Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты

30 Тамыз 2022, 10:30 1348

А.Бублик бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 72-орында тұрған франциялық Юго Гастонмен өткізді

Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды El.kz.

А.Бублик бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 72-орында тұрған франциялық Юго Гастонмен өткізді.

Қазақстандық теннисші 6:4, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Бір сағат 46 минутқа созылған матч барысында Бублик 13 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Гастон 1 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

А.Бублик екінші айналымда әлемнің 15-ракеткасы, испаниялық Пабло Карреньо-Бустамен шеберлік байқасады. Ол аустриялық Доминик Тимді жолдан тайдырды – 7:5, 6:1, 5:7, 6:3.

Жүлде қоры 60 млн АҚШ долларына бағаланған «Үлкен дулыға» турнирі 11 қыркүйекке мәреге жетеді.

Өткен жылы финалда сербиялық Новак Джоковичті ұтқан ресейлік Даниил Медведев жеңімпаз атанған болатын.

Әйелдер арасында АҚШ ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева сынға түседі.


Бөлісу: