30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыКонституция – мемлекеттің саяси және құқықтық жүйесінің негізін айқындайтын басты құжат. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік билік органдарының құрылымы, олардың өкілеттігі мен өзара қарым-қатынасы белгіленеді. Алайда барлық мемлекетте Конституцияны қабылдау тәртібі бірдей емес. Кей елдерде соңғы сөзді халық референдум арқылы айтса, енді бірінде Конституцияны парламент қабылдайды. Кей мемлекеттерде бұл екі тәсіл қатар қолданылады. Ал жекелеген елдерде Конституция арнайы құрылтай немесе конституциялық ассамблея арқылы әзірленіп, кейін бекітіледі.
Конституцияны қабылдаудың негізгі жолдары қандай?
Әлемдік тәжірибеде Конституция қабылдаудың бірнеше кең тараған тәсілі бар. Бірінші тәсіл – жалпыұлттық референдум.
Бұл жағдайда Конституцияның жобасы дайындалып, азаматтардың дауыс беруіне шығарылады. Халық «қолдаймын» немесе «қарсымын» деген ұстанымын білдіреді. Егер қажетті талаптарға сай көпшілік қолдаса, Конституция қабылданды деп есептеледі.
Мұндай тәсіл халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз етеді. Халықаралық IDEA деректеріне сәйкес, әлемнің көптеген елдерінде белгілі бір жағдайларда конституциялық мәселелер бойынша міндетті референдум өткізу қарастырылған.
Мысалы, Малида 2023 жылы жаңа Конституция жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Алдымен Конституция жобасын әзірлейтін комиссиялар жұмыс істеп, кейін дайын құжат халықтың дауыс беруіне ұсынылды. Референдумнан соң жаңа Конституция 2023 жылғы 22 шілдеде жарияланды.
Екінші тәсіл – парламент арқылы қабылдау. Кей мемлекеттерде Конституция немесе оған енгізілетін өзгерістерді парламент қабылдайды. Бірақ мұндай дауыс беру кәдімгі заңдардан өзгеше болуы мүмкін.
Мысалы, Конституцияны өзгерту үшін депутаттардың жай көпшілігі емес, үштен екісі немесе бестен үші сияқты білікті көпшілік дауысы талап етіледі. Мұндай талап Конституцияның жиі әрі кездейсоқ өзгеруіне жол бермеу үшін енгізіледі.
Үшінші тәсіл – парламент пен референдумның үйлесуі. Бұл модельде Конституция алдымен парламентте талқыланып, белгілі бір көпшілік дауыспен мақұлданады. Одан кейін құжат халықтың дауыс беруіне шығарылады.
Мысалы, Чадтың 2023 жылғы Конституциясында жаңа Конституция қабылдаудың арнайы тәртібі белгіленген. Жаңа негізгі заңды ұсыну үшін президент парламентпен кеңеседі, кейін жоба парламент мүшелерінің үштен екісінің дауысымен мақұлданып, соңында референдум арқылы бекітілуі тиіс.
Конституцияны кім әзірлейді?
Конституцияны қабылдау ғана емес, оны әзірлеу процесі де елден елге өзгереді. Кей мемлекеттерде жобаны арнайы конституциялық комиссия дайындайды. Оның құрамына заңгерлер, саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам өкілдері және сарапшылар кіруі мүмкін.
Басқа елдерде құрылтай жиналысы немесе конституциялық ассамблея шақырылады. Оның негізгі міндеті – жаңа Конституцияны әзірлеу.
Ал кей жағдайда Конституция жобасын үкімет немесе мемлекет басшысы ұсынады. Бірақ бұл жағдайда да қоғамдық талқылау, парламенттік рәсімдер немесе референдум секілді қосымша кезеңдер қарастырылуы мүмкін.
Сондықтан Конституцияны қабылдау бір күнде өтетін дауыс берумен ғана шектелмейді. Әдетте оның алдында ұзақ талқылау, келіссөздер және құқықтық сараптама жүреді.
Францияның тәжірибесі
Францияда қазіргі Бесінші республиканың Конституциясы 1958 жылы қабылданды. Ол елдегі саяси дағдарыс жағдайында әзірленіп, жаңа мемлекеттік басқару моделін қалыптастырды.
Бұл Конституцияны әзірлеу барысында атқарушы биліктің тұрақтылығын күшейтуге ерекше мән берілді. Кейіннен Францияның конституциялық тәжірибесі бірқатар басқа мемлекеттерге де ықпал етті. Халықаралық IDEA зерттеулерінде Францияның 1958 жылғы Конституциясында үкіметтің тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірқатар тетіктер енгізілгені атап көрсетіледі.
АҚШ-та Конституция қалай қабылданды?
АҚШ Конституциясының тарихы өзгеше. Қазіргі АҚШ Конституциясы 1787 жылы Конституциялық конвенцияда әзірленді.
Жоба дайын болғаннан кейін оны штаттар арнайы конвенттер арқылы ратификациялады. Яғни Конституцияны бір ғана орталық орган қабылдаған жоқ: оның күшіне енуі штаттардың қажетті санының мақұлдауына байланысты болды.
Бұл тәжірибе федеративті мемлекеттер үшін маңызды мысал саналады. Себебі мұнда орталық билік пен штаттардың өкілеттіктері Конституция арқылы өзара бөлінеді.
Швейцарияда халықтың рөлі жоғары
Швейцария тікелей демократия тетіктерін кеңінен қолданатын мемлекеттердің бірі ретінде белгілі. Конституциялық өзгерістердің маңызды бөлігі халықтың дауыс беруіне шығарылады.
Сонымен қатар кантондардың да рөлі бар. Яғни елдегі конституциялық шешімдерде азаматтардың ғана емес, федерация құрамындағы кантондардың еркі де ескеріледі. Бұл модельдің ерекшелігі – Конституцияға өзгеріс енгізу процесіне қоғамның тікелей қатысуының жоғары деңгейі.
Үндістанда ше?
Үндістан Конституциясы 1949 жылғы 26 қарашада қабылданып, 1950 жылғы 26 қаңтарда күшіне енді. Оны арнайы Құрылтай жиналысы әзірледі. Үндістан жағдайында Конституцияны жасау бірнеше жылға созылған күрделі процесс болды. Құжатта федералдық құрылым, азаматтардың құқықтары, парламенттік басқару жүйесі және сот билігінің орны айқындалды.
Үндістанның тәжірибесі жаңа мемлекет үшін Конституцияның тек құқықтық құжат емес, түрлі этникалық, діни және әлеуметтік топтардың мүдделерін біріктіретін саяси келісім құралы бола алатынын көрсетеді.
Конституцияны өзгерту неге қиын?
Көптеген мемлекеттерде Конституцияны қабылдау бір мәселе болса, оған өзгеріс енгізу одан да күрделі рәсіммен жүзеге асады.
Оның себебі түсінікті: Конституция – мемлекеттің негізгі ережелерін белгілейтін құжат. Егер оны кез келген саяси көпшілік оңай өзгерте берсе, мемлекеттік жүйенің тұрақтылығы әлсіреуі мүмкін.
Сондықтан әлем елдерінде арнайы талаптар белгіленеді. Мысалы, парламенттегі депутаттардың білікті көпшілігі қажет болуы, бірнеше рет дауыс беру, президенттің мақұлдауы немесе референдум өткізу қарастырылуы мүмкін.
Кейбір елдерде Конституцияның жекелеген баптарын өзгертуге тіпті тыйым салынған. Мысалы, кей мемлекеттер мемлекеттік құрылымның негізгі қағидаларын, азаматтардың базалық құқықтарын немесе аумақтық тұтастықты өзгермейтін норма ретінде бекітеді.
Қазақстанның тәжірибесі қандай?
Қазақстанда Конституцияны қабылдау мен оған өзгерістер енгізудің өзіндік тарихы бар. 1995 жылғы Конституция жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды.
Ал 2026 жылы Қазақстанда жаңа Конституция да республикалық референдум арқылы қабылданды. 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда жаңа Конституцияны сайлаушылардың 87,2 пайызы қолдаған, қатысу деңгейі 73,1 пайыз болған. Құжат 17 наурызда ресми түрде бекітілген.
Бұл Қазақстандағы Конституциялық өзгерістердің халықтың тікелей дауыс беруі арқылы жүзеге асырылатын модельдің маңызды мысалы екенін көрсетеді.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды