Әлеуметтік қызметтер порталы: мүгедектігі бар жандар 651 мыңнан астам қызмет алды

8 Қаңтар, 21:40 878

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 2023 жылы шамамен 532,4 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 8,2 мың – ымдау тілі қызметін, 26,4 мың – жеке көмекшінің, 84,5 мың – санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.


ҚР ЕХӘҚМ

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды. Бүгінгі күні порталда 872 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 542 ОТҚ жеткізуші, 28 мыңнан астам жеке көмекші, 716 ымдау тілі және 104 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген, - делінген мәліметте.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Портал жөніндегі комиссияларға жаңа өкілеттіктер берілген: мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні Порталдан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: