Солтүстік Кипр орталығы Лефкошада TEKNOFEST 2025 фестивалі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлемдегі ең ірі инновация, авиация және жаңа технология фестиваліне 22 елден 1000-нан астам қатысушы жиналған. Бұл халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастық пен жас буынға қолдау көрсетудің нақты көрінісі.
Фестиваль Түркияның T3 технологиялық қоры мен Өнеркәсіп және технология министрлігінің ұйымдастыруымен, мемлекеттік мекемелер, жеке компаниялар және университеттердің қолдауымен өтуде. Бағдарлама жасанды интеллект, инжиниринг, туризм, білім беру және тұрақты инновациялар сияқты маңызды салаларды қамтиды.
Технофест алаңына Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы келді. Ол инновация, технология, жасанды интеллект бағыттары бойынша стартап жоба ұсынған үздік жастарды марапаттап, жетістіктеріне жоғары баға беріп:
Ел дамуына мықты технологиялық серпін беретін әрбір жасқа шын жүректен алғыс айтқым келеді. Біз сіздермен мақтанамыз. Түркия ұшқышсыз ұшу аппараттары технологиясы бойынша әлемдегі алдыңғы үш елдің қатарында. Біз бұл бағыттағы жұмысты сол қарқынмен әрі табандылықпен жалғастыра береміз, – деген болатын.
TEKNOFEST төрағасы Сельджук Байрактар жоғары технологиялар мен жасанды интеллекттің жаңа әлемді қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
TEKNOFEST – бұл болашаққа деген инвестиция. Фестивальде жастар өте көп. Шараға келген әр бала жаңа технология, заманауи инновацияларды көзімен көріп, қолымен ұстай алады. Мысалы, бүгін ұшақты көрген бала, ертең ғарыш бағдарламасын жасап шығарады. Дәл осы жастар әлемді өзгертеді, – деді ол.
Биылғы фестивальге 47 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Финалға 268 командадан 1 083 қатысушы өткен. Байқаулар алты негізгі бағыт пен 13 санатты қамтиды. Oлардың қатарында аэрокосмостық технологиялар, робототехника, бағдарламалау және басқа да заманауи салалар бар.
Финалға шыққан командалар қатарында Қазақстан жоқ. Дегенмен T3 қорының басқарма төрайымы Эльван Кузуджу Хыдыр алдағы жылы қазақстандық стартаптар мен командалардың саны артады деген сенім білдірді. Оның айтуынша, жақын арада Қазақстанмен бірлескен іс-шаралар өтеді, сонымен қатар T3 қорының Қазақстанға сапары жоспарланған.
Біз қазақстандық жастардың әлеуетіне сенеміз. Келесі жылы фестивальде олардың жобаларын көреміз деп үміттенеміз, – деді ол.