23.11.2025
17:30
479
Алғабастағы қайғылы жағдайдан кейін өрт қауіпсіздігі рейдтері басталды

Алғабастағы қайғылы жағдайдан кейін өрт қауіпсіздігі рейдтері басталды

Алғабас ауылындағы оқиғадан кейін өңірде профилактикалық жұмыстар айтарлықтай күшейтілді. Облыста 350 мыңнан астам үй тіркелген, олардың басым бөлігі – жеке сектор, шамамен 3,5 мыңы – көпқабатты үйлер, деп хабарлайды El.kz интернет порталы otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Қазір мамандар шамамен 139 мың нысанды аралап шыққан, жыл соңына дейін тексерістерді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Облыстық ТЖД мәліметінше, өрттердің көбісі жеке үйлерде, автокөліктерде және сауда нүктелерінде болады.

«Өрттің шығуына көбіне электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезіндегі ережелердің бұзылуы, сондай-ақ пештерді қолдану талаптарының сақталмауы себеп болады. Өрт хабарлағыштары қайғылы жағдайлардың алдын алуы мүмкін. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі ережелерін білу және сақтау маңызды», — деді Түркістан облысы ТЖД басшысы Асқар Төлешев.

Өрт қауіпсіздігі мәселесі облыс әкімі қатысқан жиында талқыланды. Нұралхан Көшеров департаменттерге, басқармаларға және аудан әкімдеріне өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

«Әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, қонақүйлер мен хостелдер қайта тексеріледі. Олардың өрт және улы газ тұрғысынан қауіпсіздігі күшейтілуі тиіс. Бұл қайғылы жағдайлар тұрғын үйлерде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болып отыр. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Заңсыз салынған нысандарды анықтайтын арнайы жұмыс тобын құрып, рейдтерді тұрақты түрде өткізуді тапсырамын. Құрылыс нысандарының құжаттарын және өрт қауіпсіздігін талдап, нәтижесі бойынша шара қабылдаңыздар», — деді облыс әкімі.

Өрт қаупін төмендету үшін өңірде барлық нысандарға өрт хабарлағыштарын орнату және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Жұмыс тобының құрамы кеңейтілді: оған әкімдік өкілдері, газ инспекциясы, «ҚазахГазАймақ», ТЖД және өзге де құрылымдар кірді. Олар рейдтер мен профилактикалық шараларды жалғастырады