20 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы әлем чемпионатында жаңа жұлдыз жарқырады – Мексика құрамасының 16 жастағы жартылай қорғаушысы Гилберто Мора. Жас болса да, ол қазірдің өзінде ұлттық құраманың негізгі сапына шақырылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазіргі таңда Чилиде өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде көптеген талантты футболшылар өнер көрсетуде. Топтық кезеңдегі Мексика мен Испания арасындағы ойында Гилберто Мора дубль авторы атанып, бірден БАҚ пен жанкүйерлердің назарын өзіне аудартты.
Матч 2:2 есебімен тең аяқталды. Дегенмен жас ойыншының голдары әлеуметтік желілерде жанкүйерлердің таңданысын тудырды:
🤯🇲🇽 EL DOBLETE DE GILBERTO MORA ANTE ESPAÑA EN LOS ULTIMOS MINUTOS! 🔥
— All Fútbol MX 🇲🇽 (@AllFutbolMX) October 1, 2025
pic.twitter.com/5CmL1foJkw
Мексикалық вундеркиндтің ерекшелігі
Гилберто Мора Мексиканың «Тихуана» клубында ойнайды және 15 жасынан бастап негізгі құрамда өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар 16 жасқа дейін ол U20 құрамасында үш матч, ал ұлттық құрамада үш матч өткізіп үлгерді.
Transfermarkt порталы жас футболшыны 4,5 миллион еуроға бағалап отыр. Салыстыру үшін: қазақстандық Дастан Сәтпаев («Қайрат» ойыншысы, кейін «Челси» сатып алған) небәрі 1,8 миллион еуроға бағаланған.
18 жасқа дейінгі ең қымбат футболшылар кімдер:
Дей тұрғанмен Мора ең қымбат жас футболшылардың бестігіне кірмейді. Transfermarkt дерегінше, ол үздіктер рейтингінде 10-орында тұр.
Рио Нгумоа, 17 жас («Ливерпуль», Англия/Нигерия) – 10 млн еуро;
Франческо Камарда, 17 жас («Лечче», Италия) – 10 млн еуро;
Оскар Петушевский, 17 жас («Ягеллония», Польша) – 8 млн еуро;
Жорти Мокио, 17 жас («Аякс», Бельгия/Конго) – 8 млн еуро;
Натан Де Кат, 17 жас («Андерлехт», Бельгия) – 7 млн еуро;
Джереми Монга, 16 жас («Лестер», Англия) – 5 млн еуро;
Зе Лукас, 17 жас («Спорт Рефиси», Бразилия) – 5 млн еуро;
Онест Ааор, 17 жас («Аталанта», Нигерия) – 5 млн еуро;
Дро Фернандес, 17 жас («Барселона Б», Испания/Филиппин) – 5 млн еуро;
Гилберто Мора, 16 жас («Тихуана», Мексика) – 4,5 млн еуро.
Айта кетейік, әлемдегі ең қымбат жастар рейтингінде қазақстандық Дастан Сәтпаев 1,8 млн еуромен 24-орында тұр.