11.11.2024
13:13
1700
Алдағы күндері 25 градус аяз күтіледі

Алдағы күндері 25 градус аяз күтіледі

«Қазгидромет» РМК мамандары алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Синоптиктер республиканың барлық дерлік аумағында ауа-райының тұрақсыз сипаты сақталатынын мәлімдеді.  

Қазақстанның оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында қар мен жаңбыр түрінде жауын-шашын болжанады. Елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында қарлы бұрқасын, көктайғақ құбылыстары, елдің басым бөлігінде екпінді жел күтіледі. 12 қарашада Шығыс Қазақстан облысында, 12-13 қарашада республиканың оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қатты қар, 13 қарашада Қазақстанның оңтүстігінде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жаууы болжанады. Тек батысында, 14 қарашада елдің оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа-райы күтіледі, - делінген хабарламада.

Батыс облыстарында ауа температурасы түнде 0-11 аяз, күндіз +3-8 аралығында болады. Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығындағы өңірлерде түнде 8-18-ден 3-15 аяз болады. Күндіз 5-12-ден 0-8 аяз күтіледі. Республиканың шығысында 13 қарашада ауа температурасы түнде 10-25 аяз, күндіз 5-16 аяз болжанып отыр.

14 қарашада түнде 7-20 аяз, күндіз 2-13 аяз, елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында ауа температурасының біртіндеп төмендеуі болжанады, түнде 6 градус жылудан - 6 градус аяз, 1-10 аязға дейін, күндіз 3 градус аяз - 5 градус  жылы болады.