«Алдар көсе» фильмінің реставрацияланған нұсқасы кинофестивальде көрсетіледі

22 Қараша, 02:35 388

Қарашаның соңғы аптасында Алматы XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы фестиваль қазақстандық киноның айтулы мерейтойларымен ерекшеленеді. Қазақ киносының жарық жұлдызы Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойы, сондай-ақ «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының 90 жылдығы және киностудияға Айманов есімінің берілгеніне 40 жыл толып отыр. 

Бұл жыл біз үшін ерекше маңызға ие. «Еуразия» кинофестивалі ұзақ үзілістен кейін қайта жанданып, жаңа белеске қадам басып отыр. Сонымен қатар, біз биыл Шәкен Аймановтың мәдени мұрасын дәріптеп, қазақ киносының байлығын әлемге танытуды көздейміз. Оның фильмдері көптеген буындарға шабыт берді. «Қазақфильм» киностудиясының қайта жаңғыруы да осыны айқындай түседі, - деді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы президентінің міндетін атқарушы, фестиваль директоры Айдар Омаров.

Фестивальдің ең басты шаралараның бірі – Шәкен Аймановтың 1964 жылы түсірілген «Алдар көсе» фильмінің реставрацияланған нұсқасы көрсетіледі. Бұл туынды ұлттық мәдениетке деген құрметтің ерекше белгісі ретінде ұсынылады. Фестивальдің бағдарламалық директоры Диана Әшімова картинаның реставрацияланған нұсқасын көрермен назарына ұсыну арқылы қазақ кинематографиясының байлығын жаңа сапада көрсетуді мақсат еткенін жеткізді.

Фестиваль бағдарламсында халықаралық байқау, Орталық Азия мен түркі әлемі елдерінің фильмдер байқауы өтеді. Сонымен қатар іскерлік алаңдардың жұмысы да қыза түспек.

Фестиваль тек байқаулық көрсетілімдермен шектелмейді. Байқаудан тыс бағдарламалар, шеберлік сабақтары, премьералар және киноиндустрия мамандары үшін ерекше тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігін беретін іскерлік алаңдар ұйымдастырылады. Барлық іс-шаралар Алматының заманауи кинотеатрларының бірі – Kinopark 11 IMAX Esentai-де өтеді, ал іскерлік кездесулер Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өткізіледі, - деп атап өтті кинофестивальдің іскерлік алаңының жетекшісі Кәрім Қадырбаев.

Фестивальдің негізгі мақсаты – мәдени байланысты дамыту, қазақ киносының жаңа есімдерін ашу және ұлттық мұраны дәріптеу болып табылады. 

Перизат Саденова
Бөлісу: