Әлемдегі және Қазақстандағы үлкен өрттер жайлы не білеміз?

16 Маусым 2023, 13:30 1571

Адамзатқа орасан зор қауіп төндіретін табиғи апаттардың бірі өрт. Оның зиянын айтып жеткізу мүмкін емес. Жан-жануар, өсімдік, адам жүріп өткен жерінің барлығын жалмап, тып-типыл көзін жояды. Талай жылдар бойы тілсіз жаумен алысудың түрлі тәсілдерін ойлап тапқанымен, әлі күнге дейін түпкілікті жоюдың үдесінен шыға алмай келеді. Керісінше бүгінгі таңда өрт шарпыған аумақтардың көлемі артты ма дерсің? Күлге оранған аймақтардың көлемін елестетудің өзі қиын. осы ретте  El.kz ақпарат агенттігі әлемдегі және Қазақстандағы алапат өрттерді бір еске түсіріп көрді. 

Австралиядағы алапат өрт


©AP/Noah Berger

2020 жылдың басында Австралия, Австралия дейміз ау адамзат тарихындағы ең ірі орман өрттерінің біріне куә болдық. Өрт 2019 жылдың тамызында басталып, 2020 жылдың наурыз айына дейін жалғасты, өрттен зардап шеккен аумақ шамамен 18 миллион гектарды құрады. Орман алқаптарын, ауылдар мен далаларды жарамыз етті. Миллиондаған жануар, өсімдік, құстардың көптеген түрлері жойылды. Сонымен қатар, өрт салдарынан тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдар қирап, зардап шеккен аудандарда тұратын адамдар үшін үлкен шығын алып келді. Нәтижесінде 30-дан астам адамның өмірін қиып, экожүйеге миллиардтаған доллар шығынға ұшыратқан ең үлкен өрт болып есте қалды.

Амазонка ормандарындағы ойран


©AP/Victor R. CAIVANO

2019 жылдың тамызында Амазонканың терең ормандарынан өрт шығып, бірнеше елді әбігерге түсірді. Қызыл от ормандардың кең аумақтарын қамтыды және Бразилияны ғана емес, Боливия, Перу және Парагвай секілді елдерді де шарпыды. Барлығы 7 миллион гектардан астам аумақты қамтыды.  Соның салдарынан Амазонканың экожүйесі мен биоәртүрлілігіне есепсіз зиян келтірді. Орманның едәуір бөлігің және жануарлар мен өсімдіктердің көптеген түрлерінің жойылуына әкелді. Сондай-ақ, өрттен туындаған қалың түтін аймақтағы көптеген адамдардың денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Егіншілікке пайдаланылатын жер егіннің кез келген түрін өсіруге жарамсыз болды.

Канададағы тілсіз жау


©AP/Rachel La CORTE

2016 жылы Канада тарихындағы ең жойқын өрт орын алды. Ол мыңдаған адамдарды жойып, Альбертадағы шағын Форт МакМюррей қаласының келбетін мәңгілікке өзгертті. Төтенше жағдай 2016 жылдың мамыр айында басталып, тез арада жүздеген шаршы шақырым аумақты шарпыған. Қатты жел мен жоғары температура өрттің одан әрі таралуына ықпал етті, ол тез арада айналадағы үйлер мен ғимараттарға тарады. Форт-МакМюррей мен оған жақын аудандардан 88 мыңнан астам адам эвакуацияланды, өрт 2400-ден астам ғимаратты, соның ішінде көптеген үйлер мен сауда орталықтарын қиратты. Жалпы алғанда өрт шамамен 6 миллион гектар аумақтың жойылуына әкелді.

Ресейдегі өрт


© AP

2019 жылы Ресейдің Иркутск, Краснояр, Якутия өлкелері де отқа оранған. Олардың ішінде ең қауіпті өрт Иркутск облысында тіркелді. Ол Құлтық елді мекенінің жанындағы өртке қарсы орман шаруашылығының аумағында пайда болып, нәтижесінде 20 мың гектардан астам орман алқабын басып қалды. Бірқатар елді мекендер көшіріліп, жүздеген үйлер мен басқа да нысандарға қауіп төнді. Құтқару қызметі өртті тоқтатып, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін тәулік бойы жұмыс істеді, бірақ қатты жел мен жоғары температура жұмысты қиындатып жіберді. Өрт бірнеше айға созылып, нәтижесінде 2,5 миллион гектардан астам аумақ жойылды.

Америкадағы от


©AP/Noah BERGER

АҚШ-тың Калифорния штатында 2018 жылдың жазы мен күз айларындағы өрт жойқын және ауыр зардаптарға әкелді. Кем дегенде 80 адам қайтыс болды, 1000-нан аса адам із-түзсіз жоғалды. 300 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Өрттер орасан зор экономикалық шығын әкелді. Шамамен 3 миллиард долларға бағаланды. Бұл штат АҚШ тарихындағы ең жойқын және адам өлімі көп тіркелген өрт болып тарихта қалды.

Материктің өзге бөліктерінде де осы сарынды өрттер болып тұрады. Олардың ішіндегі ауқымды дегендерін назарларыңызға ұсындық. Бұлардан бөлек төмендегі өрттерге қысқаша тоқталып өтуге болады.

2015 жылы Индонезиядағы өрт - 2 миллион гектардан астам жер.

2017 жылы Чилидегі өрт - 580 мың гектар.

2017 жылы Португалиядағы өрт - 520 мың гектарды құрайды.

2016 жылы Израильдегі өрт - шамамен 50 000 га жер.

2019 жылы Оңтүстік Корея - мың гектарды құрайды.

Қазақстандағы ең ірі өрттер

Соңғы күндері Қазақстан да өз тарихындағы ауқымды өртті бастан өткізіп жатыр. Ең қызығы бұл алғашқысы емес. Бұған дейін де айтарлықтай шығын алып келген өртті бастан өткерді. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік.

Шығыс Қазақстандағы өрт


Видеодан кадр

2015 жылдың жазында Шығыс Қазақстанның екі ауданында ірі өрт орын алып елге айтарлықтай шығын келтірген еді. Шілде айында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қытаймен шекарадан екі шақырым жерде табиғи өрт 700 гектар жерді шарпыды. Ал тамыз айында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында Айнабұлақ ауылдық округінің “Байгетөбе" және "Сандықтас" ашық учаскелерінде шөп өртеніп, 500 гектар даланың күлге айналдырды.

Павлодардағы тілсіз жау

Павлодар облысында да 2010 және 2014 жылы екі өрт апаты тіркелді. 2010 жылы орман өртінен жеті адам қаза тапты. Желдің кесірінен тілсіз жау Ресей-Қазақстан шекарасынан өтіп, Алтай өлкесі мен Новосібір облысына дейін жеткен еді. 2014 жылы Шарбақты ауданының Галкин орманшылығындағы орман резерватының аумағы өртеніп, кең алқапқа таралды. Нәтижесінде 300 гектардан аса даланы жарамсыз етті.

Риддердегі қызыл от


ТЖД баспасөз қызметі

2021 жылдың 10 мамырында Риддерде ірі өрт тіркеліп, орасан шығын келтірді. Атап айтқанда, 300 гектардан аса орман шаруашылығы, 31 үй өртенді, 51 учаске зардап шекті, 37 қосалқы ғимарат, алты автомобиль, автокөлік шеберханасы қирады. Сонымен қатар 1948 жылы туған әйел қайтыс болды, тағы екі ер адам реанимация бөліміне жатқызылды.

Қостанайдағы шарасыздық


instagram/ayliekol_qostanai_media

Былтыр Қостанай облысында елдегі ең ірі өрттердің бірі орын алды. Нәтижесінде 1841 адам Аманқарағай, Озерное, Лесное, 250 адам Бағаналы және Қазанбасы ауылдарынан эвакуацияланды. 90-нан астам үй, 43 мың гектар орман отқа оранды. Бір адам көз жұмып, 12 адам зардап шекті.

Абайдағы арпалыс


t.me/qr_tjm

Ағымдағы жылдың 8 маусымында Абай облысындағы ірі өртке куә болдық. Тілсіз жау 60 мың гектарды қамтып, 14 адамның өмірін қиды. Аумақтың фаунасы мен флорасына орасан зор зиян алып келді. Аталған оқиғаға байланысты президент ТЖ министрін қызметтен босатып, Абай облысының басшысына сөгіс жариялады. 12 маусымды аза тұту күні деп жариялады.

Бұлардан бөлек:

2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Боралдайдағы өрт - 4000 гектар

2012 жылы Отырар ауданы Шәуілдір және Балтакөлдегі өрт - 75 гектар

2013 жылы Түркістан облысындағы өрт - 600 гектар

2014 жылы Түркістан облысы Арыс қаласының маңындағы Қожатоғай ауылдық округіндегі өрт - 2000 гектар

Қазақстанның егістік алқаптарында өрттер тұрақты түрде орын алып, ауыл шаруашылығы дақылдарына үлкен зиян келтіріп, экологиялық проблемаларға алып келеді. Осыған байланысты Қазақстанда өрттен қорғауды күшейту және өрттің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар мен жауапкершілікті арттыру мүмкіндігі талқылануда.

Жалпы, өрт Қазақстан үшін де, бүкіл әлем үшін де күрделі мәселе болып табылады және оның алдын алу мен күресу бойынша кешенді шараларды талап етеді.

 

Сапарғали Қанат
Бөлісу: