервистік робототехниканы дамытудың іргетасы ретінде көрсетіп келеді.

Ал 2024 жылы Google DeepMind Gemini Robotics-ER моделін жариялады. Ол роботтарға камера арқылы заттарды тануға, мәтіндік командаларды түсінуге және физикалық кеңістікте әрекеттерді жоспарлауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе бір затты алып, басқа жерге қою секілді бірнеше қадамнан тұратын тапсырмаларды орындай алады.

Ірі компаниялар өз модельдері мен құралдарын ашық қолжетімді еткен кезде, олардың айналасында экожүйе тез қалыптасады. Бұл дайын код үлгілері, деректер жиынтығы, нақты роботтарға арналған модульдер мен кең таралған фреймворктермен интеграция деген сөз. Мұндай қадам нарықтың дамуын жеделдетіп, жабық шешімдер ұсынатын бәсекелестерге қысымды күшейтуі мүмкін.

RynnBrain GitHub пен Hugging Face платформаларында бірнеше нұсқамен жарияланды. Ал бұл өз кезегінде кіру шегін айтарлықтай төмендетеді, яғни университеттер, стартаптар мен шағын компаниялар қымбат корпоративтік шешімдерге тәуелді болмай-ақ, модельді өз жобаларында сынап көре алады.