«Әлем таныған Қаныш»: Астанада Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған конференция өтті

26 Наурыз, 15:08 1321

Бүгін Астанада Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Әлем таныған Қаныш» республикалық конференциясы өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейінде өткен іс-шараға Парламент Сенатының депутаты, «Қаныш Сәтбаев халықаралық қоры» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Аспандияр Әденұлы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді, алаштанушы Заңғар Кәрімхан қатысты.

Заңғар тұлға Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған бүгінгі іс-шара – алғашқысы. Биыл ғалымның мерейтойына байланысты жиындар көптеп өтуі керек деп есептеймін. Қаныш Сәтбаев қазақ елінің дамуы жолындағы үлкен өзгерістерді әкелді. Ол тек байлықтың, қазынаның көзін ашқан жоқ. Сонымен қатар, руханият саласында еткен еңбегі – ұшан-теңіз. Ғалымның мұрасын насихаттаудан жалықпауымыз қажет, - деді Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы.

Конференция қонақтары алдымен «Шабыт» оркестрінің орындауындағы «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» күйлерін тыңдап, мектептегі Академик Қаныш Сәтбаев мұражайын аралады.

Қаныш Сәтбаевтың атақ-даңқы кезінде әлемді жаңғыртты. Қазақтың біртуар перзентін әлем мойындады. Оны ұлықтау тек мерейтойымен байланысты болмау керек. Ол – әр уақытта назардан тыс қалмайтын тұлға. Сәтбаев және ол бастаған жұлдызды ғалымдар шоғыры 20-ғасырдың басында Алаш арыстарынан кейін ұлт мәдениетінің көш басшысы болған. Ғалым мұрасы арқылы біз жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, білімге құштарлыққа тәрбиелей аламыз, - деді Аспандияр Әденұлы.

Конференцияда мектеп оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен «Қазақтың Қанышы» атты сахналық қойылымы ұсынылды.

Кейін конференция жұмысы «Қазақстанның дамуындағы ұлы ғалымның рөлі», «Қаныш Сәтбаев мұрасы: тарих, әдебиет, білім, өнер саласы», және «Қаныш және Алаш арыстары» атты үш секциялық отырыста жалғасты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: