Александр Бублик ATP рейтингінде жеке рекордын жаңартты

Александр Бублик ATP рейтингінде жеке рекордын жаңартты

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жариялаған жаңартылған рейтингте өзінің мансабындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Парижде өткен Masters 1000 турнирінде алғаш рет жартылай финалға шыққан қазақстандық спортшы әлемдік рейтингте үш сатыға көтеріліп, 13-орынға жайғасты. Бұл - Бубликтің кәсіби мансабындағы жеке рекорды.

Тағы бір қазақстандық теннисші Александр Шевченко да өз позициясын жақсартып, 99-орыннан 97-орынға көтерілді.

ATP рейтингінің көшбасында өзгеріс орын алды: Париж турнирінің финалында канадалық Феликс Оже-Альяссимді жеңген италиялық Янник Синнер испаниялық Карлос Алькарасты басып озып, бірінші орынға қайта шықты. Ал неміс теннисшісі Александр Зверев үздік үштікті түйіндеді.

Бублик осы аптада Францияның Метц қаласында өтетін ATP 250 санатындағы жарысқа қатысады. Турнирдің үшінші ракеткасы ретінде тіркелген ол алғашқы айналымнан босатылып, жарысты екінші кезеңнен бастайды.

Айта кетсек, Метц додасында бірінші нөмірлі спортшы Феликс Оже-Альяссим жарақатына байланысты қатыспайтынын хабарлаған. Қазір ол ATP чемпиондық кестесінде 8-орында, әрі Туринде өтетін маусым қорытындысы турниріне қатысуға үміткерлер қатарында. Дегенмен, егер Лоренцо Музетти Грекияның Афины қаласындағы турнирде жеңімпаз атанса, канадалық спортшыны рейтингте ығыстырып, Туринге жолдама алады.

Әйелдер арасындағы (WTA) жаңартылған рейтингте Елена Рыбакина өз орнын сақтап, әлемнің 6-ракеткасы мәртебесін қорғап қалды. Юлия Путинцева екі саты жоғарылап, 73-орынға көтерілді.

Жұптық сында Анна Данилина бұрынғыша 13-сатыда, ал Жібек Құламбаева 134-орыннан 132-орынға көтерілді. Юлия Путинцева 105-орынға түсті.

Бүгін Елена Рыбакина Эр-Риядта өтіп жатқан жылдың қорытынды турнирінде әлемнің 2-ракеткасы, польшалық Ига Швёнтекпен кездеседі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Рыбакина WTA қорытынды турнирінде әлемнің 4-нөмірлі теннисшісін айқын басымдықпен жеңген болатын. Ал Александр Бублик Париждегі турнирдің финалына бір қадам жетпей тоқтаған еді.