Әлем чемпионатының нағыз жанкүйерлері

3 Шілде 2018, 11:50 4734

Жанкүйерсіз футбол - футбол емес

Ресейге велосипедпен жеткен аргентиналық

5 жыл бұрын Аргентинаның батысындағы Сан-Хуанда тұратын Матиас қалтасына 200 доллар салып,  велосипедіне отырып, Ресейге аттанады. Алыс Оңтүстік Америкадан қалайша шайтан арбамен Мәскеуге жетуге болады? Бұл қорқыныш оның бойында мүлде болмаған сияқты. Ол расымен, дәл уақытында діттеген жеріне жетіп келді. Матиас барлығы 80 мың шақырымды артқа тастап, 37 елдің шекарасын кесіп өткен.

«Бұл сапарға аттанатынымды айтқанда туыстарым да, достарым да мені ақымақ көрді. 5 күннен кейін-ақ, үйге оралып, уақытымды босқа өткізетінімді түсінеді деп ойлады. Бірақ, мен мақсатымнан таймадым. Сапарымдағы ең қиын кезең Колумбияда орын алды. Ішетін суым таусылып қалып, екі күн нәр татпадым. Біткен жерім сол шығар деген едім. Әрине, одан да басқа толып жатқан проблемаларға кезіктім. Мені қанша рет тонап кеткісі келді. Еуропада қыстың аязында далада қондым. Бірақ, бұл қиындықтар менің жігерімді жани түсті. Көріп тұрғандарыңыздай, мен Ресейдемін» – дейді саяхатшы.

Матиас Әлем чемпионаты аяқталған соң, 5-6 жыл тағы да осылай велосипедімен Азияға, Таяу Шығысқа, Австралияға баруды жоспарлап отыр.

Ол Ресейге отбасымен келуді жоспарлаған еді, бірақ...

Мексикалық Хильберто Мартинес Ресейге әйелі Вероника, ұлы Диего және қызы Миамен келуді біраз уақыт бұрын жоспарлап, билет сатып алады. Тіпті, өз аттарын жаздырып жейде әзірлетеді. Бірақ, екі ай бұрын болған автокатастрофа бұл жоспардың күлін көкке ұшырды. Ол қайғылы оқиғада 8 жасар Диего да, 6 жастағы  Миа да, әйелі Вероника да қаза тапты.

Хиьберто Ресей туралы мүлде ұмытады. Күндердің бірінде оған Мексика құрамасынң қақпашысы Гильерма Очао хабарласып, ӘЧ-ге баруын өтінеді. Барзилиялық Неймардың жанкүйері болған ұлы Диего оның басты қорғаушы періштесі болатынын айтады.

Осы оқиғаны естіген Неймар: «Соңғы екі айыңызды қалай өткізгеніңізді, тіпті елестете алмаймын. Мен сіздің және өзімнің ұлым үшін, осы ойынды жақсы көретін басқа да отбасылар үшін футбол ойнай бермекпін», – деп жазды. Қарапайым уәде, бірақ Мартинес үшін күш беретін ғаламат сөздер.

«Ұлым көптеген футболшылардың ойынын көруді, тіпті Мексика құрамында осы турнирге қатысуды армандаған еді. Мен оның аты жазылған жейдені, ол ойнаған допты осы матчқа әкеліп тұрмын. Ол бүгін осында болды», – дейді Мартинес.

Атақты бразилиялық жанкүйердің ұлы бұл жолы жалғыз келді

Белгішесі бар шляпа, жасқа толған көз, әлем кубогының көшірмесін құшақтаған ата. Кловис Акоста Фернандестің бұл фотосы осыдан төрт жыл бұрын әлемді аралап кеткен еді. Бірақ, оны өз елінде 2002 жылдан бері таниды. Бразилия құрамасының шын берілген жанкүйері 1990 жылдан бері бірде-бір ӘЧ өткізбей келген. Бірақ, биылғы теңбіл доп турниріне келу оның маңдайына жазылмапты. Осыдан 3 жыл бұрын қатерлі ісікпен 9 жыл бойы күресіп келген Фернандес қайтыс болды.

1990 жылы Кловис Акоста алғаш рет еңбек демалысына шығып, Миланда болатын ӘЧ келеді. Чемпионат аяқталып, үйіне оралған ол, ұлына: «Ағылшын курсына жазыл, енді сен менің аудармашым боласың» – деген еді. Міне, содан кейін Фернандестер бірнеше ӘЧ-ге, Конференция кубогына, Олимпиада ойындарына қатысқан.

Бұл Франк Фернандес үшін әкесіз келген алғашқы әлем чемпионаты. Ол Бразилияға ең алдымен әкесі үшін жанкүйер болатынын айтады.

Перуден келген кедей жанкүйер

Перудің қарапайым тұрғындары, демеуші-компаниялар Перу құрамасының шын берілген әрі өте кедей жанкүйері Давид Чаукаға қаржы жинап, Ресейге келуіне сеп болған.

Олардың айтуынша, бұл жанкүйер Перу қатысқан барлық кездесуден қалмайтын көрінеді. Иисустың костюмі мен өз елінің жалауын ұстап баратын Давидтің перулік футболистерге сәттілік әкелетіне сенген. Десек, те діншіл жанкүйердің құрамасы өзінің жарқын ойынымен көзге түсіп, көпшілікке ұнағанымен, топтық кезеңнен шыға алмай қалды.

ӘЧ-ге әйелі жібермеген картон-жанкүйер

Мексикалық Хавьердің достары Ресейде футбол тойының ортасында жүрсе, ол бұл мейрамды үйіндегі көк жәшіктен көруге мәжбүр. Себебі, ол әйелінің айтқанынан шыға алмады.

2014 жылы Бразилияда өткен доп додасында Хавьер және төрт досы керемет демалыстардың бірін өткізген еді. Олар келесі әлем чемпионатына міндетті түрде баратын болып, тынбай еңбектеніп, ақша жинайды. Өздері жоспарлаған микроавтобусты да сатып алады. Бірақ, соңғы сәтте Хавьердің әйелі оған "мен немесе ӘЧ" деген таңдау қойса керек. Оның достары, тығырықтан шығатын жол іздеп тапқандай. Хавьердің картон-көшірмесі бүгінде Ресей елінде саяхаттап жүр. Оны стадионнан да, автобустан да, тіпті кафеде қыздардың ортасынан да көруге болады.

Бір қызығы, Хавьердің жейдесінің алдында «Әйелім мені әлем чемпионатына жібермеді» деген жазу бар.

Өзінің картон-бейнесімен көпке танымал болған Хавьер Мексика құрамасы Германияны тізерлеткен соң-ақ, Ресейге ұшып келген. "Әйелім қоғамдық қысымның арқасында мені осында жіберіп отыр. Ресей асқаныма еш ренжіген жоқ, бізде бәрі дұрыс" - дейді ол.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: