Ақмола облысының Степногорск қаласында алаяқтар өзін Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, жергілікті тұрғынды несие арқылы алған ірі соманы аударуға мәжбүрлеген. Бұл туралы Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қылмыскерлер алдымен жәбірленушіге "Қазпоштадан тауар жеткізіледі" деген сылтаумен хабарласып, кейін 1414 қысқа нөмірінен келген SMS-кодты сұрап алған.
Кейін іске Ұлттық банктің "Төлемдер департаменті" қызметкерлері ретінде таныстырылған жалған тұлғалар араласқан. Олар азаматқа оның атына бірнеше несие рәсімделгенін, оларды дереу жою қажет екенін айтып, сендірген. Нәтижесінде тұрғын жалпы сомасы 3,5 миллион теңгеден асатын 7 несиеге келісім беріп, барлық қаражатты алаяқтардың шотына аударған. Бұдан бөлек, ол жеке жинағынан тағы 700 мың теңгеден астам қаражатты да жіберіп қойған.
Бірнеше күн өткен соң жәбірленуші полицияға жүгінді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, – деп мәлімдеді Полиция департаментінің өкілдері.
Құзырлы орган өкілдері азаматтарды бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сақ болуға шақырады. Ешбір жағдайда банк картасының деректерін немесе SMS-кодтарды үшінші тұлғаларға жарияламау керек.
Айта кетейік, бұл өңірде алаяқтардың құрбанына айналғандар саны азаймай отыр. Күн сайын ірі көлемде қаржылық алаяқтық деректері тіркелуде.
Сонымен қатар, тағы бір жағдайда автокөлік сатып алмақ болған Ақмола тұрғыны да интернет алаяқтарының арбауына түсіп, ақшасынан айырылған.