Әлемдегі электр энергиясының ең төмен бағасы біздің елде болуы мүмкін – Саябек Сахиев

27 Тамыз, 17:11 710

Астанада EXPO халықаралық көрме орталығында KazAtomExpo халықаралық көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

KazAtomExpo – бұл Қазақстандағы ядролық технологиялар мен атом саласының дамуына арналған ең ауқымды іс-шара. Көрме Қазақстанның атом өнеркәсібі және энергетикасы саласындағы әлеуетін, сондай-ақ атомның ғылыми тұрғыдағы соңғы жетістіктері, тың технологиясы мен интеллектуалдық жаңа деңгейге шығуын көрсетуге бағытталған. Сондай-ақ, көрме отандық және халықаралық сарапшылар арасында зор тәжірибе алмасу алаңына айналады.

Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Бұл атом өнеркәсібінің қазіргі заманауи жағдайы және оның АЭС құрылысы түріндегі жаңа деңгейге өтуге дайындығы талқыланатын бірінші іскерлік алаң.

Көрмеде «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰК» АҚ, «Ядролық физика институты» РМК, «Ұлттық ядролық орталық» РМК, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ, «KARLSKRONA LC AB» сияқты Қазақстанның атом өнеркәсібі саласындағы жетекші компаниялардың стендтері қойылып, атом энергетика саласының қазіргі жағдайы мен келешегі көрсетіледі. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көрмені аралап, әр компанияның стендімен жеке танысып шықты.

Бүгін атом энергиясын пайдалануда әлемдік және қазақстандық технологиялармен танысудың бірегей мүмкіндігі туды. Көрмеде ғылыми ұйымдардың көп жылдық жұмысының нәтижелері ұсынылған. Біз атом саласының ғана емес, Қазақстан Республикасының бүкіл энергожүйесінің тұрақты дамуының болашағына әсер ететін таңдаудың алдында тұрмыз. Бұл таңдау энергия қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ете алатынымызды және елді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету мәселесін қалай шеше алатынымызды айқындады. Біз қабылдаған әрбір шешімнің ғылыми деректерге, халықаралық тәжірибелерге негізделгені маңызды, – деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ, аталмыш көрмеде атом саласына қажетті мамандарды даярлайтын еліміздегі ЖОО-дарының  ғылыми және кадрлық әлеуеті көпшілік назарына ұсынылды.

Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Қазақстанға АЭС салуға ниетті технология жеткізуші – Сhina National Nucler Corporation, Korea Hydro & Nuclear Power Co, Électricité de France, «Росатом» МК сынды шет елдік беделді компаниялар қатысып жатыр. Олар өз кезегінде атом саласында қолданатын жаңа технологиялары мен жетістіктерін, ағымдағы жобалары мен жоспарларын жұртшылыққа кеңінен таныстыруда. 

Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиевтың айтуынша, АЭС салатын шетелдік компанияларға шикізат елімізден дайындалады деген талапты қойған дұрыс. Мысалы атом электр станциясын салатын компания бірінші өзінің отынын алып келуі керек. Ал оны кейін екінші, үшінші рет алмастырған кезде Қазақстан Республикасында өндірілген отынмен алмастырған дұрыс. Сонда электр энергиясының құны да төмен болады. Біріншіден, отынды жасайтын зауыттың өзінде қазақстандықтар жұмыс істейді. Екіншіден, сол отын өзіміздің ураннан жасалады. Демек, әлемдегі электр энергиясының ең төмен бағасы біздің елде болуы мүмкін, - деді Саябек Сахиев. 

Іскерлік бағдарлама барысында ғалымдар мен сарапшылар атом саласын дамытудың ең өзекті мәселелерін талқылады. Осылайша, қауіпсіз әрі сенімді энергия көзі атом энергетикасы саласындағы хас мамандар бірлесе халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: