Павлодар облысында алаяқтардың қармағына түкен Ақсу қаласының тұрғыны 15 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жәбірленушінің айтуынша, WhatsApp мессенджері арқылы өзімен бірге жұмыс істейтін зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағасынан хабарлама келген. Онда белгісіз адамдар оның атыма несие рәсімдегені жазылған.
Бір минуттан кейін маған Ұлттық банктің қызметкерлері қоңырау шалып, қолма-қол ақшаны қамтамасыз ету үшін оларды шұғыл түрде алып, шоттарға аударуым керек деп сендірді. Мен олардың айтулары бойынша екі банктің депозитінен ақшаны алып, сондай-ақ басқа банктен несие рәсімдеп, берілген түрлі шоттарға аудардым. Барлық талаптарды орындағаннан кейін ғана алаяқтардың қолына түскенімді біліп, бірден полицияға хабарластым, - деді алданған әйел.
Осылайша ақсулық тұрғын әп-сәтте 15 млн 257 мың теңгесінен айырылған. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықталуда.
Осы ретте полицейлер ақшаға қатысты кез келген ұсыныстарды сыни тұрғыдан қабылдауды және маңызды қаржылық шешімдер қабылдауға асығыстық танытпауды ескертеді. Сонымен қатар бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, соның ішінде жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін айтпаңыз немесе жібермеңіз.