Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду футбол тарихында тағы бір жаңа белесті бағындырды. Ол әлем чемпионатының іріктеу ойындарындағы ең көп гол соққан ойыншы атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
14 қазан күні Венгрия құрамасына қарсы өткен кездесуде Роналду 22-ші және 45+3-минуттарда екі гол соғып, өзінің іріктеу кезеңдеріндегі голдар санын 41-ге жеткізді. Осылайша ол бұған дейінгі рекорд иесі, 2017 жылы мансабын аяқтаған Гватемала шабуылшысы Карлос Руисті (39 гол) басып озды.
Қазір 40 жастағы Роналду – футбол әлеміндегі ең атақты ойыншылардың бірі. Ол – Чемпиондар лигасының бес дүркін жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Ұлттар лигасының екі дүркін жеңімпазы, сондай-ақ ұлттық құрамалар тарихындағы, Еуропа чемпионаттарының, Чемпиондар лигасының және клубтық әлем біріншіліктерінің үздік сұрмергені.
Одан бөлек, Криштиану Роналду ресми матчтарда 900 голдан асырған алғашқы футболшы ретінде де тарихта қалды.