Әлем халқының үштен бірінен астамы ең кең таралған он тілдің бірінде сөйлейді. Инфографикада 1996 жылы ең көп қолданылған тілдер мен 2025 жылға қарай жетекші орынға шыққан тілдер айқын көрсетілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алғашқы үштік өзгеріссіз қалды. 1996 жылы да, 2025 жылы да әлемдегі ең кең таралған тілдер қатарында қытай тілі (мандарин), испан және ағылшын тілдері көш бастап тұр.
Ал бенгал тілі өз орнын жоғалтты. 1996 жылы ол төртінші орында болғанымен, бұл тілде сөйлейтіндердің саны 189 миллионнан 242 миллионға дейін артқанына қарамастан, 2025 жылы бұл орын хинди тіліне бұйырды. Хинди тілін ана тілі санайтындардың саны осы жылдар ішінде 182 миллионнан 345 миллионға дейін өскен.
Рейтингте орыс және жапон тілдері өз позицияларын сақтап қалды – олар тиісінше жетінші және сегізінші орындарда тұр. Ал екі тіл үздік ондықтан шығып қалды: неміс тілі және у диалектісі (қытай тілінің ірі диалектілерінің бірі саналады). Олардың орнын пенджаби (Үндістан мен Пәкістанда кең таралған) және вьетнам тілдері басты.
1996 жылы әлем халқы 5,8 миллиард адамды құраса, соның 2,55 миллиарды, яғни 44 пайызы – ең танымал он тілдің бірін ана тілі ретінде қолданған.
Ал 2025 жылы Жер шары халқы 8,1 миллиардқа жетіп, он тілде сөйлейтіндердің саны 3,1 миллиард адамға артты. Дегенмен бұл көрсеткіш жалпы халықтың шамамен 38 пайызын ғана құрайды.
Сарапшылардың айтуынша, көптеген тілде сөйлейтіндер саны өсіп келе жатқанымен, әлемдік ауқымдағы үстемдігі біртіндеп әлсірей бастады. Бұл жаһандану мен тілдік әртүрліліктің арта түсуімен байланысты.