Алғашқы қазақтың ғарышқа ұшқанына – 33 жыл

3 Қазан, 18:33 592

1991 жыл – Қазақстанның ғарыш саласына тарихи қадам жасаған кезеңі. Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров командасымен бірге Байқоңыр айлағынан «Союз ТМ-13» ғарыш кемесіне отырып, аспан әлемін зерттеуге аттанған еді.

Экипаж мүшелері «Мир» орбиталық станциясында бір апта болып, 10 қазан күні Жерге қайтып оралған болатын. Осы уақыт аралығында 5 ғылыми эксперимент жүзеге асырылды. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі 33 жыл бұрын ғарышқа аттанған алғашқы қазақ-ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың ерлігіне тоқталып, бұл тарихи датаның ғылыми маңыздылығына шолу жасады.  

Айта кету керек, ғарышқа сапар барысында Арал теңізінің құмды дауылдарының түсірілімі жүргізіліп, медицина-биологиялық зерттеулер басталған еді. Мамандандырылған азық-түлік және ғарыштық биотехнология мұқият бақыланды. Микрогравитация жағдайында металл балқытпаларының іс-әрекеті зерттелді. Жиналған үлгілер Жерге қайтарылып, ғалымдар тарапынан жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшуы қазақстандық ғарыш саласы мен технологиясының дамуына үлкен серпін берді. Ұлты қазақ алғашқы ғарышкер ретінде оның жетістіктері Жер планетасын зерттеудегі жаңа эра ретінде бағаланады. Сондай-ақ, еліміздегі ғарыш технологиясын жасақтау кезеңі болып есептеледі.

Күні кеше Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Тоқтар Әубәкіровті ғарышқа алғашқы ұшқан күнімен құттықтады.

Ведомство басшысы оған ғарыш саласының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, ұзақ ғұмыр тіледі.

Сондай-ақ министр құрметті ғарышкермен кездесулерінің жеке тәжірибесін айта отырып, бала кезінде Тоқтар Әубәкіровпен бір аулада тұрғанын алға тартты.

Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа сапары

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров – техника ғылымдарының докторы, профессор әрі КСРО-ның 72-ғарышкері, КСРО-ның еңбегі сіңген сынаушы-ұшқышы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, Қазақстанның Әуе қорғаныс күштерінің генерал-майоры, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы. Оның есімі Қазақстанның және әлемнің ғарыш тарихында алтын әріптермен жазылған. Қазақстан халқы үшін үлкен мақтаныш. Еліміздегі ғылым мен технологиялардың дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болды.

Әубәкіров Кеңес Одағының авиациясына үлес қосқан ұшқыш-сынақшы ретінде танымал болды. Ол 1988 жылы Кеңес Одағының ғарышкерлер құрамына қабылданды. Оның ғарышқа ұшуға іріктелуі де тегіннен тегіс емес,  авиация саласындағы мол тәжірибесі мен жетістіктеріне байланысты болды.

Ғарышқа ұшу – оңай процесс емес. Оған асқан дайындық қажет. Даярлық кезінде физикалық, психологиялық тұрғыдан үлкен талаптар қойылады. Әубәкіров осы талаптарды сәтті орындап, ғарышқа ұшу үшін қажетті сынақтардан сүрінбей өтті. Дайындық барысында күрделі жаттығуларға, ұзақ мерзімді оқыту курстарына қатысып, біліктілігін жетілдірді. Сонымен қатар, ғарышта орындалатын ғылыми тапсырмаларға да мұқият дайындалды.

Осылайша 1991 жылдың 2 қазанында ғарышқа алғаш ұшқан қазақ ғарышкері атанды. Бұл кезең Кеңес Одағының соңғы жылдарына тұспа-тұс келеді. Қазақстан егемендігін жариялануға жақын болғанымен, әлі де ресми түрде Кеңес Одағының құрамында болды.

«Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанған Әубәкіров ғарыш кемесінің негізгі мақсаты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және «Мир» орбиталық станциясымен байланыс орнату болатынын түсінді. Ғарышқа ұшу барысында көптеген ғылыми эксперимент пен зерттеу жүргізіліп, бұл сапары техникалық жағынан ғана емес, саяси және мәдени мәнге ие болды. Бұл датаны Қазақстанның ғарыш кеңістігіне жол салған алғашқы қадамы деп айтуға болады.

Сапардың ғылыми маңызы қандай болды?

Ғарыштық зерттеулердің негізгі бағыты адам ағзасына ғарыштық жағдайлардың әсерін тексеру болды. Тоқтар Әубәкіров осыған байланысты бірқатар эксперимент жүргізді. Бұл зерттеулер болашақта ұзақ мерзімді ғарыштық миссиялар мен Марсқа ұшу секілді үлкен мақсаттар үшін маңызды еді. Айта кету керек, Әубәкіровтың ғарыштағы тәжірибесі Қазақстанның өз ғарыштық бағдарламасын дамытуына да негіз болған-тын.

Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшуының тарихи мәні

Әубәкіров ғарышқа ұшуы Қазақстан үшін үлкен тарихи оқиға еді. Оның ғарышқа сапары Қазақстан тәуелсіздігін жариялауымен ұштасып, ерекше саяси реңк берген болатын. Қазақстанның халықаралық аренада өзіндік орнын айқындап берді десек артық айтқан емес. Тоқтар Әубәкіров ғарышкер ғана емес, сонымен қатар егеменді Қазақстанның алғашқы қаһарманы болды.

Әубәкіров Кеңес Одағының атынан ұшса да, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері ретінде танылды. Оның бұл сапары Қазақстанның халықаралық деңгейде өзін танытуға алғашқы қадамдарының бірі болды.

Сапардың нәтижелері мен әсері

Ғарыштан оралған Тоқтар Әубәкіров Қазақстанда және әлемнің көптеген елінде үлкен құрмет пен қошеметке ие болды. Оның бұл ерлігі Қазақстанның ғылымы мен технологияларының дамуына серпін беріп, жас ғалымдар мен инженерлерді шабыттандырды.

Бұл - мен үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін тарихи қадам. Ғарыш әлеміне өз елімнің атынан бірінші болып қадам басқанымды сезіндім,-деді Әубәкіров бір сұқбатында.

Ол өзінің қызметімен және ерлігімен Қазақстанның әлем алдындағы беделін көтергені сөзсіз.

Тоқтар Әубәкіровтың 1991 жылы ғарышқа ұшуы еліміздің ғарыштық бағдарламасының негізін қалады. Бұл сапар ұлттық мақтаныш пен отансүйгіштіктің символы істеттес маңызға ие. Оның ғарыштағы жетістіктері - жас ұрпаққа қай кезде де үлгі.

Ашық ғарышқа шығу уақыты бойынша әлемдік рекорд орнақтан тұлға кім?

Қазақстанның ғарыш саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізуінде Тоқтар Әубәкіровтың ғана емес, бірнеше қазақ ғарышкерінің үлесі бар. Олар ғылыми жетістіктерімен қазақ халқының ғана емес, әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарын аударды. Мәселен, Қазақстанның екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев - ғарыш кеңістігін бірнеше рет бағындырып, өз есімін әлемдік ғарыш тарихына енгізген тұлға. Ол ғарышқа үш рет ұшқан. Мәселен:

1.1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» ғарыш кемесімен алғашқы сапарын жасап, «Мир» орбиталық станциясында 126 күн 22 сағат 38 минут жұмыс істеді.

2.1998 жылы 29 қаңтарда «Союз ТМ-27» кемесімен ғарышқа тағы бір сапар шегіп, «Мир» станциясында 208 күн болды. Бұл сапар барысында Мұсабаев 7 рет ашық ғарышқа шығып, 41 сағаттан астам уақыт ғарыш кеңістігінде жұмыс істеді.

3.2001 жылы 28 сәуірде «Союз ТМ-32» кемесімен үшінші рет ғарышқа аттанды. Бұл сапар барысында Талғат Мұсабаев Қазақстанның ұлттық ғарыш бағдарламасына үлкен ықпал етіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Талғат Мұсабаев ғарышта 341 күн болып, 10 рет ашық ғарышқа шықты. Сондай-ақ, Ашық ғарышқа шығу уақыты бойынша Мұсабаев әлемдік рекорд орнақтан еді. Ол - Қазақстанның ғарыш саласындағы жетекші тұлғаларының бірі ретінде өз елінің және Ресейдің ғарыштық бағдарламаларына үлкен үлес қосқан ғарышкер. Ол - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы болып жұмыс істеп, ғарыш саласын халықаралық деңгейде танытуға үлкен күш салған азамат.

Тәуелсіз Қазақстан атынан ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ кім?

Қазақстанның үшінші ғарышкері әрі тәуелсіз Қазақстан атынан ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ - Айдын Айымбетов. Оның ғарышқа сапары Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңіндегі маңызды оқиғалардың бірі саналды. 2015 жылы 2 қыркүйекте Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) аттанды. Бұл сапардың негізгі мақсаты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғарыштық технологияларды дамыту және Қазақстанның ғарыш саласын әлемдік деңгейде таныстыру болды. Айымбетов ғарышта 10 күн болып, сол уақыт ішінде бірқатар маңызды эксперимент жүргізді.

Айдын Айымбетовтың ғарыштық сапары кезінде бірнеше ғылыми тапсырма орындалды. Мәселен, жер бетінің климаттық өзгерістерін бақылау, ғарыштық сәулеленудің адам ағзасына әсерін зерттеу және Қазақстанның аумағының ғарыштан суретке түсірілуі сияқты тапсырмалар аяқталды. Оның бұл сапары Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға және ғарыштық зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған болатын.

Қазақ ғарышкерлері өздерінің ерліктері және ғылыми жетістіктерімен Қазақстанның ғарыштық әлеуетін арттыруға септігін тигізіп, әлемдік аренада ғылыми және технологиялық салаларда алдыңғы қатарда екенін дәлелдеді.

Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовтың ғарыштық сапарларының маңызы орасан. Олар Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған кезеңнен бастап, еліміздің халықаралық беделін арттырып, ғылым мен технологиялар саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Ғарыштағы зерттеулері мен эксперименттері Қазақстанның ғарыштық бағдарламасын дамытуға негіз болды. Сонымен қатар, жас ұрпақ үшін үлгі болып, елімізде ғылымға, техникаға және ғарыштық зерттеулерге деген қызығушылықты оятты.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: