Oracle компаниясының негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Ларри Эллисон алғаш рет әлемдегі ең бай адамдар тізімінің көшін бастады. Ол бұл тізімде Илон Маскті басып озды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Bloomberg мәліметінше, 10 қыркүйекте Oracle Corp. қаржылық есебін жариялап, болашақта да өсім күтілетінін болжаған соң Эллисонның байлығы бір күнде 101 миллиард долларға артты.
Нәтижесінде оның жалпы капиталы 393 миллиард долларға жетіп, Маскті (385 млрд доллар) артта қалдырды. Бұл – Bloomberg Billionaires Index тарихындағы ең ірі бір күндік өсім.
Илон Маск алғаш рет 2021 жылы әлемдегі ең бай адам атанған еді. Кейін ол көшбасшылықты Amazon негізін қалаушы Джефф Безос пен LVMH иесі Бернар Арноға берген. Былыр қайтадан бірінші орынға шыққан Маск бұл мәртебені 300 күннен астам уақыт бойы ұстап тұрды.
81 жастағы Эллисон байлығының басым бөлігін Oracle акцияларында сақтаған. Компанияның акциялары 2024 жылдың басынан бері 45%-ға қымбаттап, 9 қыркүйектегі сауда жабылғаннан кейін тағы 41%-ға өсті. Бұл Oracle тарихындағы ең ірі бір күндік өсім болды.
Tesla Inc. акциялары, керісінше, жыл басынан бері 13%-ға төмендеді. Дегенме, компанияның директорлар кеңесі Маскке ауқымды сыйақы пакетін ұсынды. Егер ол қойылған мақсаттарға қол жеткізсе, тарихтағы алғашқы триллионер атануы мүмкін.