Алаяқтар ақмолалық тұрғынға 7,5 млн теңге несие ресімдеткен

18 Шілде, 02:38 1733

Степногорск қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғынға қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қылмыскерлер ер адамды алдау үшін бүтін бір жоспарды ойлап тапқан. Жәбірленушіге алдымен өздерін қалалық әкімдіктің лауазымды адамы деп таныстырды, содан кейін өздерін күш ведомствосының қызметкерлері және Ұлттық банктің қызметкерлері деп атаған белгісіз адамдардан қоңыраулар түсе бастады.

Олар Степногорск қаласының барлық банктерінде жәбірленушінің атына онлайн несиелер ресімделгендігін, бірақ егер өтініш беруші несие ресімдеп, ақшаны оларға аударса, заңсыз әрекеттердің алдын алуға болады деген. Сонымен қатар алаяқтар ер адамды қауіпсіздік күштерінің арнайы операциясына қатысатынына және бұл туралы ешкімге айтпауға сендірді.

Қоңырау шалушыларға сеніп, ақмолалық барлық шарттарды орындап, жеке өзі 4,5 миллион теңгеге несие рәсімдеп, қолма-қол ақша алып, кейін алаяқтар көрсеткен шоттарға аударды. Алайда алаяқтардың сенім ұялатқаны соншалық, ер адам сол күні 3 млн теңгеге тағы бір несие рәсімдеді.

Өтініш берушінің өзі тағы да бірнеше банкке барды, алайда оған несие беруден бас тартылды. Кейіннен ақмолалық 7,5 миллион теңгені әртүрлі сомамен 20-дан астам түрлі банктік шоттарға аударды. Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.


Перизат Саденова
Бөлісу: