Франция астанасындағы әлемге әйгілі қазіргі заманғы өнер музейі – Помпиду орталығы алдағы бес жылға есігін жабады. Себеп – ауқымды қайта жөндеу жұмыстары, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ВВС дерегінше, 22 қыркүйек күні келушілер соңғы рет көрмелерді тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Жақын арада құны шамамен 500 млн долларды құрайтын құрылыс жұмыстары басталады.
Музейдің тұрақты экспозициясы биыл наурызда-ақ жабылған болатын. Сол кезде Франсис Бэкон мен Фрида Калоның картиналары, Марсель Дюшанның мүсіндері сынды құнды туындыларды кезең-кезеңімен басқа жерге көшіру басталды.
Дегенмен уақытша көрмелер жалғасып келді. Соңғысы – неміс фотографы Вольфганг Тилльманстың жеке көрмесі – дүйсенбі күні аяқталды. Сол күні музейге кіру тегін болды.
Дегенмен 22-25 қазан аралығында келушілер үшін тағы бір мүмкіндік бар: Парижде өтетін Қазіргі заманғы өнер апталығы аясында мұнда музыкалық және көркемдік іс-шаралар ұйымдастырылады. Одан кейін музей 2030 жылға дейін жабық болады.
Помпиду орталығы – Еуропадағы ең ірі қазіргі заманғы өнер жинағына және әлемдегі көлемі жөнінен екінші коллекцияға (Нью-Йорктегі MoMA-дан кейін) ие. Ол Франция президенті Жорж Помпидудың құрметіне аталған. Саясаткер 1974 жылы қайтыс болған.
Құрылыстың өзіндік ерекшелігі бар: сәулетшілер Ренцо Пиано мен Ричард Роджерс ғимараттың барлық техникалық элементтерін – құбырлар, лифтілер, желдету мен электр сымдарын – сыртқы қабырғаға орналастыруды ұсынған. Сөйтіп ішкі кеңістік барынша ашық болды. Арматура ақ түске, желдеткіш құбырлар көкке, су құбырлары жасылға, электр сымдары сарыға, ал эскалаторлар мен лифтілер қызылға боялған. Осы ерекше шешімнің арқасында Помпиду орталығы Париждің ең танымал нышандарының біріне айналды.
Қайта жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы келбеті сақталады, алайда «жертөледен бастап жоғарғы қабатқа дейін» бәрі толықтай жаңартылады, – деді орталық президенті Лоран Ле Бон AFP агенттігіне берген сұхбатында.