Алаяқтар шымкенттіктерге жоқ брендтік заттарды сатқан

13 Қараша, 15:16 352

Шымкенттіктерге жоқ брендтік заттарды млн теңгеге сатқан алаяқтар ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция 22 жастағы тараздық тұрғынды және оның Алматы мен Шымкенттегі екі досын ұстады. Олар әлеуметтік желіде брендтік аяқ киім мен сөмкелер сататын жалған интернет-дүкен ашып, түпнұсқа тауарлардың фотосуреттерін жүктеп жариялап отырған.

Сатып алушыларға жеткізу шарттарын түсіндіріп, төлемді аударым жасау арқылы немесе қашықтықта төлеу шотын жіберу арқылы алған. Брендтік затын ұзақ күтіп, сол күйі ала алмаған тапсырыс берушілер полицияға арызданған. Бірнеше рет жасалған алаяқтық бойынша қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды, - делінген мәліметте.

«Киберпол» бөлімінде онлайн-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккендер еліміздің барлық аймағында болуы мүмкін екені айтылды.

Полиция алаяқтарға алданып қалмас үшін сақтық шараларын ұстануға шақырады:

- онлайн сатып алу кезде тауарды қолға алғаннан кейін төлем жасау туралы келісуге тырысыңыз;

- бейнеқоңырау арқылы тауардың бар-жоғын тексеріңіз;

- ешқашан жеке деректеріңізді және банк карталарының кодтарын бейтаныс адамдарға жолдамаңыз.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: