Алғаш рет үлкен сахнаға Кореяға барғанда шықтым – Шехназа Сейітқазықызы

8 Наурыз 2023, 18:00 2436

El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында Астанадағы «Жастар» театрының талантты әртісі Шехназа Сейтқазықызымен сұхбаттасқан еді.

Шехназа Қызыханова «Елорда Жастар сыйлығын», «Сахнагер - Үміт» ұлттық театр сыйлығын иеленген және Қырғыз Республикасының мәдениетіне үлес қосқаны үшін «Жамал Сайдакматова» медалімен марапатталған.

– Ең алғашқы рөліңіз есіңізде ме?

Алғашқы сомдаған рөлім Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүрген кездегі дипломдық жұмысыммен байланысты болды. Біз «Моцарт» мюзиклін әзірледік. Мен Констанцаның рөлін ойнадым. 2-3 курста оқып жүргенде сол номермен Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен дүниежүзілік мюзикл фестиваліне барған болатынбыз. Бұл – АҚШ-та өтетін «Бродвейден» кейінгі беделі жағынан екінші фестиваль. Мюзикл жанрының ерекшелігіне сай ән айттық, би де биледік және актерлік шеберлігімізді көрсеттік. Оған АҚШ, Франция, Ресей секілді ірі мемлекеттерден де өнерпаздар келген болатын. Сол жақта студенттер арасындағы арнайы жүлдеге ие болдық. Осылайша, мен алғаш рет үлкен сахнаға Корея жерінде көтерілдім. Жалпы «Моцарт. Рок-операсы» алғаш рет Францияда қойылған. Біз оны дипломдық жұмыс кезінде көрерменге басқаша ұсындық. Бұл мюзикілді ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбайдың нұсқаулығымен, режиссерлік шешім қабылдай отырып, түрлендірген едік. Әдетте бұл мюзиклді барлық елде бірдей, бір стандартта көрсетеді. Ал біз Кореяға өзіміз өзгерткен нұсқаны апардық. Сол кезде есімде қалыпты, аталған мюзиклдің түпнұсқасын қойған режиссер бізге келіп, «Бұл мюзиклді дәл осылай түрлендіріп, басқаша қоюға болатыны жайлы ой маған келмепті. Сіздер мені таңқалдырдыңыздар. Керемет!» деді. Оның эмоция білдіріп, басын иіп, тәнті болғаны біз үшін ұмытылмас әсер қалдырды. Сонда ғой кәрістердің бізге таңқала қарағаны... Кейін осы мюзиклде ойнаған студенттерді Нұрқанат Жақыпбай «Жастар» театрына қабылдады. Біз мұнда дайын дипломдық жұмыстарымызбен келдік. Одан кейін Нұрқанат Жақыпбай шеберханасының түлектері болып, өзіміз музыкасын жазып, өзіміз қойылымын сомдап «Қыз Жібек» операсын жасадық. Ол жерде мен Дүрия рөлінде ойнадым. Аталған екі спектакліміз де республикалық деңгейдегі байқауларда гран-при алып, халықаралық сайыстарда да жүлдегер атанып жүр.

– Қобалжу жайлы айтыңызшы.

Әрине, ол кездері қобалжу деген жиі болатын. Тіпті соның салдарынан тамағым кеуіп қала беретін. Мысалы, сахнада актерлық шеберлігіңді көрсетіп жатып, бірден әнге салып кетуің керек кездер болады. Сондайда қиналып қалатынмын. Бірақ мұның бәрі тәжірибе жиналған сайын біртіндеп реттеле бастайды.

Сахнада қандай образды сомдағыңыз келмейді?

Актриса мамандығын кәсіби түрде оқып шыққаннан кейін режиссер бекіткен кез келген рөлді сомдап шығуға тиіссіз. Мысалы, алдағы 11 наурызда жаңа спектакльдің прьемерасы болады. Сол қойылымда маған «БОМЖ-дың» рөлін берді. Ал мен оны алғым келмейді деп айтпаймын. Себебі, кез келген рөлге ену – біздің жұмысымыз. Барынша сәтті ойнауға тырысамын. Образдардың әртүрлі болуы актер үшін қызықты ғой.

– Өзіңіз қатысқан қойылымның шымылдығы ашылған сәтте қандай күйде боласыз, ал шымылдық жабылғанда ше?

Қойылым болатын күні бәріміз жиналып, сахнадағы әрбір іс-әрекетті, сөздерді пысықтап, дайындық жасаймыз. Техникалық жабдықтар, кейіпкерлердің гримдеріне дейін мұқият тексеріледі. Қойылымды бүге-шүгесіне дейін бір қойып шығамыз. Ал шымылдық ашылғанға дейін мен сахнаға шығып, Құдайға дұға жасаймын. Ойымды бір арнаға шоғырландырып, жинақталуға тырысамын. Өзім сомдайтын кейіпкердің іс-әрекетінен көрермен ой түйсе, ғибратын сезінсе екен деп тілеймін. Мұның бәрі шымылдық ашылғанға дейінгі 5-10 минут аралығында болып жатады. Сосын біз бір-бірімізге сәттілік тілеп, қолдау білдіреміз. Ал шымылдық ашылған сәтте менің әлемім өзгеріп сала береді. Қандай қойылымда өнер көрсетсем, сол кезеңнің адамына айналып кеткендей күй кешемін. Бұл кезде күйбең-тіршіліктегі ойларыңа орын қалмайды. Образға жан-тәніңмен берілген кезде басыңдағы барлық мәселе, бөтен ой артта қалады. Қысқаша айтқанда, қойылым біткенге дейін мына өмірде жоқ адам бола тұрасың. Ал шымылдық жабылған кезде бойымда бір босаңсу пайда болады. Бұл мезетте біз көрермен алдында тағзым жасауға дайындалып үлгереміз.  Сол бір шақ – «өте тәтті» сәттердің бірі. Біз жасаған, ұсынған дүниенің көрерменге қалай әсер еткенін сезінуге тырысамын. Олардың реакциясын іштей бақылап тұрамын.  Олар қалай шапалақ ұратынына дейін күтесіз. Көрерменнің сенің өнеріңді қалай бағалайтыны қызық... Көрерменнің әрбір қошеметін, алғысын бойыма сіңіріп тұруға тырысамын. Өзім де сол жерде іштей келгендерге рахмет айтып тұрамын. Сосын кейде көрермен тарапынан алған эмоцияның ықпалынан көңілде пайда болған ерекше толқын тулап, ұйқы бермейді. Кей актерлер күрделі, ауыр қойылымнан шыққаннан кейін қалыпты өміріне еш қиындықсыз орала қояды. Ал маған сол күнгі әсерден толық арылу қиынға соғады. Іштей өз өнеріме қорытынды жасағанша қалай түн жарымы болып қалғанын байқамай да қалам.

Актриса ретінде берік ұстанатын ұстанымыңыз бар ма?

Актриса ретіндегі басты ұстанымым – кәсібилік. Кәсіби шебер ешқашан ақталып жатпайды. Кез келген адам өз саласын 100%, жетік меңгеруі керек. Мейлі, сен тіс дәрігері бол, актер бол немесе хирург шығарсың. Бәрібір. Сондықтан актердің де шеберлігін көрсету кезінде жасаған қателігі кешірілмейді.  Актер ешқашан өзі көтерілген кәсіби шеберліктің шыңынан түспеуі тиіс.

Сабира Майқанова, Бикен Римова секілді майталмандардың бүгінгі ізбасарлары өздеріңіз. Сіздерге қандай сын жиі айтылады.

Бізге сын айтылады. Кейбір сыншылар «Жастар» театрын пластикалық театр деп қана қабылдайды. Нұрқанат Жақыпбай театрға алғаш болып хорды, ән айтуды, би билеуді алып келген болатын. Қойылымды пластикамен де жеткізуге болатынын көрсеткен еді. Театр алғаш ашылғанда сын өте көп айтылды. Қазір де сол сын бар. Ал бірақ бұл тұрғыда біз Нұрқанат Жақыпбайды реформатор ретінде қабылдаймыз. Өйткені, ол осы арқылы жалпы қазақ театры өнерін жаңа деңгейге көтерді. Театр – бүкіл өнерлердің тоғысқан синтезі.  Онда акрабатикалық өнер де, хор да болуы керек қой. Заман ілгерілеген сайын, адамдар да өзгере бастайды. Сондықтан қойылымды ұсынарда ұшқырлыққа да сүйену керек. Мысалы, «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклін бір байқауда сыншылардың алдына алып шықтық. Сонда олар қойылым арасында бірден әнге ауысып кететін сәттерді түсінбей қалып жатты. Қабылдай алмаған сияқты. Ал бірақ бұл – бізге келетін заманауи көремендердің ең сүйікті қойылымдарының біріне айналып кетті. Көрермен мұны жақсы түсінеді. Кейіпкердің әнмен жауап қатуы мюзиклде «находка» саналады. Ал мұның бәрін жымдастыра білу – шеберлік. Себебі 2 сағат сахнада тұрып, кез келген актер сөйлеп бере алады. Арасында жылап, күліп, сөзбен ғана әрекет ету оп-оңай. Ал біздің ұстазымыз оңай жолдан әркез қашады. Ондай оңай дүниені беріп керегі не? Көрермен қойылымнан эмоцияға толы әсер алуға, таңқалу үшін, тамсану үшін келеді.

Театрда бір рөлді бірнеше мәрте қайталау сізді шаршатпай ма?

Бір рөлді бірнеше рет сомдау неге жалықтырмайтынын бізесіз бе?  Әр кез бір қойылымды екініші рет көрерменге ұсынатын болсақ, жетілдіріп барып қана көрсетеміз. Ескірген жерін толықтырамыз. Әрдайым жаңашылдық енгіземіз. Сондықтан бұл бізді шаршатады дей алмаймын. Сіз өскен сайын, өзіңіз сомдап жүрген образ да жетіле түседі.

Әдетте 8 наурыз мерекесін қалай өткізесіз?

Ой, бұл мереке біздің ұжымда ерекше аталып өтіледі! Біздің азаматтар өте ұйымшыл. Олар бізді жыл сайын ерекше құттықтауға тырысады.  Біз де 7 мамыр мерекесінде оларды таңқалдырып отыруға тырысамыз. Әр мерекеде әртүрлі тематиканы негізге аламыз. Мәселен, жігіттер жағы бізге дастархан жайып, сый-сияпат қана көрсетпейді, біздерге арнап, арнайы қойылым әзірлейді.

– Сөз соның шығармашылығыңыздағы жаңалықтармен түйіндесек.

Шығармашылығымдағы жаңалыққа «Шекспирде» ойнағанымды атап өтсем болады. «Шекспирде» ойнау – өте қиын. Бұл кез келгеніміз үшін жаңа кезең саналады. Мысалы, жақында «Ромео мен Джульетта» спектаклінде күтушінің рөлін сомдадым. Кормилицаны. Өте жарқын образ. Кезінде Ғазиза апаймыз ойнаған рөл. Негізі бұл рөл үшін мен жастаумын. Сондықтан қиындау болды. Ол – эмоциаға толы, оқыс қимылы көп кейіпкер. Осындай қойылымда ойнағаныма бақыттымын және бұл бастамасы ғана деп ойлаймын. Менің ендігі арманым – Шекспирдің басқа кез келген кейіпкерін сомдау. Алдағы уақытта әлі де прьемералар болады. Сол кезде бұйырып қалатын шығар. Жуырда Ермек Аманшаевтың «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан» деген спектаклі болады. Ол жерде бір эпизодта ойнаймын. Жоғарыда айтқанымдай «БОМЖ» рөлінде боламын. Алдағы уақытта көрермендерді жаңа образдарда қуантамын деп үміттенемін.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Жанболат Кенжеғұл
Бөлісу: