Александр Бублик Монпелье турнирінің ширек финалына жолдама алды

2 Ақпан, 05:22 793

Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұдан екі жыл бұрын осы жарыста үздік шыққан қазақстандық теннисші биыл доданың 2-ракеткасы болып тіркелген.

Турнирді екінші айналымнан бастаған Александр дүниежүзілік рейтингіде 137-орында тұрған канадалық Денис Шапаваловпен шеберлік байқасты.

Канадалық теннисші кезінде рейтингіде 10-орынға дейін көтерілген ойыншы еді. Сондықтан ойын аса тартысты өтіп, бірінші партияда Шаповалов шыдатпады – 6:1.

Екіншісінде тай-брейкте Бублик қарымта қайырды – 7:6 (14:12).Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 3:0. Ақыры матчты жеңіспен түйіндей алды – 6:3.

Александр Бублик жартылай финалға өту үшін отандасы, әлемнің 59-ракеткасы Александр Шевченко немесе рейтингіде 104-сатыдағы франциялық Грегуар Баррердің біреуімен кездеседі.

Перизат Саденова
Бөлісу: