17.07.2025
12:41
35884
Әлемдегі ең жылдам 10 футболшы

Әлемдегі ең жылдам 10 футболшы

Футбол – жылдамдық пен ептілікті талап ететін спорт түрі. Допты шебер иемдену бір бөлек, жылдам шешім қабылдап, найзағайдай шапшаң қимылдай білу – нағыз шебер ойыншының айқын белгісі. Алаңда жүйткіген футболшының жүгіріс жылдамдығы оның нәтижелілігіне тікелей әсер етеді. Бүгінде әлемдегі ең жылдам футболшы атағы «Ньюкасл» клубының қорғаушысы Свен Ботманға тиесілі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазіргі заманауи технологиялар ойын кезіндегі жылдамдықты дәл өлшеуге мүмкіндік береді. Арнайы камералар мен бейнесараптама жүйелері футболшының әрбір қозғалысын бақылап, жүгіріс қарқынын есептейді. Әдістемелер әртүрлі болғанымен, мамандар пікірі бір арнаға тоғысады: доп тепкенде найзағайдай зу етіп өте шығатын ойыншылар тізімі анық.

Жылдамдық – туа біткен қасиет пе, әлде жаттығу жемісі ме?

Жылдамдыққа әсер ететін басты факторлар – дене бітімі, бұлшық ет құрылысы, бой мен икемділік секілді табиғи ерекшеліктер. Алайда шеберлік бір ғана табиғат сыйы емес. Тынымсыз жаттығу, дұрыс тәсілдер арқылы кез келген футболшы өз мүмкіндігін арттыра алады.

Жүгіріс техникасы, тактикалық ойлау қабілеті, психологиялық дайындық – мұның бәрі ойыншының алаңдағы жылдамдығы мен өнімділігіне ықпал етеді. Осыны ескерген жанкүйерлер, әсіресе, жеке көрсеткіштерге бәс тігетіндер, әрбір ойыншының шапшаңдығына жіті мән береді.

Жылдамдықты дамыту үшін футболшылар мынандай жаттығуларды тұрақты орындайды:

  • қысқа қашықтыққа спринт;
  • арқанмен секіру;
  • төбешікке немесе баспалдақпен жүгіру;
  • құмда, төменге қарай немесе бір қырындап жүгіру;
  • интервалды жүгіріс (жоғары және баяу қарқынды кезек-кезек алмастырып отыру).

Бұдан бөлек, бұлшық етті ширата түсу үшін плиометриялық жаттығулар – секірістер, бурпи, гір немесе штангамен отырып-тұру, өкшелей жүру кеңінен қолданылады. Бұл жаттығулар аяқтың серпінділігі мен қимылдың шапшаңдығын жетілдіруге бағытталған.

Үздіктер кімдер?

10-орын Альфонсо Дэвис («Бавария»)

Либерияда туып, Канадада өскен қорғаушы 36,21 км/сағ жылдамдықпен көзге түскен.

Жетістіктері:

УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы (2020)

Германия Суперкубогының иегері (2020, 2021, 2022)

УЕФА Суперкубогы және клубтық әлем чемпионатының жеңімпазы

9-орын Федерико Вальверде («Реал Мадрид»)

Уругвайлық жартылай қорғаушы 36,3 км/сағ жылдамдықпен ерекшеленген.

Жастар арасындағы әлем біріншілігінде Күміс доп иеленген (2017)

Испания чемпионы және Суперкубок иегері

2024 жылғы ФИФА аралық кубогының жеңімпазы.

8-орын Рафаэль Леау («Милан»)

Сол қаптал шабуылшысы матч басталған соң араға 6-секунд салып 36,5 км/сағ жылдамдықпен гол соқты, сол арқылы рекорд орнатқан.

2021/22 маусымының Италия Серия А-сының үздік ойыншысы

6-7 орын – Адама Траоре («Фулхэм») және Усман Дембеле (ПСЖ)

Екеуі де 36,6 км/сағ жылдамдықпен тең түсті.

Траоре – Испания құрамасында ойнайтын мали текті ойыншы

Дембеле – Лига 1-дің 2024 жылғы үздік сұрмергені

5-орын – Михаил Мудрик («Челси»)

Украиналық шапшаң жартылай қорғаушының жылдамдығы – 36,63 км/сағ.

2022 жылы Украинада жыл футболшысы атанған.

Англия чемпионатындағы алғашқы голын «Фулхэмге» соққан.

4-орын – Гарет Бэйл (мансабын аяқтаған)

«Реал» сапында ойнаған кезде жылдамдығы 36,9 км/сағ болған.

Клубтық әлем чемпионатының алтын добы

Премьер-лиганың үздік ойыншысы (екі мәрте)

Чемпиондар лигасының 2018 жылғы финалындағы үздік ойыншы

3-орын – Килиан Мбаппе («Реал Мадрид»)

37,9 км/сағ жылдамдықпен үздік үштікті бастайды.

Франция мен Испания чемпионаттарының сұрмергені

УЕФА Суперкубогы мен ФИФА аралық кубогының иегері

2-орын – Дарвин Нуньес («Ливерпуль»)

2022 жылы 38 км/сағ жылдамдықпен рекорд орнатты.

Англия Суперкубогы (2022)

Футбол лигасы кубогы (2023-24)

Англия чемпионы (2024-25)

1-орын – Свен Ботман («Ньюкасл»)

Қорғаушы бола тұра, 39,21 км/сағ көрсеткішпен рейтинг көшін бастады.

Франция чемпионы және 2021 жылғы Суперкубок иегері («Лилль» сапында)

Жас та болса, бойы 193 см, салмағы 85 кг болатын ойыншы алаңда көз ілеспеш жылдамдықпен қозғалады.

Тағы кімдерді жылдам футболшылар тізіміне жатқызамыз?

Лионель Месси – 32,5 км/сағ

Криштиану Роналду – 33,6 км/сағ

Карим Адейеми – 36,7 км/сағ

Арьен Роббен – 37 км/сағ

Махмуд Трезеге – 37,5 км/сағ

Кайл Уокер – 37,8 км/сағ

Тьерри Анри – 39,2 км/сағ (карьерасын 2014 жылы аяқтаған).

Жылдамдық заманауи GPS трекерлермен, сондай-ақ арнайы камералар мен оптикалық жүйелер арқылы анықталады. Спортшының алаңдағы әрбір қимылы бүгінгі цифрлы дәуірде дәл өлшенеді.

Бұған дейін қазақстандық 21 жастағы футболшы Испания клубымен келісімшартқа отырғаны туралы жазғанбыз.