Әлемнің ең үздік университеттері Coursera-да. Қазақ студенттері қандай курстардан тегін өте алады?

30 Мамыр 2023, 13:51 2594

Жоғары оқу орындары мен студенттерге арналған Coursera платформасы еліміздің студенттеріне де қолжетімді. Қазіргі күні білім алушылар 500-дей курсты қазақ тілінде оқи алады. Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының академиялық бағдарламалар, әдістемелік және ғылыми кеңсесінің жетекшісі Сәния Жұмабаева Coursera онлайн-оқыту платформасында институттың қандай жетістіктерге жеткенін айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

El.kz: Сәния Бақытжанқызы, ең алдымен платформа жайында айтып берсеңіз. Coursera – ол қандай платформа?

Сәния Жұмабаева: Coursera платформасы – бұл әлемдегі ең үлкен платформа. Онда 177 жоғары оқу орнының 11 мыңға жуық курсы жүктелген. Яғни бұл платформада оқытылатын курстың барлығы ақылы. Егер кез келген азамат платформада қандай да бір курсты меңгергісі келіп, қызығушылық танытса, онда ол өзінің таңдаған курсының ақысын төлеп, кез келген уақытта оны меңгеруіне мүмкіндік бар. Жүйедегі барлық ақпарат тек ағылшын тілінде қолжетімді.

El.kz:  Бұл жүйеге еліміздің университеттері қашан қосылды? Оның ішінде сіздердің институттарыңыз платформаны қашаннан бастап қолдана бастады?

Сәния Жұмабаева: Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Халықаралық жобалар аясында 25 жоғары оқу орнына Coursera платформасынан курсты меңгеруге квота бөлініп отыр. Бұл 25 университеттің бірі – Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты.

Биылғы, яғни 2023 жылғы ақпан айынан бастап институтымыздың 500 студенті Coursera платформасынан білім алды. Қазіргі таңда 500 студенттің барлығы курсты аяқтап, сертификат алды.

El.kz:   Елімізде жоғары білім сапасын көтеру қолға алынғаны белгілі. Осы ретте бұл халықаралық білім платформасының алға қойған мақсатты жүзеге асыруда тигізер пайдасы бар ма? Курстарды оқу ақылы ма?

Сәния Жұмабаева: Coursera платформасынан курсты меңгеру, жаппай ашық онлайн курсты игеру – бұл біздің білім саласына беріліп жатқан пайдасы мол курс деп айтуымызға болады. Себебі 2023 жылы Coursera платформасындағы бірнеше курс, нақтырақ айтсақ, «500 курс ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылып, біздің қазақстандық студенттерге қолжетімді болады» деген жаңалықты естігеннен бастап, студенттердің, оқытушыларымыздың қызығушылығы жоғары болды. Олай деп айтуымыздың себебі – бұл платформада орналасқан курсты, мысалы, кейбір студенттер тілді меңгермеуіне байланысты оқи алмауы мүмкін. Енді халықаралық деңгейдегі курстардың қазақ тіліне аударылып, студенттерге ақысыз, тегін оқуға мүмкіндік беріп отырған министрліктің жобасы өте тиімді. Жобаның білім сапасын көтеруге тигізетін үлесі зор.

El.kz:  Coursera платформасындағы курстардың нәтижесін көріп жатырсыздар ма? Жалпы студенттердің қызығушылығы бар ма? Платформада қандай курстар бар? Арқалық институтында қандай курстар сұранысқа ие, яғни студенттер қай бағытты көп қолданады?

Сәния Жұмабаева: Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының 500 студенті кәсіпкерлік негіздері, оның ішінде кәсіптің негізін қалау, істі бастауға даярлық, ойлау және әрекет, стратегиялық инновациялар, инновациялық бастамаларды басқару, стратегиялық көшбасшылық немесе менеджемент бойынша қорытынды жоба, шығармашылық құралдар жинағы, жақсы іскери хат жазу және менеджемент негіздері деген курстарға жазылып, өздерінің алдарына ұсынылған курстар тізбесінен қалаған курстарын меңгерді. Яғни олар өздері қызығушылық танытқан курстарға өтініш беруге мүмкіндіктері болды. Қазіргі күні курсты оқыған барлық студент сертификат алды.

El.kz: : Арқалық институтында Coursera қалай жүзеге асырылып жатыр? Институт Coursera платформасын қолданғалы бері студенттердің білім сапасында өзгеріс байқалды ма?

Сәния Жұмабаева  Атап өтетіні, студенттер платформаға кіргеннен кейін бір курсты меңгеріп болғаннан кейін өз беттерімен тағы басқа қандай курстар бар екеніне қызығушылықтары ояна бастайды. Осылайша бірнеше курсты меңгеріп, бірнеше сертификатқа ие болып жатқан студенттер де бар.

 Институт студенттеріне 2022-2023 оқу жылының екінші семестрінде, яғни биылдың ақпанынан бастап курстарды меңгеруге мүмкіндік берілді. Яғни студенттерге алдымен курстардың каталогын ұсындық. Ол жерде студенттер өздері қалаған курсты меңгеруге өтініштер беріп отырды. Бізге жұмыс істеуімізге көмегі тиген маңызды тұсты да айта кеткен жөн. Бізге курстарды ұсыну кезінде әдістемелік ұстанымдар берілді. Мысалы, курстарды өткізу, курстардан алынған сертификаттарды тану, курсқа жазылу, курсты таңдау және курсты бағалау сияқты ақпараттар кең көлемде берілген.

