27.09.2025
14:00
461
Әлемді бағындырған қазақ балетшісі: Бахтияр Адамжанның өмірі мен өнері

Әлемді бағындырған қазақ балетшісі: Бахтияр Адамжанның өмірі мен өнері

Балет – сырт көзге әсем қимыл мен нәзіктік болып көрінгенімен, оның артында адам төзгісіз еңбек, күнделікті тәртіп пен қатаң тәрбие жатыр. Әлемнің үлкен сахналарына шыққан әр әртістің тағдыры – тек дарынның ғана емес, табандылықтың, төзімнің тарихы.  

Қазақстан балет өнерінің тарихы өткен ғасырдың ортасынан бастау алады. 1930–40 жылдары алғашқы студиялар ашылып, классикалық балетті қазақ сахнасына әкелген тұлғалар шықты. Бүгінде сол дәстүрді жалғастырып, қазақ өнерін әлемдік деңгейде танытып жүрген жаңа буын бар. Солардың алдыңғы қатарында – Бахтияр Адамжан.  

Бахтияр – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, халықаралық байқаулардың жүлдегері. Париж, Лондон, Милан, Мәскеу, Токио – бұл тізім оның сахналарының аз ғана бөлігі. Ең бастысы – ол қай жерде өнер көрсетсе де, «қазақ» деген атпен шығады.  


El.kz тілшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген белгілі балет солисі Бахтияр Адамжанмен сұхбаттасты.

– Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз?

Атамекенім – Панфилов ауданындағы Қоңырлен ауылы. Бірақ кіндік қаным тамған жер – Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек. Сол жерде өстім. Кейін он жасымда Алматыға оқуға кеттім. Бірақ қайда жүрсем де, ауылдың иісі, ауылдың тәрбиесі – бойымда.  

– Балалық шағыңызда спортпен айналысқаныңызды білеміз.

 Иә, Сарыөзекте басқа үйірмелер болмаған соң ағаммен бірге күреске бардым. Төрт жылдай белдестім. Бірақ анам бізді музыкаға да берді. Фортепианода ойнадым, ән айттым, мектепте би биледім. Өнерге бейімділігімді ерте сездім. Кейін ата-анам жарнаманы көріп, Алматыдағы хореография училищесіне алып барды. Орташа балмен түссем де, үлкен еңбекпен қалып қойдым.  


– Балетке келу – ер бала үшін тосын жол ғой?


Дұрыс айтасыз. Қазақта ұлдардың «балетші боламын» деп армандайтыны сирек. Бірақ тағдыр осылай болды. Басында «қалай болар екен?» деген ой болды. Бірақ өнерге келген соң, оның үлкен күш пен тәртіпті талап ететінін түсіндім.

 
– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. 

Әкем – төтенше жағдай қызметінде еңбек еткен, қазір зейнетте. Анам – математика пәнінің мұғалімі. Үйде төртеу едік: ағам шекара қызметінде, інім – IT саласында, қарындасым – медицинада. Мен – өнерге бет бұрған тұңғышпын.  

Әкем гитарада ойнап, жақсы ән айтатын. Анам да биге бейім еді. Ән салып, әуенді сезетін. Сол қасиеттер бізге берілді. Бала кезімізде той-томалақ, жиындарда әке-шешем ешқашан қысылмай, ән салып, би билейтін. Сол ортада өскен соң біз де тұйық болмадық.  


– Ер бала үшін балетке бару қаншалықты қиын болды?

 
Қазақта ұлдардың «балетші боламын» деп армандайтыны сирек. Әдетте күрес, футбол, бокс секілді спорт түрлеріне барады. Мен де дәл солай едім. Бірақ тағдыр жолымды басқа арнаға бұрды.  

Басында «балет – қыздарға тән өнер» деген сөздер еститінмін. Кейде достарым да қалжыңдайтын. Бірақ уақыт өте келе бұл өнердің қандай үлкен күш пен тәртіпті талап ететінін бәрі түсінді.  

Балет – әдемілік қана емес, нағыз спорт. Біз күн сайын бірнеше сағат жаттығамыз. Әр қойылымға физикалық тұрғыдан ең жоғары деңгейде дайын болуымыз керек.  


«Жарақатсыз балет болмайды»  


– Балет жолындағы ең үлкен қиындықтар қандай болды?


Жарақаттар. Саусақтарым сынған, белімде грыжа бар. Байламдар тартылып, талай рет сахнаға жарақатпен шықтым. Бірақ сахнаға шыққанда көрермен ештеңені сезбеуі керек. Бұл – өнердің заңы.  

 

– Қай елдер ерекше әсер қалдырды?

Лондондағы Корольдік опера, Париждегі «Гранд опера», Токиодағы гастрольдер – бәрі ерекше. Әр сахнаның өз тарихы бар. Сол сахнада «қазақ» деген атпен шығу – үлкен жауапкершілік.  


– Қазақстандағы көрермен мен шетел көрерменін салыстырсаңыз?  

Негізінде біздің елде де мәдениет қалыптасып келеді. Қазір жастар театрға жиі барады. Бір рет балет көріп, кейін он үшінші рет қайтып келген адамдарды білемін. Бұл – біз үшін үлкен жеңіс.  

 

– Алғашқы жалақыңыз есіңізде ме?
 

Алматыда алған алғашқы жалақым – 72 340 теңге. Қазір жетекші солист ретінде шамамен мың доллар аламын. Әрине, спорттағыдай мол қаражат жоқ. Бірақ біз үшін ең бастысы – сахна.  


– Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

 

Әркім өз жүрегінің қалауын тыңдауы керек. Егер жүрегің өнерді қаласа – бар күшіңді соған сал. Табыс пен атақ бір күнде келмейді. Ол – күнделікті еңбектің нәтижесі.  

 

– Бүгінде біздің елдегі балет мектебінің деңгейін қалай бағалайсыз?  



Қазір бізде үлкен мүмкіндіктер бар. Астанада Қазақ ұлттық хореография академиясы жұмыс істейді. Алматыдағы 90 жылдан астам тарихы бар училище бар. Бұл – кез келген ел мақтанатын дәстүр. 

 


Өнердің қоғамдағы орны туралы не ойлайсыз?

 
Өнер – халықтың айнасы. Театр мен балетке қарап, елдің мәдени деңгейін аңғаруға болады. Егер көрермен көп болса, демек, халықтың рухани сұранысы бар деген сөз.  



Алдағы жоспарларыңыз қандай?


Әртістің ең үлкен арманы – сахнада ұзақ жыл қалу. Бірақ бұл – тек Алланың қалауымен. Жарақат көп, физикалық тұрғыдан ауыр. Сондықтан әр күнді бағалаймын.  

Алдағы мақсатым – тек жеке шығармашылық емес, жастарға жол көрсету. Өз тәжірибемді бөліссем деймін. Қазақ балеті әлемдік деңгейге шығу үшін жаңа буынға сенім артуымыз керек.