Көлік министрі Марат Қарабаев Мәжілістің үкімет сағатында алдағы үш жылда тағы 257 локомотив жеткізілетінін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министр шет ел аумағында терминалдарды қалыптастыру мәселесімен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы айналысып жатқанын, бұл компанияның ел ішінде де шешілуді талап ететін өзекті мәселелері барын айтты.
Олардың бірі – жеткілікті локомотив паркін жасақтау. Қазіргі уақытта парк 1 мың 807 бірліктен тұрады. Тозу деңгейі – 61%. 2022-2023 жылдары локомотивтердің жетіспеушілік фактілері болды. Олардың қажетті санын қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 113 және биыл 185 локомотив сатып алынды (173 бірлік жеткізілді, жыл соңына дейін 12 бірлік жеткізу жоспарлануда). Алдағы үш жылда тағы 257 локомотив жеткізіледі, бұл тапшылықты толығымен жоюға және тозу деңгейін 61%-дан 44%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, – деді Марат Қарабаев.
Көлік министрінің сөзінше, Қазақстан темір жолы тарапынан 3 мың ашық вагон және 2 мың платформа қосымша сатып алынып жатыр.
Бұл ретте нарықта 300-ден аса жеке оператор бар, олардың балансында 140 мыңға жуық жүк вагондары жұмыс жасайды және бұл парк қажетті тасымалды толық қамтамасыз етуге жеткілікті, – дейді министр.