Жалпы министрліктің ұсынған ұстанымдарының негізінде студенттермен жұмыс істедік. Яғни осы курстардың каталогын жасадық. Бұл каталогпен студенттер танысып, өздірі қызыққан курстарды таңдады. Біз оны жұмыс жоспарындағы қандай пәнге сәйкестендіреміз және ол курсты аяқтағаннан кейін студенттің білімі жұмыс жоспарындағы пәнді толық қамти ма немесе жартылай қамти ма – осыны анықтадық. Оны анықтау үшін әр білім беру бағдарламасының жауапты мамандарының арасынан комиссия құрылды. Яғни өтінішті қарастырып, сол пәннің мазмұнына сәйкес келіп-келмейтінін анықтады. Кейін комиссия отырысының шешімімен студенттер курсқа жіберілді. Студенттер өздеріне қолайлы уақытта Coursera платформасына тіркеліп, тиісті курсты меңгерді.

Сонымен қатар әр куратор студентпен жеке жұмыс істеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол курсты меңгергеннен кейін студент курсты аяқтағаны жөніндегі құжатын алып, сертификатын комиссияға ұсынды. Яғни комиссиясының шешімі бойынша студенттердің алған білімі жұмыс-оқу жоспарындағы пәнді толық немесе жартылай жауып отырды.

Coursera платформасы студенттерге уақытын үнемдеуге тиімді болды. Дәлірек айтқанда, студенттер өздеріне ыңғайлы уақытта платформаға кіріп, тапсырманы орындап, келесі кезеңге өтіп отырды.

Алғашында студенттерге түсіндіргенде бұл алғаш рет жасалып жатқан жұмыс болғандықтан қорқыныш болғанын жасырмаймыз. Оқытушылар «бұл қалай болар екен?», «нәтижесі қалай болар екен?», ал студенттер «курсты меңгере алмай қалсақ не болады?» деп уайымдады. Бірақ қазір барлық студент сертификатын алды.

Бір қуантарлық жайт – студенттер курсты меңгеру кезінде біз ойлағаннан да аз уақыт ішінде белсенділік, қызығушылық танытып, курсты өте жылдам аяқтап, бірнеше сертификат алды.

Еліміздің білім саласына өте жоғары баға берер едім. Қазіргі таңда білім алғысы, оқығысы, өзін жетілдіргісі, дамытқысы келетін студентке ақпараттың барлығы қолжетімді. Студенттің бойынша тек қана білімге, оқуға, өзінің дүниетанымын кеңейтуге деген ынтасы болса жеткілікті.

El.kz:Еліміздегі білім сапасына берер бағаңыз... Қандай проблемалар бар? Қандай ұсыныс айтар едіңіз.

Сәния Жұмабаева: Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ұжымы мен студенттері атынан Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғысымызды айтамыз. Осындай халықаралық деңгейдегі курстарды меңгеруге мүмкіндік беріп отыр. Курстардан өткен студенттеріміз өздерінің білімін тағы да бір қырынан аша түсті деген сенімдеміз. Бұл жоба әлі де жалғасын тауып, алдағы оқу жылында студенттеріміз тағы да бірнеше курсты меңгереді деген ойдамын.

Coursera – 2012 жылы Стэнфорд профессорлары Дафне Коллер мен Эндрю Ын жасаған әлемдік платформа. Ол 77 миллионнан астам студенті біріктіріп, әлемдегі үздік университеттердің курстарынан өтуге мүмкіндік береді. Мұнда Йель немесе Стэнфорд, Калтех, Беркли және т.б. университеттердің курстарынан өтуге болады. Курстар білімнің барлық саласында қолжетімді. Мысалы, келіссөздер, қаржы, бағдарламалау курсынан өтуге, тіпті денсаулығыңыз бен әл-ауқатыңыз туралы ғылым курстары да бар.

Платформадағы материалдар дәстүрлі оқыту формасына жақын: лекциялар, бақылау жұмыстары, үй тапсырмалары, емтихандар. Егер студентке қандай да бір сұрақ түсініксіз болса, онда студенттер мен оқытушылар байланысатын арнайы форумда тақырыпты талқылауға мүмкіндік бар. Материалдың көп бөлігі ағылшын тілінде қолжетімді. Оны компьютерде де, телефон арқылы да оқуға болады.

Қазақстан 2023 жылдан бастап Coursera-мен бірлескен бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Оның аясында біздің еліміз қазақстандық студенттер үшін 20 000 лицензия алады. Лицензиялар 25 аймақтық жоғары оқу орындары арасында бөлінеді, олар курстарды студенттер арасында таратады. Әр университетте жауапты тұлғалар тағайындалды, олар платформаға кіруге рұқсат алып, оқу процесін бақылап, студенттердің үлгерімін талдайды.

Платформада қазірдің өзінде қазақ және орыс тілдерінде 50-ден аса курс бар, олар бағдарламалау және цифрландыру, математика, физика, маркетинг және т.б. салаларды қамтиды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, алдағы үш жылда 100 мың қазақстандық студент Coursera платформасына қол жеткізе алады.

Coursera курстарына қосылған 25 жоғары оқу орнының тізімі:

  1. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты
  2. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті
  3. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
  4. Қарағанды индустриалды университеті
  5. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті
  6. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті
  7. Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті
  8. Павлодар педагогикалық университеті
  9. Қазақ әйелдер ұлттық педагогикалық университеті
  10. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті
  11. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
  12. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті
  13. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті
  14. Рудный индустриалды институты
  15. Сафи Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті
  16. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
  17. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
  18. О. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті
  19. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
  20. С. Торайғыров атындағы Павлодар университеті
  21. Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті
  22. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті
  23. М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
  24. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
  25. Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті.
Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: