Әлемді велосипедпен шарлайтын саяхатшы

24 Мамыр 2019, 15:20 9828

Жасы 50-ге тақаған вело-жиһанкез соңғы төрт жылда әлемнің 40-қа жуық елінде болған

Қазіргі бейбітшілік заманда әлемді шарлаудың түрлі әдістері пайда бола бастады. Саяхатқа көпшілігі ұшақпен, пойызбен, көлікпен шығып, велосаяхаттың артықшылығын біле бермейді. Қос дөңгелекті темір көлікпен түрлі белдеуде орналасқан елдерден өту, суықтан ыстық жерге тап болу, түнгі уақытта бейтаныс жерде шатыр тігіп, түнеу -  бұның барлығы қиын болып көрінгенмен, үйреніп кетуге болатын жайттар. Адам қиындықтарға төтеп беріп, шыңдалады, өз-өзін тәрбиелейді. Бұл – велосаяхатқа шығу арқылы әлемнің әр еліндегі халықпен жақынырақ араласып жүрген алматылық жасы 50-ге таяған жиһанкез Талғат Жұмабековтың пікірі. Ол соңғы төрт жылда әлемнің 40-қа жуық  елінде болып, 50 мың  шақырымды жүріп өткен. Қазақстандық велошабандоз жер-жаһанды аралап, ел танып, жер көріп, бастысы салауатты өмір салтын сапар кезінде жолыққандарға барынша насихаттап, әрі еліміздің көрікті мекендерін шетелдіктерге жарнамалап  жүр.

Фотода: Талғат Жұмабеков

Оның әлемді шарлау идеясы осыдан бес жыл бұрын туған.  Ата-бабаларымыз қажылық парызын жаяу болмаса түйе, жылқы жануарларымен орындағанын естіп өскен ол шариғаттың бір талабын болашақта осылардың біреуімен орындауды мақсат етіпті. Содан Талғат 2015 жылы бала кездегі арманын жүзеге асыруға кіріседі. Ол алдымен қажылық парызын өзімен бірге жаяу атқаруға келісетін адамдарды жинау мақсатында әлеуметтік желідегі парақшасына жазбалар жаза бастайды. Бір күні сол жазбаға «Қажылықты неге велосипедпен орындамасқа?!» деген пікір келіп түседі. Бұл – Талғат Жұмабековтің сапарды жаңа жоспармен бастауына түрткі болған.  Көп ойланбастан  велосипед  және жолға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, отандасымыз 2015 жылы 6 қарашада қос дөңгелекті көлікпен саяхатқа аттанған.

­– Негізі ұшақпен баруға да жағдайым бар. Бірақ, өзім велосаяхаттың қиындығын сезінейін деп шештім. Сапар кезінде жол бойы кезіккен адамдардың ықыласын, олардың бір-біріне деген имандылықтарын білдіретін ғажайып сезімді басымнан өткерудің жөні бөлек деп ойлаймын. Әр саяхатыма сенімді серігімдей болып кеткен Құран кітапты алып шығамын, - дейді жиһанкез.

50 жастағы жиһанкез бұрын продюсерлік орталықта жұмыс істепті. Тіпті, хореограф та болған. Алайда уақыт өте келе дүние жүзін шарлағысы келетінін түсініп, өмірін саяхатшылыққа бұрған.

– Шетелді велосипедпен аралауды жоспарлап жүргенімді жақындарыма, достарыма айтқанда барлығы таң қалды. Әрине, олар менен мұндайды мүлдем күткен жоқ. Алайда  олар өз қолдауын білдірді, - дейді Жезқазғанның тумасы.

Сөйтіп, алғаш рет велосипедпен қасиетті Меккеге жалғыз аттанып, қытымыр қыстың аязына қарамастан 70 күнде 6 мың 500 шақырымды  жүріп өтіпті. Жолаушы Меккеге тура жолмен емес, бірнеше ел арқылы өтетін қауіпсіз бағытты таңдаған.

– Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Түркия елдері арқылы өтіп, жергілікті жұртпен сөйлесіп, тарихи орындарды аралап шықтым. Осылайша 70 күннің ішінде төрт елдің 36 қалаларында болып қайттым, - дейді ол.

Жиһанкез сапар барысында басты бірнеше қиындықтың болуы мүмкін екенін айтады.

– Біріншіден, ауа райына байланысты орын алатын қиындықтар. Мысалы, күтпеген жерден күн суытып не жаңбыр жауып кетіуі мүмкін. Екіншіден, сапарға аттанбас бұрын виза аштыру мәселесіне көп уақыт жұмсалуы ықтимал. Үшіншіден, бір елден екінші елдің аумағына өтер кезде құжатқа қатысты түрлі мәселелер шығып та жатады, - дейді саяхатшы.

Алайда Талғат алға қойған мақсатына жету үшін кездесер қиындықтардан қорықпайды. Ол саяхаттаудан ләззат алатынын айтады. Бөтен елге аттанған сапарларында әр түрлі оқиғаларды басынан кешіріп жатады екен.

– Өміріме қауіп төнген кездер де кездесіп жатты. Тіпті қатты шаршап, көңіл-күйім болмағанда, діттеген жеріме жету үшін өз-өзімді жігерлендіріп жүрдім. Әр түрлі елдерді аралап, жол-жөнекей жергілікті қазақтармен және өзге ұлт өкілдерімен әңгімелесемін, - дейді Талғат Жұмабеков.

Сондай-ақ, кездесу барысында саяхатшы еліміздің жетістіктері мен туристерге арналған көрікті мекендерді жарнамалап жүреді. Осылайша елдің туризм саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген Талғат  әлем халқы біздің елді жақсы білетінін әрі сыйлайтынын айтады.

– Өзім аралаған барлық елдерде біздің мемлекетті, тарихымыз бен  тілімізді, салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттап жүремін. Еліміз жайында түсірілген бейнероликтер мен фотосуреттерді көрсетіп, көрікті жерлерді таныстырам. Осы уақытқа дейін өзім барған Азия мен Африка, Парсы шығанағы мен ТМД, Еуропа елдері мені құшақ жая қарсы алып отырды, - дейді ол.

Велосаяхатшы келесі сапарға досымен бірге аттануды жөн көрген.  Олар  99  күннің ішінде 10  мың километрді шайтанарбамен шарлаған. Саяхат кезінде Ресей, Әзірбайжан, Иран, Грузия, Түркия, Грекия, Болгария, Венгрия, Франция, Испания, Германия, Италия сынды бас-аяғы 25 мемлекеттің аумағын басып өтіпті.

– Саяхаттың алдында «мына елдерге барамын, мына бағытпен жүремін» деп ешқандай жоспар құрмаймын. Мұның бәрі ойда-жоқта болады. Ішкі жан-дүнием қайда баруды қаласа, сол жаққа жол тартамын, - дейді ол.

Алайда, ол кейде тосыннан болған аптап ыстықтар мен салқын ауа райына төзуге тура келетіндігін жасырмайды. Кейде «шөлімізді басатын суымыз таусылып қалған уақыттар болды» дейді саяхатшы. Бірақ сондай кезде мейірімді адамдар кездесіп, көмек колдарын созғанын айтады.

 

– Бізде адамдар қалай саяхаттайды? Олар көбінесе демалатын елге жүрдек пойызбен не әуедегі ұшақтармен жетіп барады. Нәтижесінде  табиғаттың әсем көрінісін көруден құр қалады, - дейді ол.

Талғаттың айтуынша, сапарында жолықтырған жаны жайсаң әлем халықтары мен қандастарымызбен  танысып, әңгімелескен кездерді өміріндегі ең маңызды сәттерге жатқызатынын айтады.  Ол өзінің аяғы тиген елдерде  қандастарымыздан хал-сұрасып кетуді де еш ұмытпайды. Сапар кезінде кейде мешіттерде, кейде енді танысқан мейірбан  адамдардың үйінде түнепті. Бірақ та, көбінесе олардың қонатын орны өздерімен алып шығатын палаткалар болған. Ердің жасына тақаса да, саяхатшы өз денсаулығына еш шағымданбайды.

Еуропа, Азия мен Африканың біраз бөлігін аралаған Талғат Жұмабеков жақында велосипедпен  екінші рет қажылыққа барып келді. Ол бұл сапарын  көптен бері жоспарлап жүріпті. Саяхатшымыз өткен жылы жаңа жыл мерекесінің қарсаңында жолға шығып, бас-аяғы алты мың шақырымды еңсеріп, елге сәуірдің ортасында оралған. Сапарға өзімен бірге азық-түлік, фотоаппарат, дәрі-дәрмек және Құран кітабын алыпты. Киелі мекенге сапар шырайлы Шымкент қаласынан бастау алған.

– Меккеге велосипедпен үш айда жеттім. Сапар кезінде Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Аман, Сауд Арабиясы сынды алты елді бір өзім жүріп өттім. Қасиетті қажылыққа баруды зор қуаныш деп білем. Кейде жол бойында кездескен жергілікті тұрғындар үйлеріне шақырып, қонақ етіп, дастархандарынан дәм татқызған кездер де болды. Алдымнан осындай мейірімді жандарды кезіктірген Аллаға сансыз мадақ айтам, - дейді ол.

Жол бойында кездескен адамдардың көбісі ағылшын тілінде сөйлесе де, саяхаттаушының өзі бұл тілді әлі жетік меңгермегенін айтады. Қажетті сөздер мен сөз тіркестерін шетелдегі жергілікті халықтың айтқанынан үйреніп жүреді екен.

– Шетелді велосипедпен аралауымдағы басты мақсатым – ел-жер көру.. Өйткені, мен бұған дейін Қазақстанның Тараз, Шымкент, Семей, Павлодар, Нұр-Сұлтан және тағы басқа қалаларын велосипедпен жүріп өткенмін.

Соңғы бес жылда 39 мемлекетте болып, 50 мың шақырым жолды велосипедпен жүріп өткен саяхатшының алға қойған мақсат-міндеттері айқын. Болашақта әлемнің 150 мемлекетін көріп қайтуды жоспарлап отыр. Ол саяхатқа неше күн жұмсалары белгісіз.

Жиһанкездің ендігі сапары Америка құрлықтарына арналмақ. Нақтырақ айтсақ, келесі айда Аргентинаның Антарктида жарты аралдарымен түйісетін Горн мүйізіне жетуді көздейді.  Бұл сапардың өзгелерден ерекшелігі – мұнда өзі айналысатын велосаяхат туралы «Distance» деп аталатын қысқаметражды фильм түсіріп қайтпақ. Ол үшін қасына серік ертуді жоспарлап отыр.

– Жуырда аттанатын үлкен сапарда өзім мен саяхаттарым туралы фильм түсіруді қолға алып отырмын. Сондықтан жаныма досым әрі талантты режиссер Асқар Әшімов бірге шығады, - дейді ол.

Жарты ғасыр жасаған саяхатшы алдағы уақытта да Қазақстанның ұстанатын сарабдал саясатын барша әлемге паш етіп, Еуразия жүрегіндегі еліміздің кешегі мен бүгінгі келбеті және кемел болашағын жан-жақты баяндауға бекініп отыр. Әр түрлі елдерді аралап, жаңа достар тауып, сүйікті ісімен айналысып жүрген  вело-саяхатшы алдағы уақытта бағындырар белестері көп болсын деген ниеттеміз. Жиһанкездің маусым айына жоспарлап отырған ұзақ жолына сәттілік тілейміз. Екінің бірі тәуекел ете бермейтін кейіпкеріміздің қызығушылығы, расында басқалардан ерекше. Болашақта елімізде Талғат Жұмабеков сынды  шайтанарбамен қиын да қызықты саяхатқа аттанушылардың  саны  артса, таң қалмаңыз...

(Суреттер  Талғат Жұмабековтың  жеке мұрағатынан

және ғаламтор беттерінен  алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